Хабар телеарнасы

«Хабар» агенттігі ардагер Қасымхан Алдабергеновтің отбасына келді

Талай айтыста топ жарып, жыр-термелерімен жұртты ұйытқан өнер иесі соғыста қарулы күштердің элитасы саналатын әуе-десант құрамында болған. 

Жеңістің 70 жылдығына орай «Хабар» агенттігінің сыйлығын қуана қабылдаған майдангер өзінінің ризашылығын әдеттегідей жыр-шумақтарымен жеткізді.     

Қасымхан ағаға «Хабар» агенттігі атынан қандай сыйлық аламыз дегенде бірден таңдау теледидарға түсті. Өйткені өлең-жырға жақын ақын қоғамның тамыр бүлкілін бақылап отыратын журналист. Сондықтан төрткіл дүниенің хабарын біліп отырсын деген ниетпен ардагерге теледидар тарту еткенді жөн көрдік. 

Қасымхан Алдабергенов 1943 жылы майданға аттанған. Ол кезде не бары 17 жаста еді. Жас жігіт ширақтығымен, алғырлығымен көзге түсіп, әуе-десант құрамына қабылданған. Талай рет от пен оқтың ортасында жаумен бетпе-бет келіп айқасқан. 

Бірде Австрия жерінде азық жетпей, солдаттар ашыға бастаған соң,  командир Қасымханды жайдақ атқа мінгізіп, жақын ауылға жұмсайды. Ол жерде неміс әскері шоғырланған. Қасымхан шеткі үйдің қорасынан 1 шошқаны қапшығына салып алып, атқа мініп қаша жөнеледі. Байқап қалған немістер артынан оқ жаудырған.    

Қасымхан Алдабергенов, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Мына қолымда қаптың аузы. Шошқа шыңғырып келеді атаңа нәлет. Шошқаның шыңғырғаны мен оқтың ысқырғаны екеуі қосылды. Мен аттың үстінде емес, бауырында келемін. Ат шауып келе жатыр. Оқ дегенің зулап өтіп кетіп жатыр. Атқа да дарыған жоқ. Ең болмаса шошқаға тисе ғой, кішкене шыңғыруын қояды. Сөйтіп шошқаны алып келдім частіге.

Елге оралған соң Қасымхан аға қаруын қаламға ауыстырды. Ұстаздық етті, ақындар айтысына қатысты. Айтыс өнеріндегі оның жеңісі жайлы тіпті одақтық  «Правда» газеті де жазған. Ширек ғасырға жуық облыстық «Қостанай таңы» газетінде тілшілік қызмет атқарды. Таным-тағылымы мол кітап, жинақтары жарық  көрді. 

Сәлім Меңдібай, «Қостанай таңы» газеті редакторының орынбасары 

-Қасымхан ағамыздың сөз саптауы, мәселеге терең бойлауы бұл көп адамдарға үлгі. Бүгінгі 90 жасына дейін Қасекең термені, халықтық жырды насихаттап жүрген бірден-бір осындағы өнерлі ағамыз. Қазақ телевизиясында бұл кісінің Абайдың 3 поэмасын жырлаған дүниесі алтын қорда сақтаулы. 

Мұндай жерде арқалы ақын қарап қала ма, Қасымхан аға домбырасын алып, «Хабар» агенттігіне деген алғысын өлең жолдарымен өріп жіберді.  

-Ардагер, аталарын ардақтаған,

Мың салем «Хабар» сенің асылыңа, 

Құмартып, хабарыңды экраннан,

Қаншама қарасам да көзім талман. 

Жастардың жасампазды еңбектерін 

Көргенде көңілімде қалмайды арман.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, Ермек Мұхамедияров