«Жеңіске құрмет өңірде!»

Ардагер Зиябек Толымбаев «Хабар» арнасының ұжымына алғысын білдірді

Ардагер Зиябек Толымбаев «Хабар» арнасының ұжымына алғысын білдірді

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс үшін жан қиған ардагерлерді есте алып, көзі тірілеріне құрмет көрсету бейбіт заманда өмір сүріп жатқан ұрпақтарға парыз.

Аты аңызға айналған 73-ші теңіз атқыштар бригадасының жауынгері Зиябек ақсақал соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіп жатқан «Хабар» арнасының ұжымына алғысын білдірді. 

Волхов майданынының ержүрек жауынгері Синявин бекінісін қорғап, жау оғына кеудесін тосады.  

Синявин операциясы кезінде көзсіз ерліктерімен аты шыққан 73-ші теңіз атқыштар бригадасы 1941 жылы құрылған. Ал 1943 жылы Волхов майданы арқылы Ленинград бағытына жойқын шабуыл жасалып, қоршауда қалған қаланы азат ету кезінде Зиябек ата ауыр жараланады. Бір аяғынан айырылған ардагер майданға қайтып оралмайды. 

Зиябек Толымбаев, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Бір-бір винтовка берді. Сол жерде 1944 жылы жаралы болдым. Шабуыл болды. Ленинградты құтқару керек деген ұран шықты. Содан кейін басталды. Бәрін қоршаудан құтқарды. 

Арада біраз жыл өткен соң ардагер майдандастарын іздеп тауып, жыл сайын Жеңіс мерекесін Синявин данқ мемориялында қарсы алуды дәстүрге айналдырады. 

«Соңғы барғанымда майдастарымның көзі тірісі қалмапты», – деп мұңайды ардагер. 70 жыл отасқан жары Бибітай апа екеуі 10 баланы өсіріп жеткізген. 

Бибітай Толымбаева, батыр ана 

-Ардақты ана болдық. Балаларды өсірдік, құдайға шүкір. Оның бәрі оңайлықпен келген жоқ қой, балам. Соғыстан кейін өмір қандай қиын болды. Соның бәріне төзіп, жетіп, біріне жетпегінін біріне жеткізіп, солай өмір сүрдік. 

Толымбаевтар отбасын теңізшілер династиясы десе де болады. Әкесінің соғыс жылдарындағы ерлігін естіп өскен ұлы Бердібек Толымбаев пен немерелері Нұрлан мен Вячеслав бүгінде Санкт-Петербордағы теңіз портында еңбек етуде. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдаулет Жақсыбаев