A+ A A-

Қазақстандық боксшылар 4 медальмен Рио Олимпиадасын аяқтады

  • Сенбі, 20 Тамыз 2016 05:53
Қазақстандық боксшылар 4 медальмен Рио Олимпиадасын аяқтады Фото: Данияр Майлыбаев

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиада ойындарына алғаш рет толық құраммен қатысты. 10 салмақта 10 спортшы шаршы алаңға шығып, оның төртеуі  жүлдемен оралды.

69 келіде ел намысын қорғаған Данияр Елеусінов Рио Олимпиадасында төрт кездесу өткізді. Алдымен ағылшын боксшысы Джош Келлиді, ширек финалда венесуэлалық Габриэль Маэстраны, жартылай финалда француз боксшысы Сүлеймен Сиссоконы, ал финалда өзбекстандық Шахрам Гиясовты жеңді.

Бокстан алғашқы жүлдені ел қоржынына 91 келідегі Василий Левит салған болатын. Жерлесіміз финалға дейін қарсыластарынан айласын асырып келді. Алғашқы жекпе-жегінде Қытай боксшысы Юй Фенкайды нокдаунға жіберіп, үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Ширек финалда маврикалық Кеннеди Сен Пьерді айқын басымдықпен ұтып, жартылай финалда кубалық Эрисланди Савонды жеңді.

Финалда 2015 жылғы әлем чемпионы, ресейлік Евгений Тищенкомен кездесті. Жекпе-жек жеңімпазы ретінде төрешілер Тищенконы санағанымен, көрермендер бұл шешіммен келіскен жоқ.

Екінші күмісті Әділбек Ниязымбетов еншіледі. Ол 1/8 финалда беларусь боксшысы Михаил Долголевецты, ширек финалда әзірбайжандық Теймур Мамедовты ұтқан болатын. Жартылай финалда британдық Джошуа Буатсиден басым түсіп, финалда кубалық Хулио Сезар Ла Крузбен қолғап түйістірді. Жекпе-жек Ла Круздың еншісіне шешіліп, отандасымыз Әділбек Ниязымбетов Рио Олимпиадасының күмісіне қол жеткізді. Ниязымбетов осымен екінші рет Олимпиада ойындарында күміс жүлдеге ие болды. Ол бұған дейін Лондон Олимпиадасында да ел қоржынына күміс медаль салған болатын.

Бокстан ерлер құрамасынан ауыр салмақта Иван Дычко сынға түсті. Дычко жарысты 1/8 финалдан бастады. Алдымен әзірбайжандық Магомедрасул Меджидовтан басым түсті. Ол кезде Меджидовтің қабағы жыртылып, дәрігерлер оған жарысты жалғастыруға тыйым салған еді. Екеуі бұған дейін екі рет кездескен. Соның екеуінде де әзірбайжандық жеңіске жеткен еді. Бұл жолы Дычко есе қайтарды. Ал ширек финалда Эфе Аджагбаны ұтты. Бірақ жартылай финалда қарсыласына есе жіберді. Жартылай финалда қазақстандық боксшы Джозеф Джойспен кездесті. Бірінші раундта үш төреші де жерлесімізге берді. Ал екінші үш минуттықта ирландиялық белсенділік танытып, таразы басын теңестірді. Үшінші шешуі раундта Джойс жеңісті жұлып алды. Сөйтіп, Иван Дычко Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері атанды. Бұған дейін Лондон Олимпиадасында үшінші орын алған еді.

Присяжнюк бапкер бастаған бұрымды боксшыларымыз Рио Олимпиадасынан бір қоланы қанағат тұтты. 51 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Жайна Шекербекова ширек финалда қарсыласынан жеңіліп, Рио Олимпиадасында жүлдесіз қалды. 75 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Дариға Шәкімова қола жүлдеге ие болды. Дариға Шәкімова бастапқы екі кездесуінде канадалық екі дүркін әлем чемпионы Артин Фортин мен марокколық Хадиджу Мардиды жеңді. Өкінішке қарай, жартылай финалда Лондон Олимпиадасының чемпионы Клариссе Шилдске есе жіберді.

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Copyright©2016 «Хабар» Агенттігі

Copyright©2016 Khabar Agency

Серіктестер

Жоба туралы

Риода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына арналған арнайы олимпиадалық веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті