A+ A A-

Универсиада-2017: Алина Райкова алғашқы алтын медаль алды

  • Сейсенбі, 31 Қаңтар 2017 12:23

Биатлоншы қыз Алина Райкова бүгін Бүкіләлемдік Универсиада ойындарының чемпионы атанды. Қазақстандық спортшы 15 шақырымдық жекелей сында топ жарды. Сөйтіп ел қоржынына күміс пен қола медаль да түсті. 

Алатау етегіндегі шаңғы-биатлон кешенінде жүрген спорт шолушымыз Қанат Базылхан хабарлайды.

Қанат Базылхан спорт шолушысы 

-28-ші Қысқы Универсиада ойындарының екінші жарыс күні Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды биатлоншы Алина Райкова салды. Алматылық спортшы 15 шақырымдық жекелей сында 59 минут 48 секунд уақытпен Универсиада ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Қазақтың спорт және туризм академиясының студенті екі жыл бұрын Словакиядағы Универсиаданың да жеңімпазы атанған болатын. Алинадан екі минутқа қалып қойған семейлік Галина Вишневская ойындардың күміс жүлдесіне қол созды. Қола украиналық биатлоншыға бұйырды. Қазақстандық Дарья Усанова мен Елизавета Бельченко тиісінше төртінші, бесінші орындарға табан тіреді. Жарыстан кейін жеңімпаз бен жүлдегер өз ойларымен бөлісіп, тау деңгейіндегі жарыстың қиын болғанын тілге тиек етті. 

Алина Райкова, биатлоннан Қысқы Универсиада чемпионы 

-Өте жауапты жарыс. Себебі өз жерімізде өтіп жатыр. Иыққа екі есе жауапкершілік жүктелді. Жанкүйерлерді жерге қаратпау керек болды. Сол үшін де бұл медальдің жөні бөлек. Маған үміт артқан барлық жақындарыма алғысым шексіз. Олар менің жеңіске жететініме сенімді болды.

Галина Вишневская, биатлоннан Қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері 

-Аздап өкініш бар. Ауа райының қолайсыздығынан бұрышта құлап қалдым. Содан уақытты көп жоғалттым. Ату алаңында нысана көрініп тұрды. Бірақ жүгірудегі қолайсыздық біраз кедергілер келтірді.

Биатлоншы қыздардың жеңісті жолын шаңғышы Анна Шевченко да жалғастырды. Қазақстандық спортшы Алматы Универсиадасында екінші қола медалін ұтып алды. 

Кеше бес шақырымдық жекелей сында үздік үштіктен көрінген павлодарлық қыз бүгін сол жетістігін із кесу жарысында қайталады. 

Жалпы кешелі бері шаңғышы қыздар сайысында Ресей мен Қазақстан жүлделерді өзара бөлісіп жатыр. Бес шақырымдық із кесу бәсекесінде ресейлік Анна Нечаевская Қысқы Универсиада чемпионы атанса, оның отандасы Лилия Василева күміс медальды еншіледі. 

Орыс қыздары кеше де тұғыр биігінен көрініп, Василева топ жарғаны белгілі. «Алатау» кешеніндегі жарыстан кейін қазақстандық шаңғышы біздің арнаға сұхбат беріп, қоланы аздап қомсынып тұрғанын жеткізді. 

«Тағы да екінші орынға сәл жетпей қалдым. Алда әлі жарыстар бар. Енді бұдан да жоғары нәтижелерге ұмтыламын», – дейді Анна Шевченко.

Анна Шевченко, Алматы Универсиадасының екі дүркін қола жүлдегері 

-Бүгін қар жауып, ауа райы құбылып тұр. Жарыс жолында бұл бізге аса қатты әсер еткен жоқ. Себебі менің салмағым жеңіл, сондықтан шаңғымен жүгіру аса қиындық тудырмады. Енді қола медальға да қуану керек. Нәтижеме ризамын.

Ерлер арасындағы он шақырымдық із кесу жарысында да ресейлік шаңғышылар алтын мен күмісті өзара бөлісті. 

Орыс спортшысы Дмитрий Ростовцев кешегі күмісіне бүгін алтын медаль қосса, оның отандасы жекелей сында топ жарған Валерий Гонтар екінші орынды иеленді. 

Қола армениялық шаңғышыға бұйырды. 

Қазақстандық Виталий Пукхало төртінші орыннан көрініп, жүлдеге сәл жетпей тоқтады. Биатлоншы жігіттер де медальдан тыс қалды. 

Ертең Бүкіләлемдік Қысқы Универсиаданың үшінші жарыс күні алты медальдар жиынтығы сарапқа салынады. 

Атап айтқанда, тау шаңғысы мен конькиден және шаңғымен тұғырдан секіруден жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

Авторлары: Қанат Базылхан, Батырбек Ғаділбек

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Серіктестер

Жоба туралы

Алматыдағы XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиада-2017 ойындарына арналған арнайы веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті