Хабар телеарнасы

«Мен АЭФ 2018-ге барамын» конкурсының жеңімпаздары анықталды

Осындай атаумен екі апта бұрын конкурс ұйымдастырылған. Бүгін соның жеңімпаздары анықталды. Байқаудың шарты қарапайым. Қатысушы форумға не үшін барғысы келетінін жазып, әлеуметтік желіде жариялауы керек болған. Шараға жүздеген адам қатысты. Оның қаншасы үздік атанды?

Бірі – ғалым, бірі – студент, бірі – мұғалім. Конкурсқа қатысқан жүз адамның ішінен тек бесеуі жеңімпаз атанды. Талап қарапайым болғанмен, қиын. Постта ырду-дырду әңгіме, қызыл сөз жазуға болмайды. Форумға не үшін қатысқысы келітіні туралы еркін түрде, алайда айтары нақты, түсінікті, тартымды, көпшілікке ой салатын жазба болу керек.

Динара Жолдаспаева, «Қазақстанның экономикалық бастамалар қорының» директоры:

- Бес жеңімпаздың жазбасы – ең көп лайк жинаған және қаралған, ең көп бөліскен материалдар. Одан бөлек, жазғандары нақты, тұщымды. Оларға форум кезінде іскерлік жиындарға және Елбасының қатысатын пленарлық отырысына да жолдама бердік.

Бес жеңімпаз еліміздің бес өңірінен келген. Барлығы да Астаналық экономикалық форумына бірінші рет қатыспақ. Үздік бестікке бүгін форумға қатысуға рұқсат беретін бейджиктер табысталды. Енді олар өздері армандаған тұлғалармен кездеседі.

Шахислам Лайсханов, байқау жеңімпазы:

- Ғалымдардың көзқарасымен танысқым келеді. Өйткені мұнда мықты-мықты ғалымдар келеді. Пан Ги Мунның келуінің өзі тектен-тек емес, өйткені бұл жерде көтерілген мәселелер тек айтылып қана қоймайды деп ойлаймын. Ол алдағы уақытта міндетті түрде шешімін табады.

Конкурсқа қазылық етуге белгілі блогерлер мен журналистер тартылған. Айта кетейік, жеңімпаздар форум аясында арнайы лекциялар мен кездесулерге де қатысады.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Әлібек Әлиев