Хабар телеарнасы

Каракемпиров Ашимхан (1916-1995 жж.)

Каракемпиров Ашимхан (1916-1995 жж.)

Соғыс жылдары ешкім үшін оңай болмады. Ол жылдардан ұмытылмас естелік жауырынымдағы жарақат ізі. Арманым енді ұрпағыммен бейбіт заманда ғұмыр кешу...

Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, бұрынғы Сартау селолық кеңесі, қазіргі Н.Нұрмақов ауылдық округі.

Балалық шағымызда әкемнен атамның соғыс кезіндегі естеліктерін сұрап, мазалайтынбыз. Бірақ әкем атамның ол жылдарды есіне алғысы келмей, тек бірді-екілі сұрақтарына ауыр күрсініп, қысқа жауап қайтаратын дейтін. Мыңдаған адамның өмірін жалмаған сұм соғысты еске алу қаншалықты қиын екенін ер жетіп, есейгенде ғана түсінгендеймін.

Атам 1938 жылы 20 қыркүйек айында Қызыл Армия қатарына алынып, енді елге ораламын деп жүргенінде Ұлы Отан соғысы басталып, әскер қатарынан соғысқа аттанады. Ұлы Отан соғысы басталғаннан Ленинград қаласын қорғауда болып, 1942 жылы контузия алған. 1946 жылдың мамыр айының 8-і күнгі СССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен әскерден босатылып, елге аман-есен оралған. Соғыстан кейін атам туған ауылымызда бірнеше жыл аянбай қызмет етеді. Еңбек Қызыл Ту орденінің ковалері атам автомашина рулінде 40 жыл отырыпты, яғни құрметті еңбек демалысына шықса да еңбектен қол үзбеген. Ауылымыздың құрметті азаматы болған атам 1995 жылы 79 жасында балалары мен немерелерінің қасында дүниеден озады.

 Соғыс басталғалы бірнеше атқыштар полкінде атқыш болған атамның ерлігіне дәлел кеудесіне толтыра таққан орден-медальдары. Қызыл пүліш матаға тізіле тігілген медальдар біздің әулет үшін баға жетпес тарихи мұра. Мен осындай батыр атаның немересі болғанымды мақтан етемін.

Авторы: Әшімханова Ләззат Амантайқызы