Өзекті

Алан Әжібаев: Жаңа маусымдағы жаңа трендтер

Алан Ажибаев, Хабар Агенттігінің Төрағасы Алан Ажибаев, Хабар Агенттігінің Төрағасы egemen.kz

Қыркүйек айы балалардың мектепке баратын кезі ғана емес, телеарналар үшін жаңа маусымның басталуымен де ерекше. Дәл осы кезде көрермендерді жаңа жобалар, қызықты бағдарламалар, тың туындылар күтеді. Осыған орай біз таяуда ғана «Хабар» Агенттігіне төраға болып тағайындалған Алан Әжібаевпен сұхбаттасқан едік.

– Алан Ғазизұлы, жаңа маусымдарыңыз құтты болсын! Күзгі маусымға бөлек тоқталамыз. Бірінші сұрағым «Junior Eurovision 2018» байқауына қатысты. Осы жылы Қазақстан тұңғыш рет аталған байқауда бағын сынап көреді. Келіссөздер қалай жүрді? Еліміз үшін мұндай байқаулардың қаншалықты маңызы бар?

– «Хабар» Агенттігі – 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауын ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі. Бұл бізге аталған байқауға өз мемлекетіміздің атынан үміткерімізді ұсынуға мүмкіндік берді. Сол уақыттан бастап келіссөздер жүргізіліп келді. Осы жылдың маусым айында ұйымдастырушылар рұқсатын берген соң, Қазақстанның атынан өнер көрсететін баланы іздеуге кірістік. Бір ай бойы (1-31 тамыз аралығында) khabar.kz сайты («Хабар» телеарнасының ресми сайты) арқылы қатысушылардың өтінімдері қабылданған болатын. Шамамен 200-ге жуық өтінімнен талапқа сай келетін 134-і 11 адамнан құралған әділқазылар алқасына ұсынылды. Әділқазылар құрамында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Мейрамбек Беспаев, Тамара Асар, Бағым Мұхитденова, Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас, Ренат Гайсин, Ләйлә Сұлтанқызы, Мәдина Садуақасова, Димаш Құдайбергенов сынды музыка саласының майталмандары болды. Қазылар «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, еліміздің намысын халықаралық сахнада қорғай алатын талантты деген он баланы іріктеп алған еді. Олар 22 қыркүйек күні «Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде өздерінің әндерімен өнер көрсетті.

Ұлттық іріктеудегі әр баланың бойында Минск қаласында өнер көрсетуге лайықты талант болды. Алайда қазылар алқасы мен көрермендердің шешімі бойынша 12 жасар Данэлия Тулешова жеңімпаз атанды. Көрермендер телефонмен хабарласу немесе SMS жолдау арқылы дауыс берген болатын. Қазылар алқасы Мейіржан Жидебайға бірінші орынды, ал екінші орынды Данэлияға берген еді. Көрермендер болса, Данэлияға көбірек дауыс беріп, ол қарсыластарын басып озды.

Сайыста Данэлия «Өзіңе сен» (Seize the Time) деп аталатын жаңа туындысын орындады. Әнін Иван Лопухов, сөзін Камила Даирова мен Артем Кузьменков жазған. Бұл туынды 60% қазақ тілінде, қалған 40%-ы ағылшын тілінде орындалады. Алдағы 25 қарашада Минск қаласында өтетін сайыста да Данэлия дәл осы шығарманы орындайды. Қазіргі уақытта дайындықты бастап кеттік. Бұл жауапкершілігі мол байқау болғандықтан, Данэлияның сахналық образы, өзін ұстауы, әртістік қабілеті, жүріс-тұрысы да маңызды. Сонымен қатар психологиялық дайындығын да ескеру керек. Біз бұл дүбірлі додаға алғаш рет қатысамыз, сондықтан аталған байқау – мемлекетіміз үшін де, жас әнші үшін де үлкен тәжірибе. Ол жеңсе де, жеңбесе де, осы сайысқа қатысып, өнер көрсеткенінің өзі жетістік деп білеміз.

Еліміз үшін маңызына тоқталар болсақ, мұндай халықаралық жобалар мемлекетімізді танытудың бірден-бір құралы. Мұны Димаш Құдайбергенов пен Данэлияның өзі қатысқан жобалар дәлелдеді. Бұл – музыкалық саламыздың дамуы, мыңжылдық рухани, мәдени өміріміз бен ән дәстүрімізді таныту, сонымен бірге мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделін, имиджін одан әрі нығайта түсу, жастардың шет мемлекеттегі әріптестерімен тәжірибе алмасуы. Сондықтан өте маңызды.

– Жаңа маусымнан бастап қорытынды жаңалықтардың уақыты өзгеріп, бұрынғы жүргізушілер қайтып келді. Бұл немен байланысты?

– Дұрыс айтасыз, жаңа маусымнан бастап көрермендер кешкі сағат 20:00-ден бастап 21:30-ға дейін ақпараттық-сараптамалық жобаларды тамашалауда. Біз аудиторияға қолайлы болу үшін қорытынды жаңалықтардың уақытын 19:00-ден 20:00-ге ауыстырдық. Сонымен қатар «Хабар» телеарнасында ұзақ жылдар жұмыс істеген майталман тележүргізушілер де қайта оралды. Зейін Әліпбек, Марат Мұхамедсалиев жаңалықтар эфирінің ажарын аша түскендей. Олардың оралғанын естіген халық әлеуметтік желілер арқылы бізге күн сайын жақсы пікірлерін білдіріп жатыр. Сондықтан оң шешім болғанына көзіміз анық жетті.

Жыл басынан бастап «Хабар» телеарнасында күндізгі жаңалықтар эфирге шығып жатыр. Біз ең өзекті, еліміздің саяси, экономикалық өміріндегі маңызды оқиғаларды бірінші болып жан-жақты жеткізудеміз. Бүгінгі таңда 16 аймақта елуден аса тілшіміз күннің басты ақпараттарын саралап, егжей-тегжейлі зерттеуде. Елбасының тапсырысымен құрылған Түркістан облысынан тікелей қосылымдар, қызықты материалдар мен танымдық сюжеттер әзірленуде.

10 қыркүйектен бастап қорытынды жаңалықтардан кейін 20:30-да «Online» ток-шоуы көрерменге жол тартты. Жүргізушісі – Ерлан Игісінов. Аптасына 3 рет шығатын тікелей эфирдегі бағдарламаға қоғамдағы өзекті мәселелер арқау болуда. Мәселен, бірінші эфирде Қазақстандағы білім беру жүйесі талқыға салынып, студияға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев келді. Сондай-ақ «7-20-25» бағдарламасы да студияда сөз болып, көкейдегі сауалдарға жауап алынды. Көрермендер сұрақтарын әлеуметтік желілер, WhatsApp және тікелей студияға хабарласу арқылы қоя алады.

– Теледидардан «Топжарған» деп аталатын жаңа вокалдық шоудың анонсын көрдік. Бұл жобаның ерекшелігі қандай? Неліктен таңдау осы жобаға түсті? Яғни бізде вокалдық шоулар көп қой...

– «The Final Four» жобасы израильдік Armoza Formats компаниясына тиесілі. Қазіргі таңда әлемнің жүздеген мемлекетінде жарық көруде. Өткен жылы АҚШ-та «The Four: Battle for Stardom», сондай-ақ Ресейде «Успех» деген атаумен шықты.

Қазіргі таңда интернеттің көмегімен танымал болып жатқан қаншама таланттарымыз бар. Оларға продюсер де, қолдаушы да қажет емес, бастысы дарының болса болғаны. Біздің алаң да дәл осы жандарға арналған. Шоудың ережесі бойынша төрт қатысушы анықталып, олар ерекше дауысын, әртістік қабілетін, дарынын дәлелдеуі керек. Бағдарламаның басты ерекшелігі де осы, байқаудың финалистері бірінші күннен белгілі болады. Алайда апта сайын жаңа қатысушылар келіп, финалистерді жекпе-жекке шақырып, орнынан ысырып тастауы мүмкін. Яғни алғашқы төрттіктің финалға жету-жетпеуі өздерінің қарым-қабілетіне байланысты.

Жобаның қазылар алқасының құрамында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, композитор әрі продюсер Ренат Гайсин және жас рэппер Baller бар. Сондықтан кез келген жастағы көрерменге қызық болады деп ойлаймын. Оның үстіне бағдарламаны халықтың сүйікті әншісі Мәдина Сәдуақасова жүргізеді. Бұл да хабардың ажарын аша түседі деген сенімдемін.

Камшат Жолдыбаева и Еркебулан Даиров

– Жаңа маусымда тағы қандай жобалар күтілуде?

– «Хабар» қашанда көрермендеріне ең үздігін ұсынып келеді. Жыл сайын жаңа жобалардың саны артып, сапасы жақсара түсуде. Осы маусымда «Давайте говорить» ток-шоуын қалың көрерменнің сүйікті жүргізушісі Айгүл Мүкей тізгіндеді. Айгүл ханым – «журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен» адам, тәжірибелі журналист. Сондықтан қоғамдағы өзекті мәселелерді ортаға салатын бағдарламаға бірден жараса кеткендей көрінді. Сонымен қатар үшінші жыл «Біздің назарда» және «Білу маңызды» деп аталатын жобаларымыз жалғасын табуда. Аталған хабарлар бірінші кезекте көрерменнің сұранысына жауап береді. Журналистер әр мәселеге жіті тоқталып, жан-жақты зерттейді. Қордаланған проблемалардың шешімін табуда.

Сондай-ақ көрерменнің сұранысы бойынша «Миллион кімге бұйырады?» интеллектуалдық ойыны қазақ тілінде шығып жатыр. Жүргізушісі – Досымбек Өтеғалиев. Өздеріңіз білетіндей, былтырғы жылдан бастап жобаның ұтысы екі еселеніп, жүлде қоры 10 млн теңгеге жетті. Бағдарламаға 18 жасқа толған кез келген азамат қатыса алады. Өткен жылы бір адам 10 млн теңге ұтып алды. Бұл аз ақша емес, көрерменіміздің қажетіне жарады деген сенімдемін. Тағы осы жылы интеллектуалдық сеткамызға «Зерде» деп алататын орыс тіліндегі жоба қосылды. Британияның ең әйгілі хабарларының бірі. Эфирге шыққанына 46 жыл болған. Осы уақыт аралығында бағдарлама Жаңа Зеландия, Аустралия, Түркия, Үндістан, Ресей және өзге де мемлекеттерде жарық көріп, көрермен тарапынан жақсы қабылданды. Ағылшын тіліндегі атау «Mastermind». Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі сол қатысушы азаматтардың барлығы білімді, нағыз интелектуалдар. Олар ойын барысында өздері таңдаған тақырып бойынша күрделі сауалдарға жауап береді. Мұның өзге ойындардан ерекшелігі – ұтыс (қаржы) жоқ, қатысушылар өздерінің білімін тексеруге келеді. Жобаны актер әрі режиссер Бөпеш Жандаев жүргізеді. Айта кетейін, алғашқы эфирі 30 қыркүйекте өтті. Қатысамын деушілер болса khabar.kz сайтына кіріп тіркелсе болады.

Мұнымен біздің ұсыныстарымыз бітпейді. «Қызық Times», «Таңғы Хабар», «Ана мен бала» жобалары жаңа маусымда жаңа леппен шығып жатыр. Сондай-ақ сенбі-жексенбі күндері елімізге белгілі өнер иелерінің концерттік бағдарламалары, қоғам қайраткерлерінің өмір жолы туралы деректі фильмдер, маңызды спорттық шаралар, әлемдік прокаттағы ең үздік фильмдер, саяси оқиғалардан тікелей қосылымдарды да тамашалайды.

– Соңғы жылдары отандық телеарналарымыз өзіміздің сериалдарды көптеп ұсынып келеді. Көрермендер қалай қабылдауда, сұраныс бар ма?

– Әрине, сұраныс болмаса түсірілмес еді деп ойлаймын. Қазіргі уақытта қазақ тілді аудиторияда отандық сериалдарға сұраныс артты. Мәселен, «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Ән-Аға», «Мезгілсіз махаббат», «Ана жүрегі» сынды телехикаяларымыздың көрсеткіштері өте жақсы болды. Сонымен қатар «Өз үйім» деп аталатын отандық эстрада жұлдыздарымен түсірген туындымыздың YouTube әлеуметтік желісінде миллионға жуық қаралымы бар, пікірлер де жақсы, көрермендер жалғасын күтуде. Сондықтан осы жылы екінші маусымын жоспарлап жатырмыз.

Жалпы «Хабар» Агенттігі жыл сайын 191 бөлімнен тұратын сан алуан жанрдағы телесериалдарды ұсынып келеді. Олардың арасында ұлттық дәстүрімізді ұлықтайтын, тамыры терең тарихымыздан сыр шертетін драмалар, ұлы тұлғаларымыздың ғұмырын суреттейтін көркем фильмдер, детектив жанрындағы шытырман оқиғаларға толы туындылар, жастарымыз үшін романтикалық телехикаялар бар. Жаңа маусымды «Тағы да сүй» деп аталатын комедиялық картинамен бастадық. Алдағы уақытта режиссер Серікбол Өтепбергеннің «Детектив әже» деп аталатын комедиясы көрермен назарына ұсынылады. Бұл немересімен бірге сан алуан қылмысты зерттеуге кіріскен әженің қызыққа толы хикаяларынан сыр шертеді. Басты рөлді «Тоғысқан тағдырлар» сериалынан жақсы таныс, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінәбиева сомдайды. Сондай-ақ Нияз Шайсұлтанов, Мұрат Нұрасылов, Нұржан Дәулетов сынды актерлерді көресіздер.

Қазан айында «Аға» және «Қарлығаш ұя салғанда» картиналарын эфирге шығарамыз. Бұл екі телехикаяда отбасылық құндылықтар, туыстар арасындағы қатынас, мейірімділік пен жігерлілік суреттеледі. «Қар­лығаш ұя салғанда» туындысында танымал әнші әрі актриса Камшат Жолдыбаева және актер Еркебұлан Дайыров басты рөлдерді сомдайды. Сонымен қатар «Жалғыз жауқазын», «Бөрі», «Біздің қаламгер», «Шашу» сынды телесериалдар да көрермен назарына ұсынылады.

Тағы да айта кеткім келетін жайт, «Хабар» арнасы әлемдік деңгейдегі қызықты деректі фильмдерді сатып алды. Көрермендерімізге әр жексенбі күні қазақ тілінде «Таңғажайып әлем», «Шебер аспаз», «Жаратылыс. Адамзат тарихына саяхат», «Марс» деп аталатын «National Geographic» түсірген туындыларды ұсынып жатырмыз.

Сондай-ақ «Хабар» Агенттігі былтырдан бері «Батырлар жолы» деп аталатын тарихи көркем фильм түсіріп жатыр. Қоюшы режиссері Асқар Ұзабаев. Аталмыш картинада Қарасай батырдың өмірі, Қазақ даласының басынан өткен қиын-қыстау кезеңі суреттеледі. Оқиғада ұлан-ғайыр өлкемізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батырларымыздың ерлігі, ел басына күн туған заманда көрсеткен қайсарлығы, халықтың рухы, мемлекет тұтастығының маңызы, өзара тартыстың соңы жақсылыққа алып бармайтындығы сөз болады. Бұл картина арқылы тарихымызға тереңірек үңіліп, ата-бабамыздың ұлы даламыздың әр пұшпағы үшін күресін көріп, өткенге ораламыз.

Бұл жобаға түсірілім тобы жан-жақты әрі тыңғылықты дайындалды. Тарихшылармен кеңесіп, сол заманды шынайы көрсету үшін әр декорация мен локация ұзақ таңдалды. Төбелес сахналарын сомдауға Жайдарбек Күнғожинов бастаған қазақстандық каскадерлер қатысты. Сондықтан ол өскелең ұрпаққа берері мол дүние болады деген үміттеміз.

Газиза Абдинабиева, Ниязбек Шайсултанов

Актерлер құрамы да жақсы жасақталған. Бас­ты рөлдерді Назар Сұлтанов, Әшім Ахметов, Жандос Айбасов, Ержан Нұрымбет, Алдабек Шалбаев, Айдос Бектемір, Мөлдір Мекенбай сынды актерлер ойнайды. Сонымен қатар 71-ші Канн кинофестивалінде «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алған Самал Еслямованы Қарасай батырдың анасы образында көресіздер.

– Көркем фильм деп қалдыңыз, яғни бұл туындыны кинотеатрлардан көреміз бе?

– Жыл басынан бастап «Хабар» Агенттігі кейбір туындыларды үлкен экрандарда көрсетуде. Сондықтан күтіңіздер.

Айтпақшы, біз Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы телехикая түсіріп жатырмыз, алдағы уақытта ұсынамыз.

– Ал Агенттіктің басқа арналарында қандай өзгерістер орын алып жатыр?

– «Хабар» арнасынан бөлек, біздің Агенттікте үш телеарна бар. «Хабар 24» телеарнасы жаңа маусымнан бастап жаңалықтар 20 минут немесе 30 минут шығу керек деген форматынан, түсініктен бас тартып, жаңалықтар марафонын жасап жатыр, яғни тоқтаусыз бір сағат жаңалықтар таратамыз. Ақпаратты шынайы әрі оқиға орнынан дер кезінде беру үшін live-құралдар көбейді. Мысалы stream таралым үшін терезелер, сарапшылармен тікелей эфирде сұхбаттар, бірнеше спикермен бір уақытта сұхбат жасауға арнайы мүмкіндіктер жасалды. Жүргізушілер тек диктор ғана емес, өз эфирінің модераторына айналды. «Хабар 24» таңы 4 сағатқа жалғасатын жаңалықтар марафонымен басталып, кешкі сарапшылар пікірі берілетін марафонмен жалғасын табады. Сонымен қатар жаңа маусымда бірнеше қызықты да маңызды бағдарламалар эфирге шығып жатыр: «Тұтынушы таңдауы», «Байыбына бар­сақ», «Ерекше көзқарас», «Кино­бизнес», «Overtime» және басқа­лары бар. «Тұтынушы таңдауы» бағдарламасының шығармашылық ұжымы апта сайын қазақстандық тауарлардың сапасымен танысады, құндылығы мен маңызына тоқталады. Ал «Байыбына барсақ» жобасының журналистері ең өзекті тақырыптарды зерттеп, түйінін шешуге тырысады. Футболсүйер қауым «Overtime» бағдарламасынан ең қызықты ойындар, сұхбаттар мен сюжеттер тамашалайды.

«Ел Арна» телеарнасы жаңа маусымнан бастап көрермендеріне ыңғайлы болуы үшін, эфирлік сеткасын ауыстырды. Енді күндізгі он екіден кешкі алтыға дейін отандық телехикаялар, ал кешкі алтыдан түнгі он екіге дейін үш көркем фильм ұсынады. Сонымен қатар алғаш рет арна эфирінде Түркі әлемі және Орталық Азия мемлекеттерінің «алтын қорында» сақталған фильмдер қазақ тілінде көрсетіледі. 1 қазаннан бастап апта сайын белгілі бір мемлекеттің туындыларын тамашалайсыздар. Мысалы бірінші апта тәжік киносының апталығы болады. Көрермендер Тәжікстанның классикалық картиналарын кешкі уақытта көре алады.

Ал жаңа маусымның тың жобаларының бірі – «Ашық көрсетілім» бағдарламасы. Мұнда кинематография корифейлері, танымал актерлер, жас режиссерлер мен актерлер, жазушылар мен сценаристер бір алаңда кездесіп, киноленталардың жасалу тарихы, кейіпкерлер мен авторлардың тағдыры, кадрдан тыс қалған дүниелерді, жалпы, белгілі фильмдердің беймәлім тұстарын паш етеді. Көрермендермен тілдесіп, қызықты мәліметтер ұсынады.

– «Хабар» Агенттігінің өнімдерін шетелге тарату және шетелдік әріптестермен қоян-қолтық жұмыс істеу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқанын білеміз. Бұл келісімдер қай деңгейде?

– «Euronews» және «CCTV» ынтымағымыз нығайа түсті, Польшаның «TVP» орталық телевизиясымен және Беларусь елінің Республикалық телерадиокомпаниясымен келісімге келдік. «Euronews»-тік әріптестеріміз таяуда ғана келіп шеберлік сыныптарын өткізіп кетті. Біздің журналистеріміз бен қызметкерлеріміз Түркияның «ТRT» арнасына барып тәжірибе алмасып келді. Сонымен қатар біздің арналарымыз түсірген телеөнімдер жер шарының түкпір-түкпіріндегі көрермен үшін қолжетімді бола түсті. Өткен жылдың маусым айында телевизия саласында контент алмасу бойынша Қазақстан мен Қытай елдері арасында келісім жасалды. Аталған келісімге сәйкес қазақстандық және қытайлық тараптар серіктестер өндірген тележобаларды өз эфирлерінен көрсетуге келісті. Сондай-ақ Сингапурдың «Silver Wolf International» халықаралық компаниясымен «Хабар» Агенттігінің телеөнімдерін дистрибуциялау бойынша келісім жасалды. Оған сәйкес Агенттік жобаларын Азияның 9 мемлекеті тамашалайды.

Ұлы Даламыздың бай табиғаты мен мәдениеті, тарихы мен қонақжайлылығы туралы деректі фильмдер, Бауыржан Момышұлы және Күләш Байсейітова сынды белгілі тұлғаларымыз жөніндегі биографиялық фильмдер мен сериалдарды Ресей, Моңғолия, Малайзия және Қытай мемлекеттерінің азаматтары тамашалап үлгерді.

Осы сынды жұмыстар әрі қарай жалғасын таба береді. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жалпы, жаңа маусымда ұсынарымыз мол.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Гүлнұр ДОСБОЛ

Суреттерде: Алан Әжібаев; «Қарлығаш ұя салғанда» сериалы; «Детектив әже» комедиясы

Ақпарат көзі: egemen.kz

Last modified on