A+ A A-

Биатлоншы жігіттер Қысқы Олимпиаданы аяқтады

  • Жұма, 23 Ақпан 2018 18:52

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындары шарықтау шегіне жетті.

Бүгін бірнеше спорт түрінен жарыстар аяқталды. Кешенді сынның соңғы медальдарын биатлоншы жігіттер сарапқа салды. 18 құрама арасындағы эстафеталық сынға Қазақстанның да мерген шаңғышылары қатысты. 

Жүлделі орынға жете алмаса да, жерлестеріміз Қысқы Олимпиада ойындарындағы соңғы сайыстарында бар шеберліктерін көрсетуге тырысты. Алайда біздің биатлоншылардың деңгейі тым төмен екені байқалды. Эстафетаны бірінші болып бастаған Максим Браун алғашқы нысана көздеуде қателік жіберген жоқ. Екінші мүмкіндігінде бір мәрте ғана мүлт кеткен Браунның нәтижесін Василий Подкорытов жалғастыра алмады. 

Шаңғымен шабан қимылдаған Василий нысана көздеуде де жарытпады. Қазақстандық биатлоншының атқан оғының төртеуі далаға кетті. Владислав Витенко да нысана көздеуде көп қателесіп, көш соңында қалып қойды. Нәтижесінде Қазақстанның эстафеталық құрамасы жарыстан ерте шығып қалды. Эстафеталық сында Швеция құрамасы Қысқы Олимпиада чемпионы атанды. Норвегия жігіттері күміс медальға қол созса, қола Германия биатлоншыларына бұйырды.

Максим Браун, Биатлонан Қазақстан құрамасының мүшесі: 

– Бізге қолдау білдірген жанкүйерлерге алғыс айтамын. Нәтижем жаман емес. Бірақ бұдан да жақсы көрсеткіштерге жетуге тырыстым. Қобалжудан қателіктер де болды. Ауа райы да аздап кедергі келтірді. Бірақ біз соңына дейін жарыстық. Шамамыз келгенше тәуір нәтижелер көрсетуге ұмтылдық.

 
Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз