A+ A A-
Сенбі, 24 Ақпан 2018 13:07

Пхенчхан Олимпиадасы шарықтау шегіне жетті.

23-ші кешенді сынның аяқталуына бір күн қалғанда тұтас қазақ елі үміт артқан Алексей Полторанин жарыс жолына шықты. 50 шақырымдық классикалық сайыста медальға таласқан жерлесіміз шешуші сәтте сыр беріп, жүлделі орыннан тыс қалды.

Соңғы түйенің жүгі ауыр. Тұтас қазақ елінің үмітін арқалаған Алексей Полторанин өзінің төртінші Олимпиадасына «не бел, не белбеу кетеді» деп келген-ді. Шығысқазақстандық шаңғышы 50 шақырымдық аламанда топ жарудан дәмелі мықтылардың бірі болды. Тіпті мамандар да Полтораниннің Пхенчханда жұлдызы жанады деген еді.

Классикалық марафонды қазақстандық спортшы сенімді бастады. Алғашқы 10 шақырымнан кейін медальдарды сарапқа салатын жүйріктер іріктелді. Алексей Полторанин алғашқы үштіктің қатарында суырылып алға шықты. Финляндиялық Иво Нисканен екеуі 20 шақырымнан кейін қарсыластарынан ұзай түсті. Алайда шеберлігі шыңдалған тәжірибелі шаңғышы нағыз толысқан шағында сыр берді.

Алексей Полторанин, Шаңғыдан Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Мен жарысқа тек қана жеңіске жетемін деп шықтым. Алайда ештеңе де бұйырмады. Қазір өкініштен өзегім өртеніп тұр. Бүгінгі нәтижеме ұялып та тұрмын. Сайыс кезінде шаңғы ауыстырдым, жақсы сырғанады. Оның нәтижеге кері әсері болған жоқ. Бүгін жарыс кезінде бәрі де шаңғысын ауыстырды. Бәріне өзім кінәлімін.

Алексей өзіне артылған жауапкершілікті жақсы сезінді. Бірден суырылып алға озған жерлесіміз 30 шақырымнан кейін шаршай бастады. Мәреге 8 шақырым қалғанда Қазақстандық шаңғышы үшінші орында келе жатты. Бірақ шешуші сәтте Алексейдің күш-қуаты сарқылды. Бір жарым минут қалып қойған өзге спортшылар біздің жігітті қуып жетті. Аламанды 15-ші болып аяқтаған жерлесіміз көз жасына ерік беріп, сұхбатты жалғастыра алмады.

50 шақырымдық классикалық сайысқа Евгений Величко мен Виталий Пухкало да қатысты. Қазақстандық щаңғышылар аламанды соңына дейін жүгіріп өткендерін жетістік санайды. Величко 39-шы болып келсе, Пухкало 52-ші орынмен Олимпиаданы аяқтады.

Евгений Величко, Шаңғыдан Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Басында көш бастаған топтың қарқынына ілесіп отырдым. Сосын күшім жетпей қалды. Мен үшін өте ауыр жарыс болды. Соңына дейін шыдап 50 шақырымды жүгіріп өткеніме ризамын. Ал бірақ нәтижеме көңіл толмайды.

50 шақырымдық классикалық сайыста финляндиялық Иво Нисканен Олимпиада чемпионы атанды. Күміс пен қола Ресейдің олимпиадалық спортшыларына бұйырды. Ертең, Қысқы Олимпиада ойындарының соңғы жарыс күні шаңғыдан қыздар арасындағы 30 шақырымдық марафон өтеді.

Авторлары: Қанат Базылхан, Ерсін Мұханбеталин

Сенбі, 24 Ақпан 2018 11:40

Қысқы Олимпиада ойындары аясында Норвегия құрамасы медальдар саны бойынша АҚШ командасына тиесілі рекордты жаңартты.

Норвегиялық тау шаңғышылар топтық сайыста қола медальды жеңіп алып, ел құрамасының қоржынына 38-ші медальды салды.

Ал бұрынғы нәтиже бойынша АҚШ құрамасы Ванкувердегі ойындарда 37 жүлде иеленген екен.

Айта кетейік, медальдық есепте Қазақстан Латвия мен Лихтенштейн елдерімен 27-ші орында тұр.

Сенбі, 24 Ақпан 2018 03:03

Бүгін Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан Пхенчхан Олимпиадасында 8 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстандық спортшылар спорттың 2 түрінен жарысқа қатысады. Қатысушылар арасында жүлдеге басты үміткер қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин де бар. 

Шаңғы жарысы. Масс-старт. 50 км. Ерлер.
Қатысушылар - Алексей Полторанин, Виталий Пухкало, Евгений Величко, Денис Волотка
Басталуы - 11:00

Конькимен жүгіру. Масс-старт. Жартылай финал. Ерлер.
Қатысушы - Федор Мезенцев
Басталуы - 17:45

Конькимен жүгіру. Масс-старт. Финал.
Қатысушы - финалға өткендер
Басталуы - 19:00