A+ A A-

Карина Горичева Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды

  • Сәрсенбі, 10 Тамыз 2016 01:34
Карина Горичева Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды Изтурган Алдауев

Рио-де-Жанейро Олимпиадасының сүйінші хабар жетті. Зілтемірші қыздар арасындағы сайыста Қазақстандық Карина Горичева қола медальға қол созды. 31-ші Олимпиада ойындарында жүрген тілшіміз Қанат Базылхан хабарлайды.

Қанат Базылхан, спорт шолушысы

-Олимпиада ойындарының төртінші жарыс күні ауыр атлеттерде рекордтар жауған күн болды. Бүгін 63 келідегі әйелдер арасындағы сайыста қазақстандық Карина Горичева қола медальға ие болып, еншімізге төртінші медальды салды. Жалпы қытай мен кәріс спортшылары арасындағы бәсекеде үш бірдей Олимпиада рекорды жаңарып, бір мәрте әлем рекорды қайта өзгерді.

Олимпиада чемпионы атанған Қытай қызы Дэн Уэй серпе көтеруде 147 келіні бағындырып, әлемдегі өзіне тиесілі жетістіктің қаймағын бұзды. 

Қоссайыста 262 келіні бағындырған ол Олимпиада және әлемдік рекордтың су жаңа иегері атанды. 

Естеріңізге сала кетейік, қоссайыстағы Олимпиада рекордты жерлесіміз Мая Манезаға тиесілі болатын. 

Карина Горичева жұлқа көтеруде 111 келіні еңсеріп, алғашқы жаттығу бойынша екінші орынға жайғасты. Серпе көтеруде бәсекелестік көп созылмады. Жарыс аяқталмай жатып, қазақстандық атлеттің кем дегенде қолаға қол созатыны белгілі болды. 

Екінші сында 132 келіні ырқына көндірген Карина Рио Олимпиадасының қола медальін мойына тақты.

Карина Горичева, Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері

-Мен бүгінгі көтерген нәтижелеріме риза емеспін. Алайда бұл қола медаль мен үшін ең қымбат жүлде. Аздап қобалжыдым, еліміз алдындағы жауапкершілік жүгін сездік. Көрермендер көп екен, солардың айқайы да кедергі келтіріп, өз мүмкіндігімді толық пайдалануға кері әсерін тигізді.

Қазақстандық спортшыларды қолдауға елімізден 100-ге жуық жанкүйер келіпті. Арасында Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев те бар.

Серік Сәпиев, Лондон Олимпиадасының чемпионы

-Мен осы Риоға біздің спортшыларды қолдауға келдім. Өздеріңіз көргендей, біздің спортшылар медаль алып жатыр. Жақсы өнер көрсетіп жатыр. Бүгін Карина Горичева жақсы өнер көрсетті, қола медаль алды. Құттықтаймын. Біздің спортшыларымызға сәттілік тілеймін.

Ауыр атлеттер аренасы қазақ спортшыларына құт болып тұр. 

Енді жарыс жолына Жазира Жапарқұл мен Ниджат Рахимов шығады. 

Авторлары: Қанат Базылхан, Мейрамбек Ахмаханов

 

 

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Copyright©2016 «Хабар» Агенттігі

Copyright©2016 Khabar Agency

Серіктестер

Жоба туралы

Риода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына арналған арнайы олимпиадалық веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті