A+ A A-

Қазақстан қоржынына Рио Олимпиадасының қос жүлдесі түсті

  • Жексенбі, 07 Тамыз 2016 09:31

Рио-де-Жанейродан сүйінші хабар жетті. Олимпиаданың алғашқы жарыс күні дзюдошылар Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцэцэг жүлдегерлер қатарынан орын алып, тұтас әлемге Қазақстанның атын паш етті.

«Кариока» аренада төселген татами қазақ спортшыларына құт болды. Бүгін екі бірдей дзюдошы жанкүйерлерді қуантып, Олимпиаданың жүлдегерлері қатарынан көрінді. Елдос Сметов күміс жүлдегер атанса, Галбадрах Отгонцэцэг қола медаль иегері атанып, қазақ жанкүйерлерін тағы бір қуантты.

Рио-де-Жанейро Олимпиадасын дзюдошыларымыз табысты бастады. Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцэцэг өздеріне артылған сенімді ақтады. Екі балуан да медальден үмітті мықтылардың қатарында болатын. Сондықтан қазақ елі «Кариока» аренадағы кілемге көз тікті.

60 келі салмақтағы Сметов алдымен ливиялық Элкабисаны еркін ұтып, ширек финалға барар жолда британиялық Макензидің мысын басты. Сосын Диорбек Урозбаевпен белдесті. Өзбек дзюдошысы біздің балуанға жақсы таныс.

Сондықтан сыралғы қарсыластардың жекпе-жегі аса тартысты өтті. Алайда Урозбаевтің шалт қимылы қазақ жігітін жартылай финалға алып шықты.

Әзербайжандық Орхан Сафаров та тараздық спортшыға қарсы тұра алмады. Финалда ресейлік Беслан Мудрановпен сайысқа түскен жерлесіміз қосымша уақытта ұтылып қалды.

Елдос Сметов, дзюдодан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері

-Көңіл-күй керемет, алтынға үміттенгенбіз, бұйырғаны осы болды, Алла қаласа, бұл бастамасы деп есептеймін. Өйткені мен әлі жаспын, келесі Олимпиадада ел үмітін ақтаймын, алтын аламын деген сенімдемін. Сол үшін еңбек етемін. 

Ермек Иманбеков, дзюдодан Қазақстан құрамасының бас бапкері

-Біз алтын аламыз деп ойладық. Оған мақсатымыз да болды. Енді кішкене жетпеді. Осыған да тәуба. Екінші орын алдық. Бұл бала әлі жас, әлі елімізді қуантады деп ойлаймын. 

Елдостың ерлігін 48 келідегі Галбадрах Отгонцэцэг қайталады. Моңғолиядан ауып келген жұдырықтай балуан қыз қазақ еліне қола медаль сыйлады. Галбадрах ширек финалда жапониялық Ами Кондодан ұтылып, қола жүлде үшін белдесуге Венгрия мен Куба спортшыларынан басым түсті. Бұрын-соңды біздің дзюдошы қыздар Олимпиада ойындарында жүлде алған емес.  

Галбадрах Отгонцэцэг, дзюдодан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері

-Олимпиада ойындарындағы алғашқы қола медаліме қуаныштымын. Осы жетістікке жету үшін жаттықтырушылар мен тиісті мекемелер үлкен көмек көрсетті. Қазақстан халқына, маған қол ұшын созған барлық жандарға алғыс айтамын. Финалда күресуге шамам жететін еді. Бірақ өз қателігімнен ұтылып қалдым. 

Бүгін татамиге 66 келі салмақтағы Жансай Смағұлов шығады. 

Авторлары: Қанат Базылхан, Ерсін Мұхамбеталин

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Copyright©2016 «Хабар» Агенттігі

Copyright©2016 Khabar Agency

Серіктестер

Жоба туралы

Риода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына арналған арнайы олимпиадалық веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті