A+ A A-
Сейсенбі, 20 Наурыз 2018 08:09

Қазақстандық паралимпиадашылар елге оралды. Оларды жанкүйерлері мен отандастарымыз Астанадағы Назарбаев халықаралық әуежайында қарсы алды. 

Естеріңізге сала кетейік, наурыздың 9-ы мен 18-і аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында 12-ші Қысқы Паралимпиада ойындары өткен болатын. Жаһандық жарысқа 49 елдің 567 спортшысы қатысты. Арасында қазақстандық толағайларда бар. Біздің ел жалпы командалық есепте Александр Колядин алған алтын жүлдемен 20-шы орынды иеленді. 

45 жастағы тобылдық тарлан шаңғымен 1,5 шақырым қашықтыққа жүгіру сайысында алдына жан салмай мәреге бірінші болып келді. Бұл – тәуелсіз ел тарихындағы Қысқы Паралимпиада ойындарының алғашқы алтыны. Бұдан бөлек солтүстікқазақстандық шаңғышы Александр Герлицтің де ерлігін атап өткен жөн. Ол 20 шақырымдық қашықтықта 4-ші болып келді. 

Александр Колядин, XII Қысқы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы:

– Бұл алтын медальді Қазақстан халқына арнаймын. Наурыз қарсаңында жеңіп алып, үлкен сый жасадым. Жалпы бұл – жалғыз менің емес, толық командамның жеңісі. Ол үшін көп тер төгіліп, үлкен жұмыс атқарылды. Бапкерлеріме, шаңғыны майлайтын техникалық қызметкерлерге алғысым шексіз. 1,5 шақырымдық спринт жарысы –менің оң жамбасымнан келетін сайыс. Оның үстіне бұрылыстардың барлығы оң жаққа қарай. Ал менің сол аяғым ғана жұмыс істейтінін ескерсем, аса қиындық болған жоқ.

 
Дүйсенбі, 19 Наурыз 2018 16:15

Қазақстандықтар соңғы күні шаңғы жарысының аралас және ашық эстафеталарына қатысты.

Жаңыл Балтабаева, Қайрат Қанафин және Сергей Усольцевтер аралас эстафетада 12-орынмен шектелді, ал Денис Петренко, Александр Колядин және Александр Герлиц командасы ашық эстафетада алтыншы болып келді. Осылайша Қазақстан құрамасы 2018 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарынан Александр Колядин жеңіп алған жалғыз алтын медальмен оралады. Қазақстан жалпыкомандалық есепте 20-орынға табан тіреді. 13 алтын, 15 күміс және 8 қола медаль алған АҚШ бірінші орынды иеленді. Екінші орынды Бейтарап Паралимпиада Атлеттері командасы ретінде жарысқа қатысқан ресейліктер алды, олардың еншісінде қысқы Паралимпиаданың 8 алтыны, 10 күміс және 16 қола медаль бар. Үшінші орынға жалпы 28 медальды жеңіп алған (8-4-16) Канада спортшылары тұрақтады.

 

Сәрсенбі, 14 Наурыз 2018 13:00

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан Қысқы Паралимпиада ойындарында қазақстандық шаңғышы Александр Колядин 1,5 шақырымдық спринтте алтын медаль жеңіп алды.

Отандасымыздан кейін ізін ала бере жапондық спортшы Йошихиро Нитта келсе, канадалық шаңғышы Марк Арендс мәреге үшінші болып жетті.

Айта кету керек, бұл Отанымыздың тарихындағы Паралимпиададан спортшыларымыз жеңіп алған алғашқы алтын медаль. Еске сала кетсек, 12 наурызда шаңғышымыз Александр Герлиц еркін стильдегі 20 шақырымдық сайыста төртінші келген еді.