A+ A A-

Қазақстандық боксшылар Рио Олимпиадасын қос қола медальмен аяқтады

  • Сенбі, 20 Тамыз 2016 11:20

Бұл жолы ел қоржынына тағы екі медаль түсті. Қос қоланы Иван Дычко мен Дариға Шәкімова салды. 

Қазақстандық былғары қолғап шеберлері Рио-де-Жанейро Олимпиадасын қос қола медальмен аяқтады. Аса ауыр салмақтағы Иван Дычко жартылай финалда британиялық Жое Джойспен шаршы алаңға шығып, қарсыласына жеңісті беріп қойды. Қазақстандық боксшы алғашқы раундта жақсы өнер көрсетіп, төрешілердің назарын өзіне бұрды. 

Алайда Дычконың қарқыны қалған екі кезеңге жетпеді. Екінші, үшінші раундта Джойс қарқын алып, біздің жігітті соққының астына алды. 

Жекпе-жектің соңына қарай шаршап қалған жерлесіміздің үшінші орынды қанағат тұтқаны да байқалды. Оны бапкерлер де айтады. Дычконың өзі де төрт жыл бұрынға Лондон олимпиадасындағы жетістігін қайталағанына риза секілді. 

Иван Дычко, Рио олимпиадасының қола жүлдегері

-Мен қолаға қуанып та өкініп те тұрған жоқпын. Төрт жыл бұрын үшінші орын алғаныма риза емес едім. Ал бұл жолы менде ондай өкініш жоқ. Шаманың жеткені осы болды. Маған бұйырғанын алдым. Қола медаль да – жеңіс. Бапкерлеріме рахмет айтамын. Жартылай финалда ұтылғаныма өзім кінәлімін.

Мырзағали Айтжанов, Ұлттық құраманың бас бапкері 

-Үшінші орынды қанағат тұтқандай болды. Екі, үш күн бойы қанша дайындасақ та жігер көрсетпеді. Жеңісті қолдан берді.

Әйелдер арасындағы бокс бәсекесінде Дариға Шәкімова қолаға жетіп тоқтады. Қазақстандық былғары қолғап шебері жартылай финалда Лондон олимпиадасының чемпионы Америкалық Клара Шилдстен жеңіліп қалды. Қараторы қыздың Дариғадан әлдеқайда мықты екені бірден байқалды. 

Төрт раунд бойы бір демде жұдырықтасқан америкалық боксшы Шәкімоваға еш мүмкіндік бермеді. «Тіпті құрған жоспарымыз да жүзеге аспады», – дейді жаттықтырушылар. Алайда Шәкімова атақты қарсыласымен лайықты жұдырықтасты. Қарсы шабуылдарға шығып, алтын үшін аянып қалмады. Бірақ тәжірибелі Клара шаршы алаңдағы шеберлігін дәлелдеп, екінші алтынға қарай қадам басты.    

Дариға Шәкімова, Рио олимпиадасының қола жүлдегері

-Қарсыласымды ұту үшін жылдам қимылдау керек болды. Бірақ мен оның осал тұсын аңдимын деп уақыт жоғалтып алдым. Әрине, олимпиаданың қола медальына жету үшін де қанша тер төктік. Енді бұйырғаны осы.

Қанат Базылхан, спорт шолушысы

-Қазақстандық боксшы қыз-жігіттер Рио-де-Жанейро олимпиадасын аяқтады. Былғары қолғап шеберлеріміздің еншісінде бір алтын, екі күміс, екі қола медаль бар. Әрине біздің жігіттер кем дегенде екі олимпиада алтынын ұтып алуды жоспарлаған еді. Бірақ қазылардың аяқтан шалуы жиілеп, қазақстандық боксшылардың тағдырын қарсыластары емес төрешілер шешіп кетті.

Авторлары: Қанат Базылхан, Ерсін Мұханбеталин

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Copyright©2016 «Хабар» Агенттігі

Copyright©2016 Khabar Agency

Серіктестер

Жоба туралы

Риода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына арналған арнайы олимпиадалық веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті