Хабар телеарнасы

«Хабар» арнасының тілшілері 91 жастағы Василий Болотинді құттықтады

Ардагердің үйінен жаңа теледидар мен телефонға орын табылды. Күнделікті жаңалықты қалт жібермейтін қария ұлы мереке қарсаңында көрсетіліп жатқан құрметке дән риза. 91 жастағы майдангердің сол бір зұлмат жылдар жадында жаңғырып тұр. Ол 1942 жылы 18 жасында соғыс даласына аттанды. Жаяу әскер училищесін тәмамдағаннан кейін Сталинград түбіндегі шайқасқа жөнелтілді. 

Василий Болотин, Ұлы Отан соғысының ардагері 

-Сталинград үшін ақтық қанымыз қалғанша шайқастық. Жау әскерінің бізден тайсалуы дем берді. Бұл шайқаста олар мыңдап тұтқынға түсті, қалғандары қырылды.

1943 жылы Украинаның Бердичев қаласын азат ету кезінде Василий Болотиннің жүрек тұсынан оқ тиіп, ауыр жарақат алды. Бірнеше ай госпитальда емделіп шыққан майдангер Украина және Беларусь майданында танк дивизиясы құрамында шайқасты жалғастырды. Ұлы Жеңісті Германияның Росток қаласында қарсы алды. Ал туған мекенге 1946 жылы оралған ардагер Ұлы Отан соғысы орденьдері мен көптеген медальдің иегері атанды. 

Николай Дукачев, ардагердің күйеу баласы

-Ардагерлер оқушылармен, сарбаздармен кездесуге барып тұрады. Олардың тағылымды әңгімесі арқылы жастар тарихты біліп қалады. 

Соғыстан кейінгі жылдары ардагер ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Механик, инженер, агроном болған Василий Болотин зейнетке шыққанша кәсіби-техникалық училищені басқарды. Василий Васильевичтің 3 баласы мен 3 немересі бар. Жақында бұл шаңырақтан тағы 1 сәбидің үні естілмек. 

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков, Әсет Асайынов