A+ A A-

Марат Мықтыбеков: Қазақстан қыздар құрамасын шетелдік маман жаттықтырады

  • Сейсенбі, 20 Қыркүйек 2016 14:43

Риода өткен Олимпиада нәтижелері мен дзюдо күресінің болашақ дамуы жайлы Дзюдо федерациясының бірінші вице-президенті Марат Мықтыбековтің сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз!

-Маратбек Сәменбекұлы, әңгімемізді Олимпиада ойындарынан бастасақ. Рио Олимпиадасында жоспар орындалды ма?

-Рио Олимпиадасынан екі медаль аламыз деп жоспарладық. Медаль көлемі бойынша жоспарымыз орындалды. Бірақ алтын аламыз деп үміттендік. Алтынға бір табан жақындағанымызбен, бұйырмады. Елдос Сметов финалға дейінгі қарсыластарына есе жіберген жоқ. Финалда да осал қарсылас емес екендігін көрсетті. Негізгі уақытта Елдос қарсыласына айла-тәсіл қолдануға мүмкіндік бермеді. Қосымша уақытта мүлт кетіп, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Өздеріңіз білетіндей, Галбадрах Отгонцэцэгті Моңғолиядан арнайы бапкерімен шақырттық. Ол бір жыл ішінде рейтингті ноль ұпайдан бастап, Олимпиадада қола жүлде әкелді. Бұл Қазақстан дзюдо тарихындағы әйелдер арасындағы тұңғыш жүлде. Кіл мықтылар қатысқан бұл додадағы Отгонцэцэг пен Елдостың белдесуін шетелдік мамандар жоғары бағалап отыр.

Рио Олимпиадасында дзюдошыларымыз екі медальмен Қазақстан дзюдо тарихында болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Бұған дейін Олимпиада ойындарында дзюдодан Асхат Жіткеевтің күмісі ғана болса, биыл тағы бір күміс, бір қола медаль қосылды. 

-Олимпиададан екі медаль алғанымызбен, мақтанышымыз Максим Раков жеңіс тұғырынан көріне алмады, оған не жетсіпеді деп ойлайсыз?

-Екінші медалді Раков Максимге жоспарлаған болатынбыз. Себебі Максимнің Олимпиадаға дайындығы өте жақсы болды. Күрделі жоспармен өзін жеке дайындадық. Өкінішке қарай психологиялық тұрғыдан татамиге шыққанда, әлсіздік танытты. Белдесуіне келер болсақ, тең күрес болды. Жеке пікірім, төреші екі жақа бірдей назар аударып, күресуге мүмкіндік беруі керек еді. 

-Қалған спортшылардың белдесуі туралы не айтасыз?

-Жансай Смағұлов, Дидар Хамза, Максим Раков те финалистерге ұтылды. Бұл өзімізді жұбату емес, фавориттерге есе жіберді. Жеребе тартылғанда, Жансайдың салмағындағы басты фаворит саналатын Әлем Чемпионы Ан Баул екеуі бір топқа түсті. Жансай алғашқы қарсыласынан өткенімен, Ан Баулға есе жіберді. 73 келіде сынға түскен жас балуанымыз Дидар Хамзаның күресі жақсы болды. Дидардың күресіндегі төрелікке келіспеймін. Менің ойымша, екінші белдесуінде Дидарға ескертуді орынсыз берген сияқты. Әйтпесе, осал күрескен жоқ. Әзербайжандық қарсыласына ескерту санының көптігімен ғана есе жіберді. Біздің тараптан да кеткен бір қателік бар. Ол – Дидарды Олимпиадаға дайындамауымыз. Өздеріңіз білетіндей, Олимпиада басталуына санаулы күн қалғанда, Дидарға Халықаралық Дзюдо федерациясынан Рио Олимпиадасынан жолдама келді. Егер бұл палуанымызды да тікелей Олимпиадаға дайындағанымызда, нәтиже басқаша болар ма еді?! Мариан психологиялық тұрғыдан дайын болмады деп ойлаймын. Әйтпесе бұл қарсыласымен Азия чемпионатында белдесіп, ұтқан болатын. Барлық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, физикалық тұрғыдан дайындығы өте жоғары болған еді. Жалпы тек Марианның емес, қыздардың күресі бізде ақсап тұрғаны жасырын емес.

-Қазір дзюдошы қыздарымызға не жетіспейді?

-Біздің қыздарға физика, техника жетіспейді. Қыздардың күресе алмауы мүмкін емес. Материалдық тұрғыдан барлық жағдай жасалған. Құлшынып тұрған жастар жетерлік.  Бірақ қыздар күресінде жаттығулары басқаша болуы керек. Біз қазір нақты қай әдіспен дайындарымызды білмей отырмыз. Жақсы маманның қолына тапсырсақ, нәтиже де жақсарады деп ойлаймын. 

-Демек, бапкерлер құрамы өзгереді ғой?

-Федерация басшылығы және бапкерлер құрамымен отырып, ақылдасатын боламыз. Әрине, қыздар күресінде бізде түбегейлі өзгеріс болады. Шетелдік маман, Галбадрах Отгонцэцэгтің жеке бапкері Энхбаатар Дашжамцқа әйелдер құрамасын тапсырамыз. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы, кеңесшісі ретінде жаңа жылдан бастап іске кіріседі.

-Энхбаатар Дашжамцтың шәкірті Галбадрах Отгонцэцэг Қазақстан сапында қашанға дейін күреседі?

-Галбадрах Отгонцэцэг Қазақ еліне риза деп ойлаймын. Оңтүстік өңірі бауырына басып, чемпионға лайықты құрмет көрсетіп жатыр. Тікелей өзінен сұраған жоқпын, бірақ өз карьерасының соңына дейін Қазақстанда қалады деп ойлаймын. 

Отгонцэцэг Қазақстанға келгенге дейін Моңғолияда №2 спортшы еді. Бізге келіп, іріктеу сындарында жақсы көрсеткішке жетіп, 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемнің ең үздік он спортшысының қатарына кірді. Қазақстанға бапкерімен әкелген уақытта «неге өз балуандарымызды дайындамайсыңдар? Шетелдің спортшысы бізге керек пе?» деген сынды теріс пікірлер болды. Алайда бұл халықаралық тәжірибе. Дзюдо бізде жас спорт саналғандықтан, жақсы мамандармен іргетасын берік қалауы керек.

-Қазақстанда 60 келіде басты фаворит – Елдос Сметов. Рустам Ибраев Елдостың көлеңкесінде қалып қоймайды ма?

-Біз Рустам Ибраевқа 66 келіге ауысуға ұсыныс жасадық. Бірақ ол осы салмақта қаламын деп ниет білдірді. Қай салмақта күресетінін әр спортшы өзі шешеді. Тек ұсыныс жасаймыз, оны қабылдаған жағдайда спортшының пікірімен санасып әрі қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Спортта бақ пен бап қатар жүреді ғой. Іріктеу турнирлерінде Рустамға кішкене бап жетіспегені анық. Біз Рустамды да Елдосты да бөліп жармаймыз. Екеуі де  рейтинге көш бастап тұрған шеберлігі өте мықты дзюдошыларымыз. Мүмкін, келесі төртжылдықтың басты додасында Рустам топ жарар. Қазақстанда жеңіл салмақта конкуренция өте үлкен. Елдос Сметов, Рустам Ибраев ағаларының қатарына жастар арасындағы әлем чемпионы Мағжан Шамшидин, жастардан Олимпиада ойындарының чемпионы Бауыржан Жауынтаев жаңа жылдан бастап қосылады. 

-Қалған салмақтардағы бәсекелестік жөнінде не айтасыз?

-60 келіде Елдос Сметов пен Рустам Ибраев болса, 66 келіде Жансай Смағұлов, Елдос Жұмаханов, Азамат Мұханов бар. 73 келіде Дидар Хамзамен бірге күресетін тағы екі жас балуанымыз бар. Олар – Шаймерденов Бекәділ мен Сембаев Мадияр. 81, 90 келіде де жақсы күресетін жас балуандар жетерлік. Алдағы уақытта жастармен жұмысымызды нығайтамыз. Себебі олар  біздің ертеңіміз. Бүгін біз оларды дайындасақ, болашақта олар бізге оң нәтиже көрсетеді деген сенімдемін. Ал аса ауыр салмақта спортшылар жоқтың қасы. Жастардан ерекше көзге түсіп жүрген Никита Азаров тынбай еңбектенсе, біраз жерге барады.  

-Ауыр салмақ демекші, осы салмақта күресіп жүрген Максим Раков әрі қарай күресін жалғастыра ма?

-Максим карьерасын әрі қарай жалғастыру я жалғастырмауын өзі шешеді. Бірақ әлі нақты шешім қабылдағаны жөнінде ешқандай сөз қозғалмады. 

-Алдағы уақытта жастармен жұмысты нығайтамыз деп отырсыз. Дегенмен, жастар сапында белсенділігімен көзге түскендер, ересектер сапына ауысқанда формасын жоғалтып алғандар көп. Осының себебі не деп ойлайсыз?

-Жастар құрамасынан ересектер құрамасына ауысқанда, кейбіреулері штаттық құрамаға кіре алмай қалады. Содан кейін спортшы артқа кете бастайды. Штаттық құрамада болмағаннан кейін спортшы көп жарысқа қатыса алмайды, жаттығулардан қалатыны тағы бар. Сосын қол сілтеп, тастап кетіп жатады. Тағы бір себебі, жастар мен ересектер арасында байланыстың болмауынан да мәселе туындайды. Біз ересектер құрамасында осындай ыңғайсыздық болмас үшін жастар мен ересектерді бірге араластырып, жаттықтырып жүрміз. Нәтижесінде жастар ортасына үйреніп, сол атмосфераға дағдыланады. Дәл осы тәсілмен жұмысымызды жалғастыратын болсақ, Токио Олимпиадасына дейін төрт жыл ішінде барлық салмақтан спортшы дайындап шығуға толық мүмкіндік бар деп ойлаймын. Жаңа маусымнан бастап федерация басшылығы мен бапкерлер тарапы осы бағытта ақылдасып, іске кіріседі. 

-Спортшыларға психологтардың да көмегі орасан зор екені анық. Жалпы дзюдошылардың психологтармен байланысы қандай?

-Спортшыларымызды психологпен жұмысы жақсы. Шетелден осыған арнайы маман шақырған болатынбыз. Нәтижесінде халықаралық үлкен турнирлерде дзюдошыларымыз оң көрсеткішке қол жеткізуде. Байқасаңыз, қазақастандық спортшылар татамиге өте сабырлы қалыппен шығады. Ұтса да, ұтылса да, бірқалыпты эмоциямен күресті аяқтайды. Мұны қазақ спортшыларының бойына біткен бір биязылық деп бағалаймын. 

-Жақында ашылған тұңғыш дзюдо академиясы жұмысын қашан бастайды?

-Алматыдағы дзюдо академиясы көктемде ашылды. Ғимарат құрылысы 100% аяқталғанымен, құжаттарды әлі бекітіп жатырмыз. Жаңа академия барлық халықаралық талаптарға сай. Спорт кешенінде 4 татамиге арналған зал, тренажер залы, 100 адамға арналған жатақхана мен асхана орналасқан. Ішінде Қазақстан ұлттық құрамасының ғана спортшылары емес, дзюдо күресіне енді қызығушылық танытқан жеткіншектер де жаттығатын болады. Аймақтағы жас спортшылармен жұмысты жандандырамыз деп, алдымызға жоспар қойдық. Академияда халықаралық дәрежеде оқу-жаттығу жиындары, шетелдік мамандардың қатысуымен семинарлар мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды көздеп отырмыз. 

-Сұхбатымызды қорытындылап, алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

-Жазғы Олимпиада ойындары Рио Олимпиадасымен тоқтап қалмайды. Одан кейінгі Олимпиадада жоғары нәтижеге ие болу үшін негізгі жұмысты қазірден қолға алғанды жөн санадық. Рио Олимпиадасы аяқталғанда, құраманың кеңесшісімен ақылдасып, Токио Олимпиадасына дайындықты биылдан қалдырмай бастайтын болып шешім қабылдадық. 

-Әңгімеңізге рахмет!

 
Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Copyright©2016 «Хабар» Агенттігі

Copyright©2016 Khabar Agency

Серіктестер

Жоба туралы

Риода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына арналған арнайы олимпиадалық веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті