A+ A A-

Қысқы Паралимпиада ойындары: Шаңғышы Александр Герлиц мәреге төртінші болып жетті

  • Дүйсенбі, 12 Наурыз 2018 17:34

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан Қысқы Паралимпиада ойындарында қазақстандық шаңғышы Александр Герлиц үздік нәтиже көрсетті.

Бүгін ерлер арасындағы 20 шақырымдық жарыста жерлесіміз мәре сызығын төртінші болып қиды. 

Біздің паралимпиадашылар 1994 жылдан бері қысқы ойындарда мұндай көрсеткішке қол жеткізбеген. Солтүстікқазақстандық шаңғышы жеңімпаздан үш минутқа қалып қойды. Алтын медаль украиналық шаңғышыда. Ал күміс француз жігітіне бұйырса, қола медальді норвегиялық спортшы еншіледі. 20 шақырымдық сайыста тағы бір қазақстандық Александр Колядин жарысқа қатысып, 18-ші орынға табан тіреді.      

Александр Герлиц, Қазақстан паралимпиада құрамасының мүшесі:  

– Бүгін ауа райы өте қолайлы. Жақсы көрсеткішке қол жеткізуіме осы фактордың да әсері болды. Сонымен қатар шаңғы жақсы майланған. Бір сөзбен айтқанда, бағым да, бабым да қатар шауып, спорттық мансабымдағы үздік нәтижені тіркедім.

Айта кетейік, Александр Герлиц Пхенчхан төрінде жерлестерімізбен бірге тағы бірнеше қашықтық бойынша бақ сынайды. Ал дәл осы 20 шақырымдық жарыстағы жетістігі үшін үкімет тарапынан 30 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Дәл сондай қаржылай марапатқа бапкері де ие болады. 

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз