Хабар телеарнасы

«Жеңіске құрмет!» акциясы аясында жауынгер Иван Слинькоға арнайы сыйлық табысталды

«Хабар» агенттігінің «Жеңіске құрмет!» акциясы аясында сол өңірдегі тілшілеріміз ақсақалдың үйінде болып, сыйлықты табыс етті. Ақсақал көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.      

Қария майданға 18 жасында аттаныпты. Бастапқыда бойының қысқалығы себепті әскери комисариаттағылардан соғысқа жарамайсың деген жауап естиді. Бірақ қайсар жас бәрібір дегеніне жетіп, Солтүстік Кавказ майданына араласады. 

Оқ атуды да сол сұрапыл соғыс өртінде жүріп үйренуге тура келеді.  

Иван Слинько, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Бір бастық келді де: «Оқыдыңыздар ма?» деп сұрады. Жоқ дейміз. «Онда міне, мылтықты былай оқтайсың, көрінген жауды атасың!» деп қаруымызды қолымызға ұстатты. 120 дана оқ-дәрі, бір граната алдық та майданның алдыңғы шебінен бір-ақ шықтық. 

Қырым үшін болған 14 күндік қырғын соғыс ардагерінің әлі де жадында. Сол жолы ол бетінен жараланады. Бірақ ұрысты жалғастыра береді.   

Иван Слинько, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Жарақатты таңатын дәке де жоқ. Сосын орамалмен байлап тастадық. Қаруымды қайтадан қолыма алып, орман жаққа қарай оқ бораттым. Әйтеуір оқ-дәрі көп еді. 

Иван Слинько гвардияның атқыштар дивизиясының құрамында жүріп Молдавия, Болгария, Румыния, Югославия және Венгрия жерін азат етуге қатысты. 

Днестрдегі көпірді жаруға, Дунайды алуға атсалысты. Будапешт үшін болған шайқаста екі аяғынан бірдей ауыр жараланды. 

Соғыстан кейін өмір бойы Локомотив депосында машинист болып еңбек етті. Кезінде саяжайда болғанды жаны қалайтын ақсақал қазір де гүл өсіргенді ұнатады.   

Жеңіс мерекесі қарсаңында майдангер тоқсан жасқа толады. Жыл сайын ол тоғызыншы мамыр күні Жеңіс алаңына  барып, майдан даласында қаза тапқан қаруластарын еске алады. 

Бұйырса, биыл да бұл әдетінен жаңылмайды. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов