Жаңалықтар

Астана экономикалық форумының күн тәртібіне шығарылатын тақырып саны – 11

Астана экономикалық форумының күн тәртібіне шығарылатын тақырып саны – 11

Еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға екі аптадан соң өтетін Астана экономикалық форумының да қосары көп болары сөзсіз. Биыл саммит 11-ші рет өтеді. Күн тәртібіне шығарылған тақырып саны да 11. Бұған дейінгі форумдарда жалпы құны 20 млрд АҚШ долларынан асатын 300 келісім бекіген.

2008 жыл. Әлемдік қаржы дағдарысы белең алған кезең. Осы тұста өндірісті тұралатпау, экспортты төмендетпеу сынды міндетті орындау мақсатында алғашқы Астана экономикалық форумы өтті. Оған әр саланың «сен тұр мен атайын» деген мықтылары жиналды. 

Сайлау Байзақов, Астана экономикалық форумының бірінші модераторы:

-2008 жылы өткен алғашқы форумның бағдарламасы қазір менің қолымда. Мұнда негізгі тақырыптар көрсетілген. Атап айтсақ, басты міндет ретінде іс жүзіндегі экономикадан басқару экономикасына көшу туралы көрсетіліп, оны қаржы секторымен үйлестіруге бағыт-бағдар қойылған.

Одан кейін дәстүрге айналған форумға он жыл ішінде 150 елден 50 мыңға жуық әртүрлі сала маманы келіпті. Оның ішінде 20 Нобель сыйлығының лауреаты, шетелдің бұрынғы президенттері, банктер мен алып компаниялардың өкілдері тағы бар. 

Айжан Мұқышбаева, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

-Ал Қазақстанға берері бұл жерде инвесторлар келіп, әлемдік деңгейдегі банктер келіп, біздің ұлттық компаниялармен, Қазақстанның бизнес өкілдерімен меморандумдарға қол қойылған болатын. Яғни біз инвесторлар тартуға мүмкіндік алдық.

Форумның пайдалы жағы мұнымен шектелмейді. Оның аясында жасалған ұсыныстар БҰҰ Бас Ассамблеясының Пленарлық сесссиясында қаралып, жоғары бағасын алған. Сонымен қатар ұйымға мүше мелекеттердің әлемдік дағдарысқа қарсы жобасының негізгі бағыттары да, осы жиындарда нақтыланды. Енді екі аптадан соң айтулы шараны 11-рет өткізгелі отырмыз. Жыл өткен сайын жиынның тақырып аясы да кеңейіп келеді.    

Бауыржан Тұрлыбеков, ҚР ҰЭМ департамент директорының орынбасары

 -Ең бастысы, мынау цифрлы экономика басталды. Сонымен қатар дүние жүзіндегі қалалардың урбанизациясы дейді, сол да көбейіп кетті. Қаржы саласында криптавалюта деген қаржы шығып жатыр. Оның да қауіптері бар, әсерлері бар, көмектесетін жерлері бар соны талқылау керек. 

Яғни, қоғам дамуына қарай форум тақырыбы да өзгеруде. Маман атап өткендей, кей тұста белгілі бір бағыттың дұрысы мен бұрысын айыра алмай отырған жайымыз бар. Сол үшін осы саланың басы-қасында жүрген мамандар көптеп тартылуда.

Бауыржан Тұрлыбеков, ҚР ҰЭМ департамент директорының орынбасары

 -Мысалы, Эстонияның бұрынғы президенті электронды мемлекет деген жүйесін өздеріне енгізді. 99,9 пайыз қызметтер электронды және онлайн беріледі. Форумға өз саласында номер бір болған тұлғалар шақыртылады.

Биылғы конференцияға қатысушылар 11 тақырыпты ортаға салмақ. Олардың арасында өндіріс пен қаржыдан бөлек қалалар, адам өмірін ұзарту сынды мәселелер де бар.

Авторлар: Ердәулет Байдуллаев, Болатбек Табалдиев