A+ A A-

«Хабар» Агенттігінің тілшісі Амангелді Сейтхан: Корейлер – қарапайым, байсалды халық

  • Сейсенбі, 06 Наурыз 2018 19:18

9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Корея жерінде төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсеке XXIII Қысқы Олимпиада ойындары өткен болатын.

Жер-жаһанның түкпір-түкпірінен келген 3 мыңға жуық спортшы бақ сынасқан алаңнан хабар таратқан тілшілердің еңбегін елемеске болмас. Осы орайда «Хабар» Агенттігінің тілшісі, көпке танымал спорт комментаторы Амангелді Сейтханды сұхбатқа тарттық.

- Амангелді, жақында ғана Оңтүстік Корея төрінде өткен дүбірлі доданың басы-қасында болып қайттыңыз. Жалпы кореялықтар қалай қарсы алды?

- Біз Инчхон әуежайынан түстік. Ал Қысқы ойындар сол жерден 270 шақырым қашықтықтағы Каннын, Пхенчхан деген екі қалада болды. Қала дегенде біздің түсініктегі қала емес. Біздің Бурабайды елестетсеңіз болады. Серуенге, саяхатқа тап-тамаша орын. Бүкіл әлем халқы біледі. Альпенсия аймағы, «Феникс» паркі – осының бәрі туризмге негізделген, сол жолда дамып жатқан өлке. Сол жерде XXIII Қысқы Олимпиада ойындары өтті. Онда халық көп емес. Ол жердің жұрты Сеулден, Пусаннан келген шығар, бірақ дәл сол жерде тұрғылықты адамдардың сан жағы тым аз. Біз болған жер таулы аймақ, теңіздің жағасы. Қар жоқ. Өте суық, жел азынап тұрады. Арқаның аязымен салыстыруға келмейтін шығар, бірақ әжептеуір суық.

- Корейліктерді қазақтарға ұқсайды деп жатады. Сіз мұнымен келісесіз бе?

- Мен өзім баяғыда айтатынмын. Жас кезімде біздің ауылға кәрістер келіп сарымсақ отырғызатын, қауын егетін. Ал бізді мектептен сол жерге апаратын. Сонда табиғаты бізге келетінін байқадық. Олардың салт-дәстүріне келсек, үлкенді сыйлайды, нағашыға зормән береді. «Анамыздың туыстары» деп нағашы ағаларын құрмет тұтады. Үлкеннің алдын кесіп өтпейді. Сосын олар жуас келеді. Өсек-өтірікке жоқ. Қарапайымдылығы, байсалдылығы біздің қазаққа келеді.

- Ал бұл сіздің нешінші Олимпиадаңыз?

- Бірінші барған Олимпиадамыз – Бейжің. Содан кейін Лондон, Ванкувер Олимпиадасы. Осы төртінші ғой деймін. Қиындық өткен жоқ. Біздің тәжірибеміз бар ғой. Ерте барып сайланамыз, жарыс өтетін аренаны қарап шығамыз. Арнайы орталыққа барып, мән-жайды анықтап алдық. Мамандармен алдын ала тілдесіп, зерттедік.

- «XXIII Қысқы Олимпиада ойындарының ерекшелігі – роботтар қызметі» деген болатын. Қандай әсерде болдыңыз?

- Роботты көрдік. Бір адам басқарып отырады. Сол жердегі Ким деген жігітпен сөйлестік. Өзінің роботын әкеліпті. Ол су тасиды. Кәдімгі қорапша секілді. Пультпен басқарып отырады. Жаныңызға келеді. Қақпағы ашылады, су аласыз. Шаңсорғыш роботтарды көрдік. Сосын фото. Бізде де ЭКСПО-да көрсетті ғой. Түсесіз, басасыз. Сосын жіберіп аласыз.

- 2022 жылы болатын Бейжіңде өтетін XIV Қысқы Олимпиада ойындарына жоспарыңыз қандай?

- Арман болады, мақсат та бар. Бірақ апарады ма, жібермейді ме, білмейміз. Біз жалдамалы әскер секілдіміз. «Бар» десе барамыз, «жоқ» десе ренжімей, қаламыз.

- Сіз нені армандайсыз?

- «Арман» деген нәрсені онша түсінбеймін. Ойланамын. Бірақ менің ойым ешкімді қызықтырмайды. Себебі мен өмір сүрген заман басқа, қазір басқа заман. Көп өзгеріс. «Біржан сал» деген кино шығарды. Сонда Біржан қабырғаға сүйеніп тұрып: «Қазақ, қартайыпсың ғой», – дейді. Мен сол қазақтың қартайғанын күнде көрем. Қартайған жақсы емес қой.

- Сұхбатыңызға рахмет! Жеңісті күндерде жүздескенше!

Авторлары: Перизат Саденова, Азамат Сәметов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз