Хабар телеарнасы

Әбдібеков Қабылда Әбдібекұлы (1919-1966 жж.)

Әбдібеков Қабылда Әбдібекұлы (1919-1966 жж.)

Мен бүгін атамды айтып толғанамын...

Менің атам Әбдібеков Қабылда Әбдібекұлы Қарағанды облысы, Шет ауданына қарасты Ақсу ауылында 1919 жылы орта шаруаның отбасында дүниеге келген. Аудан орталығындағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін, Ақмола қаласындағы ветеринарлық-мал дәрігерлік техникумына оқуға түседі. 1938 жылы веттехник куәлігін алған 19 жастағы атам Қызыл Армия қатарына шақырылады. Отан алдындағы азаматтық борышын абыройлы өтеп, 1941 жылы енді елге қайтамыз деп тұрғанда Екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді. Қолына қару алып, атқыштар полкінің сапында соғысқа кіреді. Кіші сержант Қабылда Әбдібекұлы бөлімше командирі ретінде қарамағындағы жауынгерлерді жауға қарсы бастап, алдыңғы шепте ерлік көрсетеді. Соғыстағы ерліктері үшін менің атам үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен, көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталады. 1945 жылы Германияны тізе бүктіргеннен кейін Кеңес Одағы әскерлерін Жапония шекарасына апарады. Менің атам жауынгерлерімен Жапония шекарасында 1946 жылдың қысына дейін елімізді жапон милитаристерінен қорғауға қатысады. Жауынгерлік ерлігі үшін «За победу над Японией» медалімен марапатталады.

Сөйтіп, менің атам Қабылда Әбдібекұлы жеті жыл әскер қатарында қызмет етіп, 1946 жылы аман-есен отбасына оралады. Елге келгеннен кейін мал дәрігері болып еңбек етеді. Еңбекке бел шеше араласқан атам соғыстан кейінгі тұралап қалған ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын өркендетуге өз үлесін қосады. Қой шаруашылығымен айналысатын колхоздарда мал дәрігері болып қызмет атқарады. 1948 жылы 10-шы ауылда тұратын Әбдешев Бодаубек деген кісінің қызы Ырысбалаға, яғни менің әжеме үйленіп, шаңырақ көтереді. Жеті жыл қырғын соғыстан аман келген атам 1966 жылы ауырып, 47 жасында қайтыс болады. Соңында бір қыз, үш ұлы қалады. Атамның үлкен қызы Зүбайра қазір 71-де, Шет ауданында тұрады. Ұлдары Бақыт, Серғазы, Ерғали да дін аман, немерелерінің ортасында отырған зейнеткерлер.

Авторы: Әйгерім Бақытқызы