Хабар телеарнасы

Адамбаев Мінбар

...Сұрапыл жылдары жастығына қарамай Отанды қорғау үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқандар қатарында менің де атам болды. Қазақстанда жасақталған әскери дивизия құрамында соғысқа аттанған балаң жігіт Мінбар Адамбаев 1941-43 жж. Украина – Беларусь майданында соғысқан. Сол кездегі Кеңес Одағының әскері қатарында жауды талқандап, жеңіске жету ісіне атам да өзінің лайықты үлесін қосты.

Ол соғыс туралы айтуды ұнатпайтын, кейбір қойылған сұрақтарға қияға жанарын қадай отырып, өмірдегі зұлматтың қалай болатынынсуреттей отырып, терең күрсініспен жауап беретін.Барлау ротасы сапында болған атам бірнеше мәрте жау шебіне өтіп, «тіл» әкелу операцияларына қатысқан. Ржев қаласының түбіндегі кезекті ұрыста басынан жарақат алып, бір көзінен айырылған.

«...Бірде түн ауа кезекті операцияға жау тылынан «тіл» әкелуге тапсырма берілді. Ақырын басып межелеген жерге де жеттік. Немістер негізінен түнде демалып, күндіз соғысатын. Алаңсыз жатқан неміс әскерлерінің шетінен байқатпай біреуінің қол-аяғын байлап, аузына дыбысын шығармауы үшін шүберегін тығып, алып кетуге ыңғайландым. Енді оны окоптан алып шығайын десем, маған жолыққаны еңгезердей неміс екен. Менен өзгелері өз «олжаларын» алып кетті. Денемнің шағындығына қарамай мен де қол-аяғы байланған немісті бар пәрменіммен сүйрелеп, окоптан алып шығып, өз шебіме жеттім. Кезекті тапсырманы мүлтіксіз орындаған бізді командир тынығуға жіберді. Ертесіне сапта тұрған кезімізде командир менен бір адым алға шығуымды бұйырды. Сөйтсем, менің әкелгенім үлкен шендегі офицер болып шықты. Осы ерлігім үшін алғыс жариялап, кейін «Ерлігі үшін» төсбелгімен марапаттады», – деген атамның естелігін әкем үнемі айтып отырады.

Ардагер атам жауынгерлік еңбектері және ерлігі үшін медальдармен қоса Ұлы Отан соғысының II дәрежелі орденімен марапатталған. Аталарымыздың қан майданда от кешіп, табан ет, маңдай терімен келген осы Ұлы Жеңісі, олардың өшпес қаһармандық рухы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болады деп санаймын.

Авторы: шөбересі Алмас Адамбаев