A+ A A-

Фристайлшылар Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек Универсиадада алтын иеленді

  • Сейсенбі, 31 Қаңтар 2017 14:38

Универсиаданың екінші күні қазақстандық спортшыларымыз үшін өте табысты болды. Екінші алтын – Фристайл, аралас командалық акробатикасынан түсті. Ол туралы бізбен Алматыдағы Универсиада студиясынан тікелей қосылғалы тұрған әріптесіміз Аршын Кемелжан айтып береді.

Аршын Кемелжан, тілші 

-Бүгін Универсиаданың екінші күні қазақстандық спортшылар үшін табысты болды. Таңертеңнен бастап қар борап тұрағанына қарамастан тау бөктерінде өтіп жатқан жарыстарда қыздарымыз жарады. Қазақстан қоржынына Универсиаданың екінші алтыны Табаған шаңғы кешенінде өткен Фристайл, аралас командалық акробатикасынан түсті. Өзге қарсыластарына қарағанда үздік нәтиже көрсеткен Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек бірінші орынды иеленді. Қазақстан-2 командасының атынан сынға түскен Жанбота мен Бағлан 167,05 ұпай алды. Екінші және үшінші орынды қытайлық командалар иеленді. Айта кету керек, бүгін таңертеңнен Алматы мен таулы аймақтарында қалың қар жауып тұр. Бірақ мұндай ауа райы спортшыларға және жанкүйерлердің көңіл күйіне кедергі болған жоқ. Керісінше шаңғымен акробатикалық шеберлік көрсеткен спортшыларымыз: «Бірнеше айналып, жерге түскен жұмсақ болды», – деп әзілдейді.   

Бағлан Іңкәрбек, Универсиада2017 алтын медаль иегері

-Өзіміздің елімізде, өзіміздің жерімізде болғаннан кейін ауа райына қарамастан Қазақстанның Туын биікке көтердік. Рахметімді айтамыз. Ал мың жарым метрлік қашықтықта жарысқа шыққан Екатерина Айдова 28-інші Қысқы Универсиаданың қола жүлдегері атанды. 

Екатерина қысқа қашықтықтарда, әсіресе 500 метрлікте өзін еркін сезінеді. Бір жарым шақырымда да шеберлігін шыңдапты. Дегенмен, тәжірибенің аздығы жалпы нәтижеге әсер еткені анық.  Бас жүлде Ресей спортшысы Александра Качуркинаға бұйырды. 

Екатеринамен бірге жүгірген жапон қызы Нана Такахаши екінші орын иеленді.  Мамандар осы үшеуінің бірі топ жаратынын айтқан еді. 

Бүгін сноубордшылар сайысы өз мәресіне жетті. Жерлестеріміз іріктеу кезеңінен мүдірмей өткенімен, жеңісті орындардан көріне алмады. 

Статистика бойынша ерлер арасындағы сайысқа 13 мемлекеттен 30 спортшы қатысты. Оның төртеуі – біздің атлеттер. 

Ал қыздар арасындағы жарыста 16 елден келген 32 атлет бақ сынады. Оның екеуі біздің елдің бұрымдылары. Жүлделі орындар Польша, Ресей және Украинаға бұйырды. 

Бүгінгі жарыс күнін қорытындылай келсек, біздің спортшылардың қанжығасына байланған алқалардың саны сегізге жетті. Командалық кесте бойынша екінші орынға көтерілдік.

Нақтырақ айтқанда, Қазақстан қоржынында екі алтын, екі күміс және төрт қола медаль бар. Ал үздік үштікті Қытай Халық Республикасы екі алтын, бір күміс және екі қола алқамен қорытындылады. 

Универсиада басталғалы бері көш басын Ресей құрамасы бермей келеді. Олардың қоржынында сегіз алтын, жеті күміс және екі қола жүлде бар.

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Серіктестер

Жоба туралы

Алматыдағы XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиада-2017 ойындарына арналған арнайы веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті