Жаңалықтар

Асхат Мұсабай: «Тағы да сүй» телехикаясы жастар арасындағы махаббатты баяндайды

Асхат Мұсабай: «Тағы да сүй» телехикаясы жастар арасындағы махаббатты баяндайды

Жуырда «Хабар» көрермендерінің көңілінен шыққан «Қария» телехикаясының режиссері Асхат Мұсабай жаңа жобаны қолға алды. «Тағы да сүй» деп аталатын сериал жастар арасындағы махаббатты баяндайды. Бұл кинотуындыны түсіру идеясы қалай пайда болды? Басқа сериалдардан несімен ерекшеленеді? Бұл сұрақтарға «Тағы да сүй»  телехикаясының режиссері Асхат Мұсабай жауап берді.

- «Тағы да сүй» телехикаясы нені баяндайды? Қанша сериядан тұрады?

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Телехикая жастар арасындағы махаббатты баяндайды. 12 сериядан тұрады.

- Телехикаяны түсіру идеясы қалай пайда болды?

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Жалпы осы сериалды түсіру идеясына келер болсақ, адам өмірде түрлі махаббат хикаяларына тап болып жатады. Мысалы, өзінің сүйген қызы бола тұра, тағы да басқа біреуді ұнатып қалады деген секілді. Телехикая желісі осы тақырып төңірегінде өрбиді. Яғни «Тағы да сүй» – жас жігіттің басынан өтетін махаббат оқиғасы. Ол бір қызға ғашық болып жүрген кезде бұрынғы махаббатын кезіктіріп қалады. Ал әрі қарай оқиға шиеленісіп кетеді.

- Телехикаяның сюжет желісінде шынайы өмірден алынған оқиғалар бар ма?

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Иә, өмірден алынған мысалдар бар. Сценарий жазу барысында да қолданылды. Шынайы оқиғалар жетерлік.

- Сіздің басқа туындыларыңыздан айырмашылығы қандай?

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Бір ғана туындым болды. «Хабар» арнасына түсірілген «Қария» телехикаясы. Онда біз Қазақстанның халық әртістерімен, майталман кино актерлерімен жұмыс жасадық. Ал «Тағы да сүй» телехикаясында жиырманың төңірегіндегі жастар ойнайды. Жаңа актер, актрисамен жұмыс істеп, елге әлі танылмаған жаңа бейнелерді көрсеткіміз келеді.

- Басты рөлдерде кімдер? Жаңа актер бар ма?

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Басты рөлдерде – Алматының жігіті Құдайберген Шалқар, Адина Бажан және Астанадан арнайы шақыртылған Нұрсәуле Әубәкірова.

- Актерлерді таңдағанда қандай талаптар қойылды?

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Біз мұңды сериал жасағымыз келмеді. Ойнақы, комедияға жақын болғандықтан әртүрлі образдар беріп, ашық кастинг жарияладық. 2 ай көлемінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 550-дей адам қатысты, видеоларын жіберді. Солардың ішінен іріктеліп алынғандары көңілімізден шықты.

- Түсірілім барысында қандай қиындықтар кездесті?

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Қиындықтар кездесті деп айта алмаймын. Себебі телехикаяда жастар махаббаты баяндалғандықтан «Қызғалдақтар алаңында», әуе шарларымен ұшу, қазір көктем болса да, қар басқан тау шыңына шығу, арқан жолмен жүру, өзен-көл, қайық, т.с.с. романтикалық атмосфераны көрерменге сездіруге тырыстық. Негізі түсірілім қызықты жерлерде жүріп жатыр. Арнайы мамандарды шақыртып, графика да қолданып жатырмыз. Жалпы көрермен көңілінен шығады деп ойлаймын.

- Кино түсірерде ұстанатын наным-ырымыңыз бар ма?

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Бұл – көркем фильм емес, сериал. Бірақ көбісі телехикая оңай түсіріледі деп ойлайды. Бірақ біз не түсірсек те, ойымыздан шығатындай, көрермен қызыға көретіндей түсіруге тырысамыз. Сондықтан негізгі ұстанымымыз: «Не істесең де, сапалы жаса!».

- Кино түсіргісі келетін жас режиссерлерге не айтар едіңіз?

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Мен ақыл-кеңес айтатын дәрежеде емеспін деп ойлаймын. Дегенмен қай мамандық иесі болса да әрдайым ізденіс үстінде болу керек. Жай ғана кішкентай сахнаны түсірер алдында оған үлкен дайындықпен кірісу керек.

- Болашақта қандай жанрда кино түсіргіңіз келеді?

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Режиссер ретінде шытырман оқиғалы комедиялар түсіргім келеді. Оны келесі жылға жоспарлап жатырмыз.

- Фантастика, қорқынышты фильм түсіру ойыңызда бар ма?

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Қорқынышты фильмдерге аса тартпайды. Одан да тарихи фильмдер түсіргім келеді.

- Алдағы жоспарыңыз қандай?

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Жоспар бойынша биыл 2-3 телехикая түсіріледі. Ал келесі жылға 2 сериал мен толықметражды фильм түсіру ойда бар.

- Істеріңізге сәттілік! Сұхбатыңызға рахмет!

Асхат Мұсабай, режиссер:

- Сіздерге де рахмет!