A+ A A-

Риодағы паралимпиадаға қазақстандық 10 спортшы қатысады

  • Дүйсенбі, 22 Тамыз 2016 17:37
Риодағы паралимпиадаға қазақстандық 10 спортшы қатысады фото:interfax.ru

Биыл Рио-де-Жанейрода өтетін паралимпиада ойындарына елімізден 10 спортшы қатысады. Жарыс қыркүйектің 7-сі басталып, 18-інде аяқталады.

Бұл жолы спортшылар 20 жылдан бері жаңармаған нәтижені өзгертіп, қоржынға медаль салуды көздейді. Жаттығу залында дайындық үздіксіз жүргізіледі. Санаулы күндерден кейін спортшылар Риодағы паралимпиада ойындарына аттанып, ел намысын қорғайды. Қазір уақыт алтынмен тең. Әсіресе, Вадим Дукарт бір айдан бері күніне 5 сағат жаттығып жүр.

Вадим Дукарт, спортшы

-Қарсыластарым қарымды. Әрі менен әлдеқайда жас. Ағзалары тұрақты дамып келеді. Дәл сол спортшылармен Кореяда, Малайзияда және Алматыда кездестім. 2014 жылы 170 келі көтеріп, рекорд орнатқам. Өз салмағымды ұстап тұруға көп күш саламын.

Вадимнің пауэрлифтингпен айналысып жүргеніне 13 жылдан асты. Жас кезінде көлік апатына ұшырап, омыртқасы зақымданса да, спортқа деген ынта-жігерін жоғалтқан жоқ. Керісінше, кәсіби түрде шұғылданды. Гүлбану Әбдіқалықова мен Раушан Қойшыбаева да тағдыр тауқыметіне мойымай, салауатты өмір салтын ұстанды. Тіпті ел қоржынына жүлде салып үлгерді. Енді қос спортшы қыз олимп шыңын бағындырғысы келеді.

Гүлбану Әбдіқалықова, спортшы

- Бұл олимпиадаға 11 жыл дайындалдым. Бірінші рет барғалы тұрмын. Сәл уайымдап та жүрмін. Медаль алғым келеді. Жалпы бұған дейінгі жарыстарда 5 алтын жүлде иеленген едім.

Раушан Қойшыбаева, спортшы

- Менің салмағымдағы мықты бәсекелестерім Қытай, Мысыр және Ресей сынды елдерден барады. Жалпы оңай қарсылас жоқ. 2 жылдан бері халықаралық жарыстарға қатысып келемін. Шетелдік спортшыларды көріп, өзіме мақсат қойдым.

Бұл жолғы паралимпиада ойындарына қатысу үшін қазақстандық спортшылар пауэрлифтингтен алғаш рет лицензияға қол жеткізді. Бұл орайда, әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда тұрған Раушан Қойшыбаеваға зор сенім артылып отыр. Жалпы Риодағы мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы жаһандық жарысқа 10 жерлесіміз аттанып, суда жүзу, жеңіл атлетика, садақпен ату, дзюдо және пауэрлифтинг сынды спорттың 5 түрінен сынға түседі.

Гүлнәр Джейлан, «ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті» ҚБ PR-менеджері

- Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға жаттығу құралдары сатылып алынды. Әсіресе пауэрлифтингке арналған зал жоқ болатын. Оған қоса, суда жүзушілерге қол арба сатып әпердік. Әрине, паралимпиада дамып келе жатқанына қуанамыз. 

Мамандар сөзіне сүйенсек, еліміз бойынша 600 мың мүмкіндігі шектеулі жан бар. Солардың 15 мыңы спортпен айналысса, 1000-ға жуығы кәсіби түрде шұғылданады. Олардың әрқайсысы әлемдік додаларға қатысып, ел абыройын асқақтатып келеді. Айта кеткен жөн, Риодағы паралимпиада ойындарында жеңімпаз немесе жүлдегер атанған спортшыларға мемлекет тарапынан пәтер және 50 мың долларға дейінгі сыйақы беріледі. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ерзат Зайытхан.

Ақпарат көзі: 24kz

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Copyright©2016 «Хабар» Агенттігі

Copyright©2016 Khabar Agency

Серіктестер

Жоба туралы

Риода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына арналған арнайы олимпиадалық веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті