Хабар телеарнасы

Бекман Сойлыбаев: Арманым – өз салмағымда барлық чемпиондық белдіктерді жеңіп алу

Бекман Сойлыбаев: Арманым – өз салмағымда барлық чемпиондық белдіктерді жеңіп алу

Ғани Өтепбайұлы, тілші:

– Бекман, кәсіби бокстағы кезекті жеңісің құтты болсын! Соңғы жекпе-жегінді бүкіл Қазақ елі «Хабар» арнасынан тамашалады. Өзің арнайы көрермендерге сәлемдеме де жолдадың. Бұл жеңісіңді кімге арнадың?

Кәсіби бокстан WBC international тұжырымы бойынша Әлем чемпионы Бекман Сойлыбаев:

– Бұл жеңісімді бүкіл Қазақ еліне арнаймын. Таң атысымен тұрып, маған жанкүйер болдыңыздар. «Хабар» арнасына рақмет! Мұхиттың арғы жағындағы менің жекпе-жегімді көрсетіп, қолдау жасағандарыңызға алғыс. Мен үшін бұл үлкен қуаныш болды.

Ғани Өтепбайұлы, тілші:

– Жалпы спорттың бұл түріне қалай келдің?

Кәсіби бокстан WBC international тұжырымы бойынша Әлем чемпионы Бекман Сойлыбаев:

– Бесінші сыныптан бастап күреске қатыстым. Жетінші сыныпта оқып жүргенде, күрес үйірмесі жабылып қалды. Содан кейін боксқа ауыстым. Үйдегі екі ағам күреске, боксқа, каратэге қатысқан. Әкем – спорт десе, ішкен асын жерге қоятын кісі. Өзі еркін күреспен айналысқан. Сол әкемнің арқасында боксқа келдім. Бұл оқиға өте қызық. Бірінші күні спаррингке түстім. Сосын ертеңінен ауданға жарысқа апарды. Сол жерде екі қарсыласымнан басым түсіп, бірінші орын алдым. Содан бастап бокс әлемі мен үшін есігін ашты.

Ғани Өтепбайұлы, тілші:

– Соңғы қарсыласың расында да азулы екен. Кездесу алдында оның қимылын, бокстасу тактикасын көріп, арнайы дайындалдың ба? Жалпы жаттығу лагері қалай басталады өзіңде?

Кәсіби бокстан WBC international тұжырымы бойынша Әлем чемпионы Бекман Сойлыбаев:

– Бұл кездесуге екі ай бұрын АҚШ-қа ұшып кетіп, сол жақта дайындалдық. Қарсыласымның өткізген екі кездесуін көрдім. Бокстасу тәсілін бірден түсіндім. Негізі өте ыңғайсыз боксшы. Соған байланысты, оның стиліне келетін спарринг боксшылар алдық. Көбінесе дистанцияда алдыңғы қолмен қарсыласты жақындатпай джебпен ұстап, сосын ауыр соққылармен соққылау әдісін пайдаландық. Әрине өзіме көп жұдырық тигізбеуді де ойымнан шығарған жоқпын.

Ғани Өтепбайұлы, тілші:

– Чемпиондық раундтарды өте жақсы өткіздің. Осы жолы еш асығыстық көрмедік. Өте сабырлы болдың. Суыққандылық таныттың. Алайда шабуылда агрессия байқадық. Бұл арнайы тактика ма?

Кәсіби бокстан WBC international тұжырымы бойынша Әлем чемпионы Бекман Сойлыбаев:

– Әрине бұл – жаттықтырушылармен әбден ақылдасқан тактика. Қарсыласыңа еркін қимылдауға, оның жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеу керек. Сондықтан комбинациялық соққылармен жиі шабуыл жасадым. Әбден әлсіреттім. Дегенмен мықты екен. 10 раунд шыдады. Сонымен қатар мен жылдамдығымды пайдаландым. Бір емес бірнеше соққыдан жасадым. Ал оның соққыларынан дер кезінде сытылып отырдым.

Ғани Өтепбайұлы, тілші:

– Кеше әлеуметтік желіде сенің промоутерің Сэм Катковский:  «Бекман WBC International белдігін тағы бір мәрте қорғаса, өз салмағында ТОП 3-ке бірден кіреді»,  деді. Ал өз басың шаршы алаңда қандай қарсыластармен шыққың келеді?

Кәсіби бокстан WBC international тұжырымы бойынша Әлем чемпионы Бекман Сойлыбаев:

– Мен алдағы уақытта чемпиондармен кездессем деймін. Әрине бәрін уақыт көрсетеді. Бірақ бұдан былай өзге тұжырымның чемпиондарымен де жекпе-жектерге шыққым келеді. Маған қарсыластың азулы болғаны дұрыс. Өзімнің шеберлігімді барынша көрсетемін. Осы уақытқа дейін дүниежүзінің көптеген елдерінде бокстасып келемін, сондықтан әлемнің түкпір-түкпірінде өнер көрсетуге әзірмін.

Ғани Өтепбайұлы, тілші:

– Келесі кездесуді қай уақытқа жоспарлап жатырсыздар? Жалпы қарсылас табу қиын сияқты? Солай ма?

Кәсіби бокстан WBC international тұжырымы бойынша Әлем чемпионы Бекман Сойлыбаев:

– Енді қазір кішкене тынығып аламын. Содан кейін командаммен отырып ақылдасамыз. Негізі дөп басып айту қиын. Бұл жылды осымен қорытындыладық. Ендігі жаңа жылдың басында рингке шығуға әрекет жасаймыз. Өз басым жылына кем дегенде үш рет бокстасқым келеді. Аллаға шүкір, денсаулығым да, басқасы да жарамды. Мысалы, мен кешегі шайқастан кейін екі апта тынығып алсам жеткілікті. Бірақ бәрі біз айтқандай оңай емес. Қарсылас табу қиын. Одан соң келіссөздер уақыт алады. Мен үнемі формамды ұстап тұрамын. Күнделікті жаттығамын.

Ғани Өтепбайұлы, тілші:

– Осы жартылай екінші жеңіл салмақ өзіңе ыңғайлы ма? Салмақ ауыстыру ойыңда бар ма? Кездесу жақындағанда, қанша келі салмақ қуасың?

Кәсіби бокстан WBC international тұжырымы бойынша Әлем чемпионы Бекман Сойлыбаев:

– Менің жаратылысым осындай. Көп салмақ қумаймын. Жарыс алдында 1-2 келі тастаймын. Шынымды айтсам, ол салмақ спаррингпен де шығып кетеді. Сондықтан мен әдейі салмақ қосамын. Менің қарсыластарымның барлығы менен ауыр. Дайындық кезде 63 келіге дейін салмақ қосамын. Сосын кездесуге бір күн қалғанда, WBC тұжырымының тәртібі бойынша таразыда жартылай екінші жеңіл салмақты көрсетемін.

Ғани Өтепбайұлы, тілші:

– Әлеуметтік желіден шетелдік арналардан боксшылардың арнайы диетаға отырып жатқанын жиі көреміз. Жалпы қандай ас ұнатасың? Шаршы алаңға шығар алдында қалай тамақтанасың?

 Кәсіби бокстан WBC international тұжырымы бойынша Әлем чемпионы Бекман Сойлыбаев:

– Дұрыс айтасыз, сол секілді менің де арнайы диетологым бар. Жекпе-жекке дайындық кезінде нені жеуге болады, нені болмайды, барлығын қадағалап отырады. Өзім де көз ашқалы спортпен айналысып келемін. Тартынып тұрамын. Бірақ қазақтың асылған етін, қазы қартасын жемеу мүмкін емес. Сондықтан АҚШ-қа аттанар алдында ұлттық тағамдарымызға әбден тойып аламын. Қымызды да ішіп аламыз. Сосын 2 ай бойы сағынып жүреміз.

Ғани Өтепбайұлы, тілші:

– Өзіңнің ізгі арманыңмен бөліссең?

Кәсіби бокстан WBC international тұжырымы бойынша Әлем чемпионы Бекман Сойлыбаев:

– Алла нәсіп етсе, арманым – өз салмағымда барлық чемпиондық белдіктерді жеңіп алу. Қазақ елін әлемге танытып, көк туды аспанға желбіретсем деймін. Қазір соның жолында аянбай еңбек етіп жатырмын. Ақырындап жақындап қалдық.

Ғани Өтепбайұлы, тілші:

– Сен үшін таң атысымен ұйқысын қиып, саған шын ниетпен жанкүйер болғандарға не тілер едің?

Кәсіби бокстан WBC international тұжырымы бойынша Әлем чемпионы Бекман Сойлыбаев:

– Барша жанкүйерлеріме үлкен рақмет. Отбасыларыңыз аман, бауырларыңыз бүтін болғай. Елімізде әрдайым тыныштық пен бейбітшілік салтанат құрсын. Жеңісті күндер көп болсын!