A+ A A-
Жұма, 23 Ақпан 2018 20:00

Екі бірдей қашықтықта Олимпиада чемпионы атанған голландиялық Кьелд Ньейстің мың метрліктегі уақыт көрсеткіші 1 минут 07-де жүзден 95 секунд. Керемет пе?

Олай демес едік. Мысалы, біздің Денис Кузин кезінде осы қашықтықты 1 минут 07-де жүзден 71 секундта жүгірген. Демек аяқ та, шама да жететін жердегі нәтиже емес пе? Бірақ Денис мың метрді 1 минут 10-да жүзден 13 секундта өтті. Тіпті қатар жүгірген эстониялық Мартин Лиивтен де қалып қойды.

Денис Кузин, конькимен жүгіруден ұлттық құрама мүшесі: 

– Бірден заулап кету керек еді. Соған шама келмеді. Ә дегенде жүйрік шықпасаң, кейін ұтылған секундтарды қалыпқа келтіру қиын. Өзі бір қисайса, дүниені түзету қиындап кетпей ме?

Федор Мезенцевтің қасында кәріс Ча Мин Гю болды. Чаңның да шашасына шаң жұқпайды екен. Жүйткіп өте шықты. Федор бәсекені 1 минут 10-да жүзден 62 секундта аяқтады.

Федор Мезенцев, конькимен жүгіруден ұлттық құрама мүшесі: 

– Айдын иесімен жүгірудің өз машақаты бар. Түк естілмейді. Тіпті бапкерлердің дауысын да естімейсің. Бірақ негізгі себеп ол да емес. Күш алып кету қиын болды. Демек қателік өзімнен.

Осы жарысқа риза болған Стансилав Палкин ғана. Белгілі бір дәрежеде сәтті өнер көрсеттім деп есептейді. Стасты түсінеміз. Мықтылар арасындағы аласалық аса байқалмайды. 1 минут 10-да мыңнан 149 секунд уақыт көрсеткіші жарыс кестесінен жиырма тоғызыншы орын ұсынды, отыз үшінші болып аяқтаған Мезенцевке қарағанда әжептәуір нәтиже емес пе?

Станислав Палкин, конькимен жүгіруден ұлттық құрама мүшесі:

– Қазір түк айтқым келмейді. Ештеңе де. Оңаша отырып ойлансам деймін. Солай өз өзіме келемін. Былайша айтқанда, мен үшін жаман нәтиже емес. Ендігі жарыстарда көрерміз.

Авторы: Амангелді Сейтханов

Жұма, 23 Ақпан 2018 18:52

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындары шарықтау шегіне жетті.

Бүгін бірнеше спорт түрінен жарыстар аяқталды. Кешенді сынның соңғы медальдарын биатлоншы жігіттер сарапқа салды. 18 құрама арасындағы эстафеталық сынға Қазақстанның да мерген шаңғышылары қатысты. 

Жүлделі орынға жете алмаса да, жерлестеріміз Қысқы Олимпиада ойындарындағы соңғы сайыстарында бар шеберліктерін көрсетуге тырысты. Алайда біздің биатлоншылардың деңгейі тым төмен екені байқалды. Эстафетаны бірінші болып бастаған Максим Браун алғашқы нысана көздеуде қателік жіберген жоқ. Екінші мүмкіндігінде бір мәрте ғана мүлт кеткен Браунның нәтижесін Василий Подкорытов жалғастыра алмады. 

Шаңғымен шабан қимылдаған Василий нысана көздеуде де жарытпады. Қазақстандық биатлоншының атқан оғының төртеуі далаға кетті. Владислав Витенко да нысана көздеуде көп қателесіп, көш соңында қалып қойды. Нәтижесінде Қазақстанның эстафеталық құрамасы жарыстан ерте шығып қалды. Эстафеталық сында Швеция құрамасы Қысқы Олимпиада чемпионы атанды. Норвегия жігіттері күміс медальға қол созса, қола Германия биатлоншыларына бұйырды.

Максим Браун, Биатлонан Қазақстан құрамасының мүшесі: 

– Бізге қолдау білдірген жанкүйерлерге алғыс айтамын. Нәтижем жаман емес. Бірақ бұдан да жақсы көрсеткіштерге жетуге тырыстым. Қобалжудан қателіктер де болды. Ауа райы да аздап кедергі келтірді. Бірақ біз соңына дейін жарыстық. Шамамыз келгенше тәуір нәтижелер көрсетуге ұмтылдық.

 
Жұма, 23 Ақпан 2018 18:47

Бүгін Оңтүстік Кореяда Олимпиада ойындарының кезекті күні аяқталды. Қазақстандық спортшылар спорттың 3 түрі бойынша қатысып, тағы да жүлделі орынға іліне алмады.

Мәнерлеп сырғанау шебері Элизабет Тұрсынбаева жекелей сайыста 12-орынға жайғасты. Ол қысқа бағдарламада 58,82 ұпай, еркін бағдарламада 118,30 ұпай, қос бағдарлама қорытындысы бойынша 177,12 ұпаймен Пхенчхан Олимпиадасын аяқтады.

Бүгін айдынға шыққан конькишілеріміздің де жолы болмады. 1000 м қашықтықта Қазақстан коньки құрамасынан сынға түскен Денис Кузин 27-орын, Станислав Палкин 29-орын, Федор Мезенцев 33-орынды қанағат тұтты.

Ал биатлоншылар жарысты аяқтай алмады. Максим Браун,  Василий Подкорытов, Владислав Виткенко және Роман Еремин ерлер арасындағы эстафетада  үшінші айналымға келгенде жарыстан шеттетілді.

Бүгінгі жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан бейресми медаль кестесінде 27 орында тұр. Естеріңізге сала кетсек, фристайлдың могул түрінен Юлия Галышева Қазақстан қоржынына бір қола медаль салған болатын.