A+ A A-

Универсиада-2017: Қазақстан жалпыкомандалық есепте 2-ші орында келеді

  • Бейсенбі, 02 Ақпан 2017 19:00

Алматыдағы Бүкіләлемдік 28-ші Қысқы Универсиада ойындарының төртінші жарыс күні қазақстандық шаңғышылар мен биатлон шеберлері үшін табысты өтті.

Биатлоншы қыздарымыз жеңісті дәстүрді жалғастырып, кешенді сындағы кезекті алтынды ел қоржынына салса, шаңғыда да медальдың сыңғыры естілді. «Алатау» етегіндегі жарыстың басы-қасында жүрген спорт шолушымыз Қанат Базылхан жалғастырады.

Қанат Базылхан, спорт шолушысы

-«Алатаудың» ақ қарында Қазақстанның қоржынына қос алтын медаль түсті. Биатлоннан әйелдер арасындағы жеті жарым шақырымдық спринтерлік сайыста Галина Вишневская Қысқы Универсиада чемпионы атанды. Қашықтықты 21 минут 43 секундпен аяқтаған семейлік биатлоншы екінші орын алған украиналық спортшыдан 22 секундқа ұзап кетті. Екі күн бұрын жекелей сында қателік жіберіп, күміс жүлдені қанағат қылған Вишневская бұл жолы өз мықтылығын дәлелдеді. Алғашқы ату алаңында нысанадан мүлт кеткен жерлесіміз келесі айналымда жылдамдығын арттырып және ату кезінде де салқынқандылық танытты. Нәтижесінде алғашқы кезеңдегі уақыттың есебін шаңғымен жүгіруден қайтарып алды.

Галина Вишневская, биатлоннан Қысқы Универсиада чемпионы

-Жарыс алдында қатты қобалжыдым. Себебі Универсиада мен үшін өте сәтсіз басталып, қателіктер көп болды. Бүгін сол кемшіліктерден қорытынды шығарып, тек өз білгенімді көрсетуге тырыстым. Алайда алғашқы ату кезінде тағы да оғым тимей жатты. Бірақ бұл мені аса алаңдатқан жоқ. Екінші мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жүгіруде жылдамдық қосып, өз мақсатыма жеттім.

Елсияр Қанағатов, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы

-Биатлон командасының қыздар арасындағы ең мықты спортшымыз. Сондықтан құтты болсын. Бәріміз соны күткенбіз. Енді министрлік тарапынан да көптеген жұмыстар атқарылды. Дайындық жұмыстарына осы спортшыларға барлық жағдай жасалды. Қазақ елін қуанту үшін спортшылар әлі де нәтиже береді деп сенеміз.

Ерлер арасындағы 10 шақырымдық спринтерлік жарыста да жерлестеріміз жерге қаратқан жоқ. Бұл сында Қазақстан атынан алты биатлоншы бәсекеге араласып, арасынан Роман Еремин көзге түсті. 

Екінші ату алаңынан кейін тоғызыншы орында тұрған қазақстандық биатлоншыдан жүлде күткендер аз еді. Алайда Көкшетау университетінің студенті талайларды таң қалдырды.

Роман Ереминнің екпіні жерлесімізді үздік үштіктің қатарына бірақ шығарды.

Роман Еремин, Қысқы Универсиада ойындарының қола жүлдегері

-Мен соншалықты ерлік істедім деп ойламаймын. Тек өз жұмысымды атқарып шықтым. Жай жарысып жүрмегенімді өзіме дәлелдеу керек болды. Мен үшін қаншама адамдар алаңдап, жүйкелерін жұқартып еңбек етті. Соларға нәтижем арқылы алғыс айтуға ұмтылдым.

Биатлоншылардың жеңісті жолын іліп әкеткен шаңғышы Иван Люфт ел қоржынына кезекті алтын медальды салды. Спринтерлік сайыста ресейлік қарсыластарының алдын ораған қазақстандық спортшы Алматы Универсиадасының чемпионы атанды. 18 жасар шаңғышыдан ешкім де мұндай ерлік күтпеген еді. Ресейлік үштіктің соңына түскен Иван сосын орта жолда жылдамдығын арттырып алға шықты. Мәреге таяған тұста бар күшін сарқыған қазақстандық спортшы қарсыластарын қапы қалдырды.

Иван Люфт, шаңғымен жүгіруден Қысқы Универсиада чемпионы

-Жеңіске жететініме сенімді болдым. Соңғы күшім қалғанша жарыстым. Жеңіске деген жігер мінез көрсетудің арқасында мақсатым орындалды. Өте қуаныштымын. Бұл жетістік жаттықтырушыларымның арқасында келді.  

Әйелдер арасындағы спринтерлік сайыста қазақстандық шаңғышы Анна Стоян қола жүлдегер атанды. Алтын мен күміс Ресейге кетті. 

Ертең биатлон мен тау шаңғысынан және конькиден, шаңғы қоссайысы мен фристайлдан да Универсиаданың мықтылары анықталады. Жалпы 8 медальдар жиынтығы өз иесін табады.

Авторлары: Қанат Базылхан, Батырбек Ғаділбек

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Серіктестер

Жоба туралы

Алматыдағы XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиада-2017 ойындарына арналған арнайы веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті