Хабар телеарнасы

Сарыбасов Ыбырайым (1906-1990 жж.)

Sarybasov Ybyraiym

Менің әкем Сарыбасов Ыбырайым 1906 жылы туған. Құжаттарында Ыбырайым дегенді дұрыс жазбағандықтан, әскери билетінде «Сарыбасов Абрайым», «Сарыбасов Абрайм», «Сарыбасов Ибрайм» деп әр құжаттарда әртүрлі жазылған.

Әкем Сарыбасов Ыбырайым Түлкібас ауданы, Сарлыбұлақ сельсоветі, Октябрь колхозынан 1942 жылы Сайрам ауданының АӘК-нен әскерге аттанады. Әскери дайындықтан толық өтіп, автомат атқыш және қол пулеметші мамандығын меңгеріп, Смошнес бағытындағы 40-атқыштар полкіне жаяу әскер қатарында бірнеше рет кескілескен ұрысқа қатысады. 1943 жылы олардың полкі жаудың бекінісін алуға бұйрық алады.

«Жау мықты бекітілген екен, оқ жаңбырдай борады. Командирдің бұйрығы «Алға! Алға!» деген дауыс естілді. Қолында автомат атып, алға ұмтылып келемін. Жанымдағылар орған шөптей жапырылып құлап жатыр. Оқтар жан-жағымнан ысылдап, зулап өтіп жатыр. Жау самолеттері бомбаларын төбемізден төгіп жатыр. Мен жатып, еңбектеп, біраз жылжыдым. Бір пулеметшінің серігі, нысанашы өліп қалған екен, соған көмекке бардым. Пулеметпен жауға оқ жаудырдық, пулеметшіге де оқ тиді. Айнала шаң тозаң, көк түтін. Ештеңе көрінбеді. Алға қарап жүрдім. Оқ борап тұр, бір шұңқанақтау жерге жата қалдым. Еңбектеп біраз жүрдім. Менің жатқан жеріме бомба түсті, жер қопарылғандай болды. Есімнен танып қалыппын, содан соң ес жия бастадым. Қол-аяғым жансыз бомба жарықшалары маған тиген секілді. Қозғала алмаймын, топырақ денемді басып қалған сияқты. Есім бір кіріп, бір шығып жатыр. Кеш болып қас қарайып қалған, немістердің дауысы естілді. Неміс тілін білмесем де, неміс екенін біліп жатырмын. 1941 жылы немістерді біздің колхозға алып келіп қоныстандырған еді. Түн жарымы біреудің аяқ дыбысы естілді. Немістер екен деп құжаттарымды олардың қолына түспеуі үшін жасырмақшы болдым. Бізге командирлер құжаттарың жау қолына түспеуін ескерткен болатын. Егер жау қолына түссе, олар сіздердің құжаттарыңызды пайдаланып өздерінің шпиондарын жібереді деген. Аяқ тықыры жақындап қалды. Сыбырлап сөйлеп келеді. Олар мені дүрбімен көріп байқаса керек. Оң жақта жоқ, сол жақта деп орысшалап сөйлеп келеді. Біздің санитарлар екен. Олар менің кім екенімді сұрады. Мен: «Қазақпын», – дедім. Ол екеуі «свой, свой» деп мені плащ лашыққа (палатка) жатқызды. Оларды көргенде әке-шешемді көргендей қуаныш болды. Олар: «Маған қай жағыңмен жатқаның ыңғайлы?», – деді. Мен: «Сол жағыммен», – дедім. Олар маған: «Айғайлама, дыбысыңды шығарма! Немістер жақын жерде. Байқаса, атып тастайды», – деп ескертті. Мен тісімді тістеп, дыбысымды шығармауға тырысып келемін, олар мені сүйреп келеді. Дыбыс шығармау мүмкін емес. Олар мені бір бомба түскен шұңқырға тастап: «Қасыңда жарақаттанған біреу бар ма?» – деді. Мен біреу «мама, мама» деп жатқанын айттым. Олар оған кетті. Біраз уақыттан кейін бір жас жауынгерді алып келіп, менің орныма тастады. «Қай жылғысың?» деп қана сұрауға шамам келді. Ол: «1924 жылғы», – деді. Мені сол жақын маңдағы санитарлық бөлімшеге алып келді. Көп қан кеткендіктен, есімнен таңып қалған екенмін. Ол жерде маған алғашқы көмек көрсеткен соң, госпитальға алып кетті. Мен ауыр жарақат алған екенмін. 11 жерге бомба сыңаршақтары тиген екен, контузия алыппын. Екі аяғым саныма жабысып қалған. Бір қолым бүгілмейді, қимылдауға шамам жоқ. Госпиталда көп уақыт ем қабылдадым. Бұл 1943 жылдың күзі болатын. 1943 жылдың тамыз айынан 1944 жылдың ақпан айына дейін госпитальда емделдім.

1944 жылы ақпанда Кеңес әскері қатарынан босатты. Сол жылы мені сауықтыру командасына Монғолияға Чанболсен қаласына жіберді. Монғолияда біраз ем қабылдадым. Екі аяғым, жамбасым ауыратын жане құйымшағымды бомба сыңаршағы тиіп, жұлып кеткен болатын.

Монғолияда 3 жыл жұмыс істедім. 1947 жылы елге оралдым. Елде соғыстан кейінгі жағдай мәз емес еді. Халықтың жағдайы жақсы емес. Елге келген соң колхоз жұмысына белсенді араластым. Колхоз ірі-қараларын бақтым. Әйелім Қойлыкүл колхозда сауыншы болып істеді. Одан соң егіншілікпен айналыстым, сушы болдым. Колхоздың барлық саласында іс атқардым. Кейінірек колхоздың бір отар қойын алып, шопан болдым. Жасым келіп, зейнетке шықтым. Зейнетке шыққанда да қарап отырмадым. Колхоздың бау-бақшасына қарауыл болдым. Еңбегім еш кеткен жоқ. Көпжылдық еңбегімнің арқасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен 1978 жылы 29 маусымда «Еңбек ардагері» медалімен марапатталдым.

1985 жылдың 11 наурызында КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Ұлы Отан соғысының дәрежелі орденімен марапатталдым.

Ұлы Жеңіске 40 жыл болуына байланысты 1985 жылдың 12 сәуірінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің медалімен марапатталдым.

1988 жылдың 28 қаңтарында КСРО Қарулы күштерінің 70 жылдығына орай КСРО Жоғарғы Кеңесінің медалімен марапатталдым», – дейтін.

1990 жылы әкем Сарыбасов Ыбырайым бұл дүниеден өтті.

Авторы: Сандуғаш