Жаңалықтар

АЭФ: 2050 жылғы қалалар келбеті қандай болады?

АЭФ: 2050 жылғы қалалар келбеті қандай болады?

Астана экономикалық форумында Президент атап өткен 5 жаһандық тренд ішінде әлемдік демографияның ұлғаюы жөнінде айтылды. Бұл тенденцияны шетелдік және өзіміздің сарапшылар да растап отыр.

Мәселен, 2050 жылы әлемдегі адам саны 10 миллиардқа дейін жетсе, Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әрбірінде өмір сүретін адамдардың саны 20 миллионға дейін жетуі мүмкін екен. Осыншама халық қай жерлерде мекендейді? 2050 жылғы қалалардың келбеті қандай болады? Жаһандық форумда осы сауалдарға жауап берілді.

Тура отыз жылдан кейін республикамыз бензин және дизель секілді жанармайдан толық бас тартып, электро-көліктермен жүретін болады. Болашақ қалалар келбеті тақырыбында өз болжамдарымен бөліскен отандық мамандар осылай дейді. «Жасыл технологиялар арқасында экология жақсартындықтан, демографиялық көрсеткіштер де ұлғаяды», – дейді олар.

Досым Қадырбаев, Rakurs Consulting Group басқарушы серіктесі

-2050 жылға қарай ірі қалалардың экономикасы шағын және орта бизнестің арқасында өседі. Тұрғындар электрокөліктерге отырып, мәселен, Алматының ауасы 80 пайызға тазарады деген болжам бар. Бастысы электромобильдерге көшкенде, қуат көзін көмір тұтынатын станциялардан алмау қажет. Себебі онда экологиялық талаптарға қол жеткізе алмаймыз. Оның орнына күннің көзі және жел энергиясымен жұмыс істейтін станцияларды көптеп салу керек. Осының арқасында экологиялық ахуал жақсарып, адам өлімі деңгейі төмендеп, демографиялық көрсеткіштер жақсарады.

Ал қытайлық сарапшылардың сөзінше, 2050 жылға қарай ауылдар мүлдем жойылуы мүмкін. Сондықтан аспанасты елі мамандары қазір үлкен мегаполистерден бөлек, шағын қалашықтар салып жатыр екен. Мәселен, Шоань қаласы толықтай электро жүйемен қамтылған шаһар. Бұнда қоғамдық көліктер, көшедегі жарық жүйелері, тіпті пәтерлердегі тұрмыстық техниканың бәрі баламалы қуат көздерімен жұмыс істейді.

Ли Синьюй, Қытай халықтық достық қоғамының бас директоры

-Болашақта адамдардың барлығы қалаларда тұратын болады. Бүгінгідей бір қабатты баспаналар мүлдем жойылады. Ақылды қала жүйелері дами түседі. Күн, жел және су энергиясын пайдалану аясы кеңейеді. Роботтық технологиялар енгізіліп, адамның бос уақыты ұлғаяды.

Шетелдік сарапшылар, келешекте жас пен кәріге арналған жеке-жеке қалашықтар да бой көтеретінін айтады. Яғни зейнеткерлердің жағдайын жақсарту үшін қажет технологиямен қамтылған аудандар салынады. Ал жастарға түнгі клубтары мен сауда үйлері көп жеке аудандар тұрғызылады.

Параг Ханна, Ли Куан Ю атындағы Сингапур мемлекеттік басқару мектебінің қызметкері

-Болашақта тек жұмыс істеуге арналған арнайы аймақтар құрылады. Оларды кәсіпкерлердің өзі салатын болады. Қалашықтарды жас айырмашылықтары бойынша және түрлі жұмыс салаларына бөліп салатын болса, экономикалық тиімділігі қазіргіден артық болады.

Қалашықтардың саны ұлғайып, олар қаншалықты цифрлық технологиялармен жабдықталғанымен, экологиялық маңызды ұмытпай қажет дегендер де болды. Мегаполистерді экополиске айналдыру қажет. «Мәселен, Астана аумағын айнала өскен жасанды орман, болашақ қалалардың жобасына енгізілуі керек», – дейді қонақтар.

Херберд Жирарде, World Future Council мүшесі

-Болашақ қалаларының бәрі экополистерге айналуы тиіс. Адамның денсаулығы қоршаған ортасына тікелей байланысты. Сондықтан тұрғындарды таза ауамен қамтамасыз ету, көліктік жүйені баламалы энергия көздеріне көшіру маңызды. Бүгінде болашақ шаһарлардың жобасы осы негізде жасалып жатыр.

Болашақ қалашықтардың үлгісін бүгінде Ұлыбританиядан кездестіруге болады. Мәселен, One Brighton және Zero Carbon шағын аудандарындағы пәтерлердің бәрі жасыл технологияларға көшкен. Нәтижесінде тұрғындарының денсаулығы да жақсарған. 2002 жылдан бері жүргізілген зерттеулер осыны дәлелдеген. Британиялық сарапшылар экономикалық форумда қазақстандық мамандармен бұл бағытта тәжірибе алмасып жатқандықтарын жеткізді.

Авторлары: Жұрағат Баман, Болатбек Табалдиев