A+ A A-

Конькимен жүгіру: Кьелд – чемпион, Кузин – жиырма жетінші

  • Жұма, 23 Ақпан 2018 20:00

Екі бірдей қашықтықта Олимпиада чемпионы атанған голландиялық Кьелд Ньейстің мың метрліктегі уақыт көрсеткіші 1 минут 07-де жүзден 95 секунд. Керемет пе?

Олай демес едік. Мысалы, біздің Денис Кузин кезінде осы қашықтықты 1 минут 07-де жүзден 71 секундта жүгірген. Демек аяқ та, шама да жететін жердегі нәтиже емес пе? Бірақ Денис мың метрді 1 минут 10-да жүзден 13 секундта өтті. Тіпті қатар жүгірген эстониялық Мартин Лиивтен де қалып қойды.

Денис Кузин, конькимен жүгіруден ұлттық құрама мүшесі: 

– Бірден заулап кету керек еді. Соған шама келмеді. Ә дегенде жүйрік шықпасаң, кейін ұтылған секундтарды қалыпқа келтіру қиын. Өзі бір қисайса, дүниені түзету қиындап кетпей ме?

Федор Мезенцевтің қасында кәріс Ча Мин Гю болды. Чаңның да шашасына шаң жұқпайды екен. Жүйткіп өте шықты. Федор бәсекені 1 минут 10-да жүзден 62 секундта аяқтады.

Федор Мезенцев, конькимен жүгіруден ұлттық құрама мүшесі: 

– Айдын иесімен жүгірудің өз машақаты бар. Түк естілмейді. Тіпті бапкерлердің дауысын да естімейсің. Бірақ негізгі себеп ол да емес. Күш алып кету қиын болды. Демек қателік өзімнен.

Осы жарысқа риза болған Стансилав Палкин ғана. Белгілі бір дәрежеде сәтті өнер көрсеттім деп есептейді. Стасты түсінеміз. Мықтылар арасындағы аласалық аса байқалмайды. 1 минут 10-да мыңнан 149 секунд уақыт көрсеткіші жарыс кестесінен жиырма тоғызыншы орын ұсынды, отыз үшінші болып аяқтаған Мезенцевке қарағанда әжептәуір нәтиже емес пе?

Станислав Палкин, конькимен жүгіруден ұлттық құрама мүшесі:

– Қазір түк айтқым келмейді. Ештеңе де. Оңаша отырып ойлансам деймін. Солай өз өзіме келемін. Былайша айтқанда, мен үшін жаман нәтиже емес. Ендігі жарыстарда көрерміз.

Авторы: Амангелді Сейтханов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз