A+ A A-

Қазақстанның Универсиадада ұтып алған алтынының тең жартысы фристайл шеберлерінің еншісінде

  • Сәрсенбі, 08 Ақпан 2017 19:58

Біріншіден, Алматыдағы Универсиада қатысушы елдердің саны бойынша рекорд жасады. Екіншіден, ойындарды ұйымдастыру, өткізу шараларына жұмсалған шығын көлемі бойынша ең үнемді болды.

Соңғысы, Қысқы Универсиада тарихында алғаш рет Алматыда бүтін бір атлетикалық ауыл бой көтерді. 

Қанат Базылхан, спорт шолушысы:

-Қатысушы елдердің саны жөнінен өзіндік рекорд орнатқан Алматы Универсиадасы көрермендер тарапынан да үлкен қызығушылық тудырды. Алғашқы жарыс басталғаннан спорт кешендеріне келетін жанкүйерлер қарасы артып, билеттер тапшылығы байқалды. Келісті салынған кешендерді лық толтырған жұрттың сұранысын қанағаттандыру үшін шетелдік қонақтар мен туристерге арналған қосымша билеттер сатылымға шықты. Мамандар Универсиадаға кеткен шығынның бір бөлігін осы билеттерден қайтарып аламыз дейді. 

Алматыдағы Универсиада сайыстары Олимпиада додасынан кем болған жоқ. 12 спорт түрінен өткен жарыстарда мықтылар оза шапты. 

Қазақстан құрамасы кешенді сынға 171 студент спортшыны қосып, жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды. 

Әсіресе фристайлшы қыз-жігіттеріміз жарады. Қысқы Универсиада ойындарында ұтып алған алтынның тең жартысы осы фристайл шеберлерінің еншісінде. 

Шаңғымен шыр айналған саңлақтарымыз бес алтын, бір күміс, үш қола иеленді. 

Жанбота Алдабергенова, фристайлдан Қысқы Универсиада Чемпионы:  

-Бәрі бір ұтсаң, оған етің үйренеді деп айтады ғой. Әрі қарай ұтқың да келе береді. Сол сияқты алдымызға қойған мақсат – Құдай қаласа, Олимпиадаға түсіп, жүлде, лицензия алу.

Бағлан Іңкәрбек, фристайлдан Қысқы Универсиада Чемпионы:

-Трасса қиын болған жоқ. Өйткені бұл трасса стандартты трасса, барлық жердікімен бірдей. Бізге жалпы ұнады.

Қазақстан қоржынына қос-қостан алтын салған спорттың бірі – шаңғы мен биатлон бәсекесі. Алатаудың етегіндегі кешенде жерлестеріміз жалпы саны 5 алтын, 5 күміс, 7 қола медальдың иегері атанды. 

Бұл Универсиада елімізде талантты жастардың өсіп келе жатқанын байқатты. Биатлоншы Галина Вишневскаяның бір өзі кешенді сыннан төрт жүлде алып, мамандардың сенімін ақтады. 

Мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру, шайбалы хоккейден де қазақстандықтар үздіктер қатарынан көрінді. Кешенді сындарды ұйымдастырудан тәжірибе жинаған Қазақстан енді Олимпиаданы өткізуге ұмтылады.

Студенттер арасындағы кешенді сайыс екі жылдан кейін Ресейдің Красноярск қаласында өтеді.  

Елсияр Қанағатов, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы

-Мына студенттік федерация басшылары: «Сіздер осы олимпиадалық ойынды өткізуге дайынсыздар», – деп айтып жатыр. Шынында бір ғана объекті керек. Шана-бобслей кешені керек, қалғаны бәрі дайын. Халықаралық жарыстардың пайдасы, осы бұқаралық спорттың дамуына өз үлесін қосады. Сондықтан жасап жатқан істердің бәрі осы елге, халыққа, жастарға арналып жатыр деп білеміз.  

Мемлекеттің абыройын асқақтатқан спорттық сайыс ФИСУ тарапынан жоғары бағасын алды. Ендігі меже Қысқы Олимпиада ойындары. 

Авторлары: Қанат Базылхан, Батырбек Ғаділбек

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз

Серіктестер

Жоба туралы

Алматыдағы XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиада-2017 ойындарына арналған арнайы веб-жоба. «Хабар» Агенттігінің эксклюзивті контенті