Хабар телеарнасы

Әсел Акбарова: «Біздің үйде» айтылмайтын тақырып жоқ

Әсел Акбарова: «Біздің үйде» айтылмайтын тақырып жоқ

-Әсел, әңгімемізді өзіңіз жүргізетін «Біздің үй» бағдарламасынан бастағым келіп тұр. Жаңа маусымның өткен маусымнан айырмашылығы қандай болмақ?

Әсел Акбарова, «Хабар» арнасы «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі

-Өткен күзбен осы күзді салыстырар болсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Өйткені өткен күзде мен эфирді жалғыз жүргіздім, сол уақыттан бері жаныма тағы жүргізуші қосылды. Сонымен қатар декорация толықтай қайта жасалып шықты, бағдарламаның форматы да түгелдей өзгерді. Яғни өткен маусым деп, өткен күзді айтсақ, осындай өзгерістер болды. Оны көрермен өздері көрді де, бағасын берді деп ойлаймын. 

-Қазір жаныңызда Айнұр Тұрсынбаева бар. Екі адам болып тізгінді ұстау қалай екен?

Әсел Акбарова, «Хабар» арнасы «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі

-Кәсіби жүргізушіге бағдарламаны жалғыз жүргізсе де, біреумен бірге жүргізсе де, бәрібір. Басты мақсат – бағдарламаның сәтті шығуы. Бұл менің жеке пікірім. 

-Әдетте, екі қошқардың басы бір қазанға симай жатады. Айнұрмен тіл табысып кеттіңіздер ме?    

Әсел Акбарова, «Хабар» арнасы «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі

-Мен қошқар емес, адаммын (күліп). Сондықтан адами қасиеттерім басым. Тіл табыспайтындай түгі де жоқ. Әркім өз жұмысын орындаса болғаны.

-Ал бұл маусымда қандай тақырыптар қозғалады?

Әсел Акбарова, «Хабар» арнасы «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі

-«Біздің үйде» тақырыпқа байланысты шектеу болмаған. Осы күнге дейін біз рак, ДЦП сынды аурулардан бастап, отбасындағы түрлі мәселелерді қозғадық. Оның ішінде отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қарым-қатынасы, суррогат аналар, адам саудасының құрбаны болып, он жыл бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болған қыздың өмірі сөз болды. Жаңа маусымда да осы бағытымыздан айнымаймыз. «Біздің үй» – отбасылық бағдарлама. Сол себепті әрбір отбасы мүшелеріне қызықты болатын, әрбір отбасы мүшелерінің жағдайын түсіндіретін тақырыптар әрі қарай жалғаса береді.  

-Бағдарлама барысында әртүрлі мәселелерді сөз етесіздер. Адамдар түрлі қиындықтарымен келеді. Шешімін тапқаны бар ма? 

Әсел Акбарова, «Хабар» арнасы «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі

-Өмірдің ауыртпашылығын көрген, түрлі қиындықтармен келетін адамдар өте көп. Шешімін тапса екен дейтіндері қаншама. Бірақ телеарна – Бұқаралық ақпарат құралы. Яғни біз ақпарат берушіміз, сол адамның мәселесі бар екенін қоғамға айту, белгілі бір мекемелердің, құзырлы органдардың назарын аударту – біздің басты міндетіміз. Осы кезге дейін дәрігерлердің қателігіне шағымданып келген адамдар көп болды. Біз соған жауапты мекемелерден, сол істі әрі қарай жалғастыратын ұйымдардан қонақтар шақырамыз. Кейіпкерлерді бір-бірімен байланыстырып таныстырамыз. Сол арқылы ісінің өрлеуіне көмектесеміз.  

-Ал олардың тағдыры сізге қаншалықты әсер етеді? 

Әсел Акбарова, «Хабар» арнасы «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі

-Расында бізге келетіндердің тағдырлары әрқилы, оны жоғарыда айтып өттім. Келін мен ене, жалғызбасты аналар, бала ауруы сынды сан түрлі тақырыптар қозғалады. Өз басымнан өткізген соң ба, бәрін жүрегіммен түсініп отырамын. Өмірде не болмайды... Адам баласы болған соң, менде де аяушылық, жанашырлық сезімі болады. Кейде ауыр тиеді. Өзімізге де, өзгеге де сабақ болатындай жағдайлар көп. Басқа салмасын. 

-Заңгерлік мамандықты бітірген екенсіз, телевидение саласына қайдан тап болдыңыз? 

Әсел Акбарова, «Хабар» арнасы «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі

-Телевидениеге келер болсам, бала күнгі арманым! Жүргізуші, актриса, әнші болуды шын көңілмен армандаған едім. Мен бес жыл Алматы хореографиялық училищесінде оқыдым. Балерина боламын дегем. Бірақ белімді зақымдап алған соң, бимен қоштасуға тура келді. Өнер академиясына түсуге ниеттендім, алайда анам рұқсат етпеді. Таңдауым заңгер мамандығына түсті. Қазір сол бала армандарымды бірте-бірте орындап жатырмын, шүкір! Негізі адам армандаса, алдына мақсат қойса, қолынан келмейтіні жоқ қой. Мен бұған кәміл сенемін. Ең бастысы қадам жасау керек, батыл, ешнәрседен қорықпай, алға ұмтылуы керек. Бір нәрсе сәтсіз шығып жатса, оған мән бермей, әрі қарай тырыса түсу керек деп ойлаймын. 

-Әсел, өзіңізге тоқталып кетсек. Оқырмандарымызға қай елдің тумасы, ата-анаңыз жөнінде айта кетсеңіз. 

Әсел Акбарова, «Хабар» арнасы «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі

-Өзім жайлы айтар болсам, Алматы қаласында туып өстім. Әкем марқұм Бауыржан Ахметов заңгер болды. Ол кісіден ерте айрылдым. Анам Алматай Көздібаева  орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының кандидаты. Ағам Әзімхан екеумізді аяққа тұрғызу үшін бірнеше жерде қатар жұмыс істеді. Ол кісі – қазақ КВН лигасының іргесін қалаған адам. Аймақтарды аралап, КВН лигасының бөлімшелерін ашты, көзін жұмғанша қазақша көңілді тапқырлар клубын көтеруге барын салды. Анам қазақ тілінің нағыз жанашыры болды, тілін, ұлтын сүйді. Қазақ балаларының қазақ тілінде өнер көрсетуін армандады. Өзі орыс тілді ортада өскендіктен болар, қазақ тілге деген құрметі ерекше еді. Әжем Гүлсара Піржанова Болат Сарыбаевтың ұлттық аспаптар ансамблінде, кейін «Отырар сазы» оркестрінде шаңқобыз аспабында ойнаған. Қазақ ССР-нің Еңбек сіңірген әртісі. Нағашы атам Бансатдин Көздібаев – геолог. Қазір екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмын. Жұбайым Әділжан Акбаровпен жоғары оқу орнында танысып, шаңырақ көтерген едік. Өкінішке орай ол кісіден 2005 жылы айырылып қалдым... Содан кейін Астанаға, еліміздің бас қаласына қоныс аудардым. Себебі мен үшін жаңа, мен үшін бейтаныс қалада жаңа өмір бастағым келді. Астана  мақсаттардың, армандардың орындалатын мекені. Соларды жүзеге асыру үшін еңбек еттім.   

-Қазақстанның «Ең көрікті жүргізушілерінің» қатарындасыз. Әдемілікті сақтап қалу үшін қыз-келіншектер не істеуі керек?  

Әсел Акбарова, «Хабар» арнасы «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі

-Әйел адам өзіне уақыт бөлуі керек. Мүмкіндігінше күнделікті спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанса, содан артық ешнәрсе қажет емес. Өзім әдемілігімді сақтап қаламын деп арнайы маскалар жасамаймын. Тағы айта кетерім, демалған дұрыс, уақтылы жатып, уақтылы тұрып дегендей. 

-Әлеуметтік желілерде сізге таңданып, тамсанып жатады. Анасыз, танымал жүргізушісіз, қазір фильмге түсіп жатырсыз. Барлығына қалай үлгересіз? 

Әсел Акбарова, «Хабар» арнасы «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі

-Үлгермегенде амал қанша?! Бала-шағаң бар, оларды асырап, өсіру керек. Менің әзірше қолымнан келетіні  жүргізуші, актриса болу. Сондықтан жұмыс істей береміз. 

-«Гламур для дур» фильмі туралы да айта кетсек. Бұл да біраз уақыт шу болған сияқты. Көпшілігі Сізді Баян Есентаеваның орнын тартып алған десті... 

Әсел Акбарова, «Хабар» арнасы «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі

-Тартып алды деуге болмас. Маған фильмге түсу туралы ұсыныс 6-маусым күні келді. Оқырманның есінде болар, мен бұған дейін «Хабар» арнасының «Перекресток в Астане» телехикаясында ойнаған едім. Жоба барысында актерлік қырымды шыңдай түстім, сонымен қатар режиссерлердің көзіне іліккен болуым керек. Сол себепті толықметражды киноға түсу бұрыннан бергі арманым еді. Асқар Ұзабаев қоңырау шалған соң, көп ойланбай келістім. Бұл жөнінде 8 маусым күні бір журналға сұхбат та берген болатынмын. Баян Мақсатқызының отбасындағы қайғылы жағдай онан кейін болды. Сондықтан ешкімнің орнын тартып алмадым. Баян Мақсатқызы бірінші болып фильмге түсуден бас тартқан соң, маған ұсыныс түсті. Жұрт не демейді, бар адамның аузына қақпақ бола алмайсың. Өз басым арманымның орындалғанына ризамын. Қалған алып қашпа әңгімелер маңызды емес. 

-Әңгімеңізге рахмет!  

Сұхбаттасқан Гүлнұр Өтжанқызы

«Сырласу» журналы, тамыз-қыркүйек, 2016 жыл