Хабар телеарнасы

Шайпин Бірімжан Қапезұлы (1924 жылы туған)

Shaipin Birimzhan

Шайпин Бірімжан Қапезұлы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Баян ауылында 1924 жылдың 25 қыркүйегінде дүниеге келді. Бірімжан ата 1942 жылы Майбалық орта мектебін бітірісімен 18 жасында әскер қатарына шақыртылып, Рыбинск қаласындағы 146-атқыштар полкінің құрамында ұрыс жолын бастаған. Одан кейін Карело-Фин майданында және 80-шекарашылар бөлімінде әскери міндетін атқарып жүріп, артиллерия снаряды жарылғанда ауыр жарақат алады. Одан соң көшпелі госпитальде (Архангельск, Иркутск қаласында) ем қабылдаған. Сөйтіп 1944 жылдың 10 мамырында ІІ топ соғыс мүгедегі дәрежесінде елге оралған.

Өзінің еңбек жолында еліміздің көркеюі үшін, халқымыздың жақсы тұрмыс құрып, өсіп көтерілуі үшін жан аямай атсалысқан. Зейнет демалысына шыққанға дейін Баян ауылында еңбек сіңірген. Осы еңбектері үшін медальдермен мапапатталған. Өкінішке қарай, ол Ұлы Жеңістің 75-жылдығына жете алмады. Бірақ 9 мамыр Жеңіс күні туыстары, немерелері мен шөберелері ескерткіштің жанына жиналып, оған гүл шоқтарын қойып, тағзым етеміз. Алдағы өмірде мұндай соғыстың болмауын тілейміз. Мен атамды шынайы көшбасшылар қатарына жатқызамын. Себебі ол өзі үшін емес, халық үшін өмір сүрді. Әрине, мен ұлы атамды ешқашан ұмытпаймын және әрдайым мақтан тұтатын боламын.

Авторы: Аида Қасенова