A+ A A-
Сейсенбі, 30 Қаңтар 2018 15:15

Үкіметте XXIII Қысқы Олимпиада ойындары туралы да айтылды.

Ақ Олимпиадаға біздің елдің спортшылары 57 лицензия ұтып алғанын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты. Сала жетекшісінің мәлімдеуінше, жолдамалар саны артуы мүмкін. Себебі қазір спортшыларымыз түрлі әлемдік жарыстарда бақ сынап жатыр. Жалпы ел үмітін арқалаған толағайларымыз 9 спорт түрінен жүлдеге таласады. «Ал олимпиадалық делегация алдындағы міндет – Сочидегі жарыстағы нәтижеден төмен өнер көрсетпеу», – дейді министр. Онда елімізден 11 спорт түрі бойынша 58 спортшы аттанып, жалғыз қола медальмен оралған еді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Олимпиада ойындарына дайындық барысында Ұлттық құрамаға барынша жағдай жасауға тырыстық. Себебі спортшылардың жоғары нәтижеге қол жеткізуі сапалы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгеніне байланысты. Бұл мәселе шешілді. Сонымен қатар Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік ұсынатын қажетті шараларды уақытылы және сапалы жүзеге асыруға ерекше назар аударылады.

Дүйсенбі, 29 Қаңтар 2018 19:03

Енді аз күнде Ұлттық құраманың мүшелері де сол жаққа аттанады.

Бірақ кей спортшыларымыз таңғы самал елінде өткен жылдың көктем айынан бері оңтүстіккореялық жаттықтырушылармен бірге дайындалып жатыр.

Қазақстандық спортшылар Сеул мұз сарайларының бірінде былтырғы мамыр айынан жаттығып жатыр. Олимпиада сайыстары мұнда өтпейді. Бірақ шорт-трекшілердің бейімделуі үшін бұл дайындық өте маңызды. Ал Олимпиадада осы спорт түрінен екі сайыпқыранымыз – осы елдің бұрынғы азаматы Әлия Ким мен Рудный қаласының тумасы Анастасия Крестова өнер көрсетеді. Оларды оңтүстіккореялық жаттықтырушы Юн Сын Нам дайындайды. Ол Анастасиямен ағылшынша, ал Әлиямен корейше сөйлеседі.

Юн Сын Нам, шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасының жаттықтырушысы:

- Мен Қазақстанның әйелдер құрамасын дайындауға Алматыда өткен Универсиададан соң кірістім. Қазір олар оңтүстіккореялық шорт-трекшілермен бірге жаттығады. Барлық бағдарлама Анастасия мен Әлияға арналып дайындалған. Анастасия Каннынға ақпанның 4-інде барады. Әлия сайысқа кейін түсетіндіктен 9-ында келеді. Ал мен жаттықтырушы ретінде екі араға жиі қатынайтын боламын. Әркімнің өз ырымы бар ғой. Мысалы мен жарыстарда үнемі бір киіммен жүремін.

Жаттығу кезінде Анастасия мен Әлияға Қазақстан құрамасының өзге де мүшелері мен Корея шорт-трекшілері көмектеседі. Кесте бойынша қыздар 2 сағат залда дайындалып, одан кейін 1 сағат мұз айдынында шеберлік шыңдайды. Анастасия қазір жүзі нидерландтық жаңа конькимен жүгіріп, бейімделіп жатыр. Өйткені ол осы конькимен ақпанның 10-ы күні жарысқа түседі. Олимпиаданың екінші күні Крестова 500 метрге жүгіреді. Жалпы ол үш қашықтық бойынша өнер көрсетеді.

Анастасия Крестова, шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі:

- Ұзақ қашықтыққа жақсы жүгіруің мүмкін. Ал келесі күні спринт. Нағыз сенің қашықтығың. Бірақ барлығы ойлағаныңдай шықпай қалуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде белгілі бір қашықтыққа ғана дағдыланудың қажеті жоқ. Бұл – өзіме қатысты түйген ойым. Мысалы мен тек 500 немесе 1,5 мың метр ғана емес, үш қашықтықта да бағымды сынап көрмекпін. Бұл – Олимпида, сондықтан бар күшті салып соңына дейін күресу қажет.

Әлия Кимнің ата-анасы Оңтүстік Кореяда тұрады. Бірақ қызын жарыс өтетін жерде емес, үйде көгілдір экран алдында отырып қолдауды шешкен. Каннынға Анастасияның да туыстары келе алмайды. Алайда өзі қазақстандықтардың қолдауын ұдайы сезінетінін айтады. 31 қаңтарда 22 жасқа толатын Анастасия өміріндегі тұңғыш Олимпиадада бағы жанатынына сенімді.

Анастасия Крестова, шорт-тректен Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі:

- Мұз айдынына шыққанда туған-туыстарың, дос-жарандарың көгілдір экран алдына жиналып, сен үшін уайымдап, жан-тәнімен жақтасатынын білесің. Тіпті бұл мыңдаған шақырым алыста болса да сезіледі. Менің тұмарым – отбасым, жақындарым және менің Қазақстаным.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Дүйсенбі, 29 Қаңтар 2018 12:00

Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқы Олимпиаданың алауы жағылуға да санаулы күндер қалды.

Еліміз 57 лицензия иеленіп, байрақты бәсекеде бақ сынау үшін 46 спортшы барады. Олар 9 спорт түрінен сынға түсетін болады. 7 ақпан күні Қазақстанның туы көтеріліп, 9-ында ресми түрде Ақ Олимпиаданың алауы жағылады. Дәл сол күні ел намысын бірінші болып қыздар арасындағы фристайл могул шеберлері қорғайтын болады.