Жаңалықтар

«Хабар» арнасы «Жұлдызды жекпе-жек» жобасының жаңа маусымын ұсынады

«Хабар» арнасы «Жұлдызды жекпе-жек» жобасының жаңа маусымын ұсынады

Қазақ эстрадасындағы әншілердің қарым-қабілетін халыққа бүкпесіз жеткізетін «Жұлдызды жекпе-жек» бағдарламасы көрермендерге қайта жол тартады.

Бұл маусымда бұрынғы бағдарламаның кемшін тұстары жетілдіріліп, көпшіліктің ұсыныстары ескерілген.

Көрермендердің көңілінен шыққан «Жұлдызды жекпе-жек» жобасының екінші маусымы басталды. Өткен маусымда ән сайысына қатысушыларға үшінші әнді бағдарламаның модераторы таңдайтын. Бұл жолы әншілер халық әндерін немесе ретро әндердің бірін өздері таңдап орындайды. Бұл маусымға 16 әнші қатысып, өзара үздікті анықтайды.

Бағлан Әбдірайымов, «Жігіттер» квартетінің мүшесі:

- Мен 15 жыл бойы топпен бірге жүрдім. Бұл бағдарлама жеке шығармашылықты шыңдауға, тәжірибе жинауға, содан кейін жеке әнші ретінде өзіңнің мүмкіндігіңді көрсетудің бірден-бір керемет жолы болып тұр.

«Жұлдызды жекпе-жектің» әр бағдарламасында бір дәстүрлі әнші қонақ ретінде өнер көрсетеді. Оған да қойылатын талап: әнді фонограммасыз орындауы қажет. Бұл да көрермендердің қалауы. Ал негізгі сайысқа қатысушылар әлеуметтік желі арқылы жүргізілген сауалнама арқылы таңдалған.

Гүлнұр Мамасарипова, «Жұлдызды жекпе-жек» жобасының бас продюсері:

- «Неге танылмай жүрген дәстүрлі әншілерді де шақырмайсыздар? Көбінесе назардан тыс қалып жатады. Оларға эфир берілмейді» деген сияқты көптеген пікір болған. Соны ескере отырып ел аймақтарынан жалпы ұлттық өнерді дамытуға атсалысып жүрген азаматтарды шақырып жатырмыз.

16 қатысушының үздігі 13 бағдарламада анықталады. Жартылай финал мен қорытынды сын әдеттегідей тікелей эфирде көрсетіледі. Оған тек көрермендер ғана дауыс бере алады. Ал бұдан бұрынғы жобада бақ сынаған әншілер бұл маусымға қатыспайды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов