Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігінің жаңа телевизиялық күзгі маусымының тұсаукесері өтті

Салтанатты шараға келген қонақтар қызықты әрі тың жобалармен танысып қана қоймай, арнамызды 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Бұл жолғы жаңа телевизиялық күзгі маусымының тұсаукесері әдеттегіден өзгеше. «Хабар» Агенттігінің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт аралығында арнамыз тың жобаларымен көрерменнің жүрегіне жол тауып, ақпарат әлемінің көшбасынан көріне білді. «Хабардың» негізін қалаған Дариға Назарбаева жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, салтанатты шараға арнайы келіп, арнаның ел мақтанышы болып қала беруіне шынайы тілектестігін жеткізді.

Дариға Назарбаева, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары 

-Мен үшін өте ерекше салтанат. Жыл деген бір күндей өтіп кетті. Қазақстанның бақыты, елдің тыныштығы сіздердің қолдарыңызда. Оны әрқашан да естеріңізге түсіріп жүріңіздер. Біздің «Хабар» әрқашан да елдің мақтанышы болсын! 

«Хабардың» 20 жылдығына арнайы жасалған төсбелгілер Дариға Нұрсұлтанқызы мен арнамыздың өркендеуіне үлес қосқан өзге де жандарға табыс етілді. 

Салтанатты шараға жиналған қонақтар агенттіктің өткені мен бүгінінен сыр шертетін көрмені тамашалап, «Хабардың» телевизияның дамуына ауқымды үлес қосқандығын атап өтті.  

Сауытбек Абдрахманов, «Егемен Қазақстан» газетінің президенті  

-Тәуелсіздіктің тікелей жемісі болып табылатын «Хабар» арнасы жаңа телеөнер жасады. Жаңа көрерменді қалыптастырды. 

Ләззат Танысбай, «Астана» телеарнасының бас директоры 

-Сол кезде жұмыс істеген кез келген азамат біздің саламызда өте қажетті, өте білікті мамандарға айналды. Сондықтан да «Хабар» Қазақстандағы телевизияның дамуына үлкен бір үлесін қосты деп есептеймін.  

Бұл «Хабар» үшін ізденіске толы жылдарды қорытындылап, жаңа белеске бағыт алатын сәт. Агенттік «24 kz», «Kazakh TV», сонымен қатар «Білім және Мәдениет» сынды  телеарнаның қара шаңырағы. Бүгінде арнамыз Қазақстан аудиториясының 99%-ын қамтиды.

Ермек Аманшаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары  

-«Хабар» арнасынан еңбектеген сәбиден, еңкейген қартқа дейін өзінің талап-тілегіне сай хабарларды таба алады. Әрине, «Хабардың» кешкі жаңалықтары, ресми жаңалықтарын күнде тыңдаймыз. Оған әбден үйренгенбіз. 

Мерейтойлық маусымда көрерменнің көңілінен шыққан «Ду-думан» және  «Бенифис шоу» бағдарламалары жаңа форматта жалғасын таппақ. Сонымен қатар жаңадан көптеген ойын-сауықтық бағдарламалар мен түрлі жанрдағы телехикаялар түсірілуде.

Ринат Кертаев, «Хабар» телеарнасы бағдарламалар дирекциясының Бас продюсері 

-Бірінші кезекте «Жанды дауыс» музыкалық бағдарламасын, «Мен чемпион» жоғары сынып оқушылары арасындағы спорттық жарыс бағдарламасын айырықша атап өтуге болады. Биылғы маусымның басты ерекшелігі біз 8 телехикаяны шығарып, эфирге беруді жоспарлап отырмыз. 

Солардың бірі ұлы Абайдың қара сөздері негізінде түсірілген «Ақылдың кілті» атты сериал көп ұзамай көпшілікке жол тартпақ. Патша көңілді көрерменге арналған сый мұнымен шектелмейді. «Хабар» арнасы үнемі қосулы болсын!

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Әбдулла Исаев

Фото авторы: Аман Досымов, Асхат Нұрекин