Хабар телеарнасы

Шермұхамбетов Ақжол (1923 - 2004 жж.)

Шермұхамбетов Ақжол 1923 жылы 10 қаңтарда Шымкент облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына алынып, Пенза қаласында пулеметші мамандығын игеріп, Днепр, Дунай, Эльба өзендерінен өтіп, Варшава, Будапешт қалаларында соғысқа қатысып, маршал Жуков басқарған әскердің қатарында болған. Шермұхамбет атамызға Ақжол баласының өлі екенін хабарлайтын қара қағаз келген. Бірақ Ақжол әкеміз соғыстан 1947 жылы тірі оралады.

Әскери билеті: НТ №3456599

Наградалары:

  • «Григорий Жуков»;
  • «Жеңістің 20, 40, 50 жылдығына орай»;
  • «Наше дело правое, Мы победили» медалі.

Ақжол әкеміз 1950 жылы анамыз Бибісараға үйленеді. Адал жарымен алты ұл, үш қыз тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Олардан 34 немере, 36 шөбере тараған. Анамыз 1988 жылы дүниеден өтті. Әкеміз Кентау қаласында орналасқан банкте 1950-1984 жылдары инкассатор болып жұмыс істеді.

1992 жылы Алматыда «Қарттарым, қазынам, бәйтерегім» атты конкурс өтті. Осы атаулы конкурста әкеміз «Ел ағасы» атағын алып, басына құндыз бөрікті киіп, жеңімпаз болып елге қайтты. Әкеміз саясат мәселесін, қазіргі басқару жүйесі, оның дамуы, қоғамның беталысы туралы көп әңгімелейтін. Осы айтылған мәселелерді кітапқа жазды. 2003 жылы «Нәсиятнама» деген бірінші кітабы жарыққа шықты.

Әкеміз 2004 жылы 27 қазанда дүниеден озды.

Авторы: Шермағамбет Жамалбек Ақжолұлы