A+ A A-
Сенбі, 24 Ақпан 2018 20:46

Оңтүстік Корея төріндегі XXIII Қысқы Олимпиада ойындары ертең аяқталады.

Тартыс қыза түскенде бүгін жарыс жолына қазақстандық шаңғышылар шыққан болатын. Қатарында ел зор үміт артқан Алексей Полторанин де болды. Өкінішке қарай, 50 шақырымдық классикалық сайыста медальға таласқан жерлесіміз шешуші сәтте сыр беріп, жүлделі орыннан тыс қалды. Аталмыш бәсекеге жерлестеріміз Евгений Величко мен Виталий Пухкало да қатысты. Бірақ спортшыларымыздың нәтижесі көңіл көншітпеді. Олар аламанды соңына дейін жүгіріп өткендерін жетістік санайды. Величко 39-шы болып келсе, Пухкало 52-ші орынмен Олимпиаданы аяқтады.

Сондай-ақ бүгін конькимен жүгіру бойынша жарыстар өтті. Ерлер арасындағы конькимен жүгіру спортында масс-старт бойынша Қазақстан сапынан айдынға Федор Мезенцев шықты. Ол бірінші жартылай финалда өз тобында 12 конькиші арасынан 11-орынмен жарысты аяқтады. Осылайша, қазақтандық конькишілер Пхенчхан Олимпиадасын жүлдесіз аяқтады.

Естеріңізге сала кетсек, конькиден Қазақстан құрамасы ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарына 10 жолдама ұтып алған болатын. Өкінішке қарай, бұл спорт түрінен ешкім жеңіс тұғырынан көрінбеді.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 28-орында келеді. Ал көш басында Қысқы Олимпиада ойындарында медальдар саны бойынша рекорд жаңартқан Норвегия құрамасы тұр.

Сенбі, 24 Ақпан 2018 19:15

Олимпиаданың жабылу салтанаты ертең сағат 17:00-де «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

XXIII Ақ Олимпиаданы ұйымдастырушылар бұл кеште дәстүрлі және заманауи мәдениетті бір арнада тоғыстырады. Сонымен қатар керемет шоу бағдарламада жоспарланған.

Ал Олимпиада жалауы келесі Қысқы ойындарын өткізуші Пекинге табысталады. Көпжылдық дәстүр бойынша жабылу салтанатында шаңғы марафонының жеңімпаздары марапатталады.

Жалпы 9-25 ақпан аралығында «Хабар» арнасы Олимпиада ойындарынан 100-ден аса қосылым жасаған. Пхёнчханға арнайы барған тілшілеріміз күн сайын тікелей эфирге шығып, репортаждар дайындап,  олимпиадалық көңіл-күйді тамаша жеткізе білді.

Олимпиада үшін ашылған khabar.kz/olympic сайтына 800-ден аса қызықты және эксклюзивті материал салынды. Төрткүл дүние көз тіккен доданың жабылу салтанатын Қазақстан халқы Жандос Айтбай және Асқат Жақаевтың комментаторлығында тамашалайды.

Жандос Айтбай, спорт комментаторы:

- Мысалы ашылу рәсімінде спортшылар бір қобалжу күйінде болады. Жарыс әлі басталған жоқ қой. Ал қазір жабылуында спортшылардң бәрі енді арқадан ауыр жүк түсті. Кез келген спортшыда болсын, жанкүйерлерде қимастық сезім болады. Сондықтан да осы жолы жабылу рәсімінде ұйымдастырушы ел тағы бір кереметтерін, тосын бір жаңалықтарын көрсетеді деген ойдамыз.

Сенбі, 24 Ақпан 2018 19:00

Ертең – XXIII Қысқы Олимпиада ойындарының соңғы күні.

Пхенчхан төрінде Қазақстан құрамасы тек бір ғана спорт түрінен жарысқа қатысады.

Әйелдер арасындағы шаңғы жарысының классикалық стильдегі 30 шақырымдық масс-стартында қазақстандық 3 спортшы ел намысын қорғайды. Олар: Анна Шевченко, Валерия Тюленева, Елена Коломина.

Басталуы: 12:15