Жаңалықтар

Астана экономикалық форумына қазақстандық сарапшылар дайын

Астана экономикалық форумына қазақстандық сарапшылар дайын

Ел сарапшылары елордада өтетін экономикалық форумға дайын. Әр елдің  азулысы келетін саммиттен күтеріміз көп. Біздің ғалымдар мықтылардың әдісін, экономикалық тәжірибесін үйренбек. Бүгін Стратегиялық Зерттеулер Институты форумалды жиын өткізіп, биыл күн тәртібіне шығарылатын мәселелерді пысықтады.

Астана экономикалық форумы дегенде сіз бен бізге қатысы жоқ әңгіме сияқты, яғни тек экономистердің тақырыбы деген ой келеді. Әсілінде, олай емес. Рас, экономиканың жілігін шағып, майын ішкендер тоғысатын орта. Ал, халыққа бұл жиын нақты не береді? Экономист Дәурен Базаровты тыңдайық.

 Дәурен Базаров, Евразиялық интеграциялық институтының департамент директоры:

-Алдағы уақытта мемлекетіміздің барлық мақсаттарына жететін болсақ, мемлекет өз алдына бөлек дами алмайды.  Сондықтан осы бірлікте, осы мемлекеттермен біріге отырып, солардың алға қойған мақсат-міндеттерін ұштастыра отырып, біз де өз жолымызды айқындауымыз керек деп білемін.

Дәурен Базаров: «Дамығың келсе, дамығандардан сұрап ал, мықты болғың келсе, мықтылардан үйрен», – дейді. Форум осы үшін экономиканың майлы жілігін ұстаған елдердің, заманынан оза туған ғалымдардың білгенін сіңіріп алу үшін өтеді. Сонымен биылғы тақырып әлемдегі қауіп-қатерлер туралы. Одан өзге, жаңа валюта, жаңа нарық та күн тәртібінде тұр.

Сен тұр мен атайын деген кіл мықты келеді. Олар – Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, Стив Возняк, Пан Ги Мун да бар.

 Болашақта криптовалюта қалай құбылады, әлемдік нарыққа қандай технологиялар келеді, айти әлемнің мықтылары нендей жаңалық енгізбек? Экономиканың қызып тұрған тақырыбының бірі қалмай айтылады.

Бауыржан Тұрлыбеков, ҚР ҰЭМ департамент директорының орынбасары:

-Мемлекеттердің табыстары бірдей емес, мысалы, бай мемлекеттер бар, кедей мемлекеттер бар дүниеде. Сондықтан Қазақстанның ең дамыған отыз мемлекеттің ішіне кіру үшін табыстың қалай бөлініп жатқаны, келе жатқан процестерден қалмау керек. Яғни 60 трлн доллар болып жатса, дүниежүзілік жалпы ішкі өнім соны Қазақстан да өз үлесін алып соған жету керек.

Заман қалай болса, бөркімізді солай киюіміз керек. 21 ғасырды ақпараттық технология мен цифрландырусыз елестету мүмкін емес. Оны толық меңгергің келсе, жаңа айти сала, ақпараттық жүйе, компьютерлік дизайнды меңгер. Әлқиссасынан түп-тамырына дейін. Өнер, білімі бар жұрттан қалмау үшін мемлекеттік бағдарлама да енгізілді. Білесіз, әр өңірде айти-сынып ашып, жылда мыңдаған маман дайындау стратегиясы жоспарланған. Бұл бер жағы. Енді кез келген құжатты, анықтаманы үйден шықпай аламыз. Ол аз десеңіз, аурухана, әкімшілік секілді мекемелерде кезек деген болмайды. Алдын ала онлайн жазылып барасыз. Форумнан кейін тағы да осындай заманауи игіліктерді енгіземіз.

Бауыржан Тұрлыбеков, ҚР ҰЭМ департамент директорының орынбасары:

-Дүниежүзілік банк, дүниежүзілік валюта қоры бар. Олардың болжамдарына сәйкес дүниежүзілік экономика 3 пайызға жыл сайын өсіп жатыр. Енді әрі қарай осы жылдамдықпен өсе ала ма деген сұрақтар бар. Бірақ Қазақстанға тікелей қауіп деген жоқ. Бұл жәй сындар деген сөз.

 Естігеніңіздей, экономикамызды тұқыртып кетердей қауіп жоқ. Сонымен, экономикалық форум не үшін керек? Мемлекеттің болашағы, яғни сіз бен біздің жайлы, заманауи игіліктерді өз пайдамызға жаратып, әлемдік көштен қалмай, кез келген алпауыттармен иық тіресе өмір сүруіміз үшін. Сондықтан Астана экономикалық форумы маған не береді демеңіз. Форумнан не үйрене аламын, қайткенде заманның игілігін меңгеріп, әлемдік технологияның шылбырын емес, тізгінін қолға аламын деп ойланғанымыз дұрысырақ, пайдалырақ болады.