Жаңалықтар

АЭФ: ЕАЭО пен Иран арасында еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойылды

АЭФ: ЕАЭО пен Иран арасында еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қойылды

Енді еліміз Иранға арнайы жеңілдікпен тауар экспорттайды.

Бұл - Астана экономикалық форумы аясында өткен Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасында уақытша келісімге қол қою нәтижесінде мүмкін болады. Келелі форумнан бізбен тікелей байланысқа шыққан әріптесім Бірлік Берікұлы толығырақ айтып берсін. Бірлік, қайырлы күн. Сөз кезегі өзіңізде.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Астаналық экономикалық форумының бірінші күні ЕАЭО пен Иран арасындағы еркін сауда аймағын құру туралы келісімге қол қоюдан басталды.  2016 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан келіссөздердің қорытындысы бойынша, қос тарап арасында бекітілген тауарларға 3 жыл мерзімге кедендік бажды төмендету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Жалпы Иран – қазақстандық өнімдердің экспортын ұлғайтудағы келешегі зор нарық. Осы жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіш 2017 жылдың  сәйкес мерзімімен салыстырғанда 170 млн АҚШ долларын құрай отырып, 70%-ға өсті.

Сондай-ақ келісім аясында Иран Қазақстаннан экспортталатын 102 желіге кедендік бажды азайтады. Нақтыласақ, 47-сі ауылшаруашылық, ал 55-і өнеркәсіптік. Оның ішінде сиыр етінен бастап, макарондар мен кондитерлік өнімдер және аккумуляторлар да бар. Әкелім бажы барлығына дерлік 4 пайыздан 25 пайызға дейін азайтылған. Бұл біздің ел үшін тиімді. Сондай ақ ЕАЭО елдерінен Иранға бағытталатын 175 тауардың 102-сін Қазақстан экспорттайтынын есепке алатын болсақ, мұны нәтижелі әрі жемісті келіссөз деп айтуға болады.

Айта кетейік, айтулы бұл форум 3 күнге жалғасады және онда 11 тақырып бойынша мәселелер талқыланатын болады.