Хабар телеарнасы

Молдабеков Хәкімжан

Молдабеков Хәкімжан

Хәкімжан Молдабеков1919 жылы дүниеге келді. 1940 жылы (Қазақ ССР-і, Қостанай облысы, Семиозерный ауданы) Семиозерный әскери бөлімшесінен соғысқа аттанды. 1943 жылғы сәуір айына дейін хат-хабар келіп тұрғанымен, кейін мүлдем хабарсыз кетті (Ескерткіш кітапта есімі жазылған). Хәкімжан Молдабеков туралы соңғы мәлімет Ресейдің Белгород облысы, Валуйки қаласындағы дивизия-штабында болғаны туралы ақпараттан басқа, қолымызда еш дерек жоқ. Дегенмен, туыс-туғандардың болжамы бойынша, Хәкімжан Молдабеков Курск шайқасындағы ауыр күндерде қаза тапқан болуы керек. Алайда, бүгінгі күнге дейін Хәкімжан Молдабековтің қайда жерленгені туралы нақты дерек табылмай, тіпті бауырластар қабірінде жерленгені туралы да бірде бір ақпарат анықталмағаны жақындарының жанын жаралап отыр.

Хәкімжан қазақтың салиқалы отбасында дүниеге келді. Әкесі Молдабек әлденеше рет Меккеге қажыға барып келген, дінін күткен, тақуа адам болған еді. Елді жаппай ұжымдастыру жылдар мал-мүлкін, жанұясын қорғап қалу мақсатында кеңестік жүйеден жасырынып әрекет еткенімен, ажал тырнағынан құтыла алмады.

Хәкімжан 2 ағасы және 2 қарындасымен 5 ағайынды болатын. Тағдыр талайы Молдабековтар отбасына аз тауқымет әкелмеді. Ағасы Бақытжан мен 2 қарындасы Мүгүлсім мен Гүлжихан аудандық интернатта оқыды. Бір күні Молдабектің үйіне Бақытжан, Мүгүлсім мен Гүлжиханның өлі денесін алып, арбакеш келді. Үшеуі де интернатта жайлаған қызылшадан көз жұмған екен. Тағы бір ағасы Қайырканді ағысы қатты өзен алып кетті. Ажал тырнағынан аман қалған Хәкімжан мен Нұрмұхаммет қана еді. Олар өте тату-тәтті болатын. Кәкімжан артынан ерген жалғыз бауыры Нұрмұхамметті Мағыкентай деп қатты еркелететін.

Хәкімжан өте ақылды, әр ісіне ұқыпты болатын. Ауылдастары үнемі Кәкімжаннан ақыл-кеңес алып, қандай да бір құжат жұмыстарын реттегенде, оның сауаттылығына тәнті болатын еді. Өз бетімен оқып, сауат ашты. Кейін ол туған ауылынан аулақтағы аудан орталығына дейін халыққа білім беру жолында аянбай еңбек етті. Айналасындағы адамдардың сауатты болуы үшін ағартушылық жұмыстарын белсене атқарды. Үйленіп, отбасылы болды. Алайда үйленгеннен кейін оны майданға шақырды. Майданға едел-жедел аттанып кеткен Кәкімжан артында Әликен деген ұлының барынан да хабарсыз еді.

Майданға кеткеннен кейін Кәкімжан бауыры Нұрмұхамметке сағынышқа толы хат жазған екен. Қан майдандағы кескілескен ұрыс кезінде қатты жараланған Кәкімжан госпитальге жеткізілген. Кәкімжанның Нұрмұхамметке жазған хаты жаныңды тебірентерлік өлең жолдарымен өріліп, туған ауылға оралсам деген арманға, бауырымды бауырыма бассам деген сағынышқа толы жүрек сыры болатын. Сол хат әлі сандықта сарғая сақтаулы, жүректе жаттаулы, жадымызда жаңғырып, сағыныш сырын шертумен келеді.

Хәкімжанның інісіне арнаған өлеңі

Хат жаздым арнап сізге, Нұрмұхаммет,

Бір Алла берсін саулық сіздерге тек.

Аман ба туысқандар ауыл-аймақ?

Ойыма сағынғанда түсесің кеп.

Хат келмей екі-үш айдай қорқытқаның,

Кеудемнен шықпай жүрді шыбын жаным.

Бір жеті қала шығып келгенімде,

Мойыныма асылатын мұфәрваным.

Көргенше болушы едім мен де асық,

Иіскеп маңдайынан, мауқым басып.

Мінеки, көрмегелі болды бір жыл,

Бір Алла кездестірген бұл да нәсіп.

Ауырып, аз ғана күн бас пен кеуде,

Ауызға дәм татымай ішіп жеуге.

Аз ғана бәлнес жатып, түрегелдім,

Ауру деп айту ұят сырқау деуге.

Бір кеште отыр едім оқып кітап,

Қасымда электр шам жанған шырақ.

Бәлнестің дәл бұрышта бөлмесінде,

Үстінде темір көйкі жапқан драп.

Есіктен кіріп келді орыс қатын,

Оқыды, хат сыртында менің атым.

Қуанып, орнымнан түре келіп,

Қарасам маған жазған сенің хатын.

Жалма-жан хатты алып, оқып шығып,

Көңіліме екі нәрсе болды күдік.

Бірінші – елде астықтың қымбаттығы

Екінші – әскер алу тағы сұмдық.

Қасымхан, Қалименен ағаларым,

Естіппен шақырылуының балалардың?

Көппенен көрген тойға ренжіс жоқ,

Бұл сөзді еткен мысал бабаларым.

Күнелтер енді нағып, елде қалып,

Сүйеніш балаларын кетті-ау алып.

Осының бәрін ойлап, қарттанам-ау,

Тәубә қыл, бір Аллаға жүрме налып.

Етпеңіз ден сау болса, мені қайғы,

Ойлаймын мұнда жатып сіздің жайды.

Бір басым көппен жүріп жүдемеспін,

Айтсайшы сіздер менен Мағыкентайды.

Жетіде оқытуға қала апарып,

Үйрету айту менен қағаз танып.

Сондағы көп еңбекті, міне, ақтадың,

Отырмын сенің жазған хаттыңды алып.

Ойлама, мені кеткен қыдырысқа,

Жақсы оқы іліккенше бір жұмысқа.

Бітірдік екі жылдың біз біреуін,

Қайтармыз ден сау болса, келер қысқа.

Қалмады туған елде жастың өзі,

Жастардың қызық көрер еді кезі.

Бір Алла көпке беріп, тиыштығын,

Тиылсын осы күнгі ұрысуды.

Мінеки, осылардың бәрі де арман,

Арманға жетер пенде де ойына алған.

Аз күнге машаһатқа қылып шүкір,

Жарықты, біз, күтейік келер таңнан.

Болмайын Асан қайғы әр нені ойлап,

Қайтармыз бірақ күнде күліп-ойнап.

Сақара, Көкталменен туған жерге,

Салармыз жаз ботадай сонда ойнақ.

Көргенше, туып өскен ел аман бол

Сақара, Көктал, Шиелі жер аман бол,

Келгенше, он тоғызға бір ойнаған,

Құрбылас жас достарым сен де аман бол

Жазушы бұл өленді Хәкім атым

Сөкпендер, қата болса, жазған хатым.

Ермексіз бәлнисада жатқаннан соң,

Ініге жаза салған бұл бір хатым.

Хәкімжанның майданан жіберген әскери формадағы жалғыз суреті Нұрмұхаммет бауырының қолында сақтаулы (екінші қатарда, ортада). Ауылдастарынан Хәкімжанмен қатар аттанған жолдастарымен бірге түскен суреті еді. Сол суретте қатар тұрған достарының барлығы дерлік майданнан аман-есен оралды. Тағдырдың жазуы солай шығар, жазымыштан озымыш жоқ.

Соғыста хабарсыз кеткен ағасы туралы бір дерек табу Нұрмұхамметтің арманы еді. Бұл арман да орындалмады. Ағалы-інілі бауырластар бірін-бірі бір көріп, құшақ жая мауқын басатын қуаныш олардың маңдайына жазылмаған екен. Тағдыр маңдайға жазған осы бір орындалмас арман жетегінде Нұрмұхаммет те 1995 жылы дүниеден озды. Десек те, көзге көрінбес сезім, сағыныш үзілмес жібек жіптей санада байланып, олардың бір-біріне деген махаббаты мәңгілік ажыраған емес.

Авторы: Молдабековтер әулеті