Хабар телеарнасы

Әшімбаев Әріпбай

Әшімбаев Әріпбай

Менің бабам!

Білмеймін қандай адам менің бабам,

Әлде жомарт, кеңпейіл, әлде сараң.

Әлдеқашан «ұйқыға» кеткен кісі,

Суреттеуге келмейді менің шашам.

Келген соң айтқым келді сөздің мөрін,

Басында болған шығар сеңсең бөрік.

Ақ сары адам шығар, кең маңдайлы,

Өмірге сай болған да ақыл-көркі.

Ол, мүмкін, саулагер ме түйе мінген,

Шекпені болған шығар түйе жүннен.

Халқына қадірменді адам ба екен?!

Сөз сөйлеп, шаршы топта жүзе білген.

Ол, мүмкін, мейірімді адам шығар,

Қадірлеп, ұл-қыздарын сүйе білген.

Ол, мүмкін, өз елінің қаһарманы,

Халқы үшін отқа түсіп, күйе білген.

Ол, мүмкін, момын шопан ба екен?!

Мал бағып, сары қарын бие мінген.

Мен сені көре алғам жоқ, қайран бабам,

Өз уағыңда адамсың сайрандаған.

Ақпейіл бір адамды елестетем,

Артына ұрпақ шашып жайнаңдаған,

Әйтеуір, сенен қалған бір ұрпақпын,

Сен жайлаған жайлауда тайраңдаған.

Ақпейілді, адал жан – менің бабам,

Сертке берік семсердей, сенімді адам.

Сірә, жаман болмас деп ойлап жүрмін,

Бабасына тартса егер менің балам!

Әшімбаев Әріпбай 1920 жылы орта шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Әшімбай революцияға дейін кедей шаруа болған. 1923 жылы әкесі ерте дүние салып, шешесі Жақай мен 11 жасар ағасы Нүсіпбектің тәрбиесінде болады. 1930 жылы бастауыш мектеп табалдырығын аттап, 1939 жылы 9-сыныпты бітіреді. 1940 жылы 24 қазанда Түрген педагогикалық училищесінің бастауыш сынып мұғалімі факультетіне оқуға түседі. 1941 жылы Совет Армиясы қатарына шақырылғанша Жолды Құлат ауылында бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейді. 1941 жылдың 8 қазанында әскерге шақырылады. Бір жыл әскери дайындықта болады. 1942 жылы үйленгеніне 6 ай ғана болған 22 жасар жас жігіт қан майданға Ұлы Отан соғысына аттанады. 1941 жылдың желтоқсан айынан бастап, 1943 жылға дейін 100- атқыштар бригадасында кіші сержант болады. 1943 жылы 20 қаңтарда аяғынан жарақат алады. Жарақатын емдетуге Алматы қаласына жіберіледі. Госпитальда 4 ай жатады. Жарақаты жазылған соң, 1943 жылы сұрапыл соғысқа қайта аттанады. 142-атқыштар бөліміне кіші сержант болып жіберіледі. 1943 жылы 19 тамызда оң қол және бастан ауыр жарақат алады. Сол ұрыста көрсеткен ерлігі үшін бірнеше медаль мен ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

Атқыштар бөлімінің командирі болған 100-атқыштар бөлімінде Әлия Молдағұловамен бір дивизияда соғысқан. 1944 жылдың 6 қаңтарында ауыр жарақатына байланысты Совет Армиясы қатарынан босатылады.

1944 жылы өзінің ұстаздық жолын жалғастырды.

1945 жылы Түрген педучилищесіне қайтадан сырттай оқуға түсіп, 1947 жылы үздік аяқтап шығады. Одан кейін Абай атындағы педагогикалық институтына сырттай оқуға түсіп, үздік бітіріп шығады.

1944 жылы Карл Маркс колхозындағы мектепте 1946 жылға дейін әскери сабақ беруші болып істейді. 1946 жылы КПСС қатарына қабылданды. 1946 жылдан 1949 жылға дейін Абай колхозының «Қызылшекара» орта мектебінде мұғалімдік қызмет атқарды.

1949 жылдан өмірінің соңына дейін В.И.Ленин атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып істеді. 1950 жылы аталған орта мектепте 1961 жылға дейін партия ұйымының секретары болды. 1961 жылдан 1978 жылға дейін мектепте кәсіподақ ұйымын басқарды.

Жасөспірімдерге сапалы да саналы білім бергені үшін 1975 жылы «Қазақ ССР-нің Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталды. Саналы ғұмырында бірде-бір рет ескерту, сөгіс алмаған, тек үлгілі жағынан өзін көрсете біліп, 17 мақтау қағазымен марапатталған. Бастауыш сынып мұғалімдерінің аудандық методикалық кеңесін ұзақ жылдар басқарып келген.

Отбасында он бала тәрбиелеп, өнегелі де үлгілі әке болды. Балалары – Марат, Жеңіс, Майра, Серік, Галина, Ләйлә, Роза, Мейрамкүл, Лаура, Төленді. Жұбайы Атамбайқызы Айсұлу екеуі – үлгілі отбасы. Өздерінің адамгершілік қасиеттерін балаларының бойына сіңіре білген өнегелі ата-ана. Балаларына өте мейірімді. Ешқашан дауыс көтеріп сөйлемеген. Балаларының жаман қылықтарын көргенде, әжуалап өлең шығарып, оның жаман іс-әрекет екенін сездіріп, жирендіріп отырған. Жетім өскендіктен, балаларым әке махаббатын біліп өссін деп, өте балажан еді. Балаларым қиындық көрмесін деп, мәпелеп өсірді.

Қарапайым, кішіпейіл, турашыл жан еді. Әсіресе, жетім, жесірлерді көрсе қабырғасы қайыса көмекке ұмтылады. Үйге жүргізіп, маңдайынан сипап жұбататын. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген мақалды ұстанатын адамдар қатарынан табылатын. Сірә, жетімдіктің ащы дәмін ерте көргендіктен болар. Мектепте де жас мамандарға ерекше көңіл бөліп отыратын. Солардай өзімнің де қыздарым бар ғой, ақыл-кеңесін аямайтын. «Баланың көзіне тура қара. Қайғы-мұңы көзінде тұрады. Ешқашан қол көтерме!» дейтін. Көп сөйлемесе де әзілқой, тауып айтатын ақын жанды еді. Ұлы Отан соғысына арнап, аудандық газетте «Майданбек» атты дастаны жарық көрсе, бірнеше өлеңдері облыстық баспа беттерінде жарияланды. Қазақтың біртуар ақыны Мұқағали Мақатаевты Мұқаш деп жанына жақын тартып жүретін. Балалар әдебиетінің атасы Бердібек Соқпақбаевпен жарасымды сыйластықпен өтті. «Менің атым – Қожа» кітабындағы кейбір суреттеулер екеуінің бастарынан бірге өткізген шынайы оқиғалары еді.

Сенбі, жексенбі күндері аңға шығып, саятшылық құратын. Құралайды көзге атқан мергендігі 100-атқыштар бөлімінде болғанын айқындайтын еді. Бірге аңға шығатын Әлсат Сабаншиев, інісі Қожамберді Қасымов т.б кісілер мерген екеін тамсана айтатын. Әшімбаев Әріпбай сегіз қырлы, бір сырлы азамат, үлкеннің де, кішінің де қамқоры, ұлағатты ұстаз, ауыл ақсақалы бола білді. Шәкірттері де, ауылдастары да ол кісіні еш уақытта ұмытпайды.

Авторы: Әшімбайұлы Әріпбай