Хабар телеарнасы

Ауғанбаев Дөлден Тәтібайұлы (1918-2015 жж.)

Ауғанбаев Дөлден Тәтібайұлы (1918-2015 жж.)

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл! Талай сұрапыл сындардан өтіп, кескілескен шайқастарда ерлікпен де, еңбекпен де жеңіске ұмтылған өр рухты, ер мінезді батырларымыздың армандары орындалған күн!

Ата-бабаларымыздың қанымен, терімен келген жеңіс – ең ұлы жеңіс, қадірлі жеңіс, киелі жеңіс. Осы Жеңіс атты жазуды жарқырата жазуға үлес қосқан жауынгерлердің бірі, менің атам – Дөлден Тәтібайұлы Ауғанбаев.

1918 жылы 10 қазан күні Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Өрел ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Атам 1938 жылы 11 қыркүйекте Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылып, азаматтық борышын өтеп жүрген кезде аяқасты соғыс басталады. Ол кезде атам 22 жастағы жігіт еді. Атам Украинаның Житомир қаласының түбінде орналасқан отрядпен Отанын қорғауға аттанады. Украинаның Омск, Курск, Житомир, Киев, Полтава елді мекендерін жау қолынан азат етіп, Германияның Магдебург, Гамбург қалаларына дейін барып, жеңіс күнін жақындатқан екен.

Атам Оңтүстік Батыс майданда болды. Атамның айтуы бойынша қуаты қатты зеңбіректі екі жауынгер меңгереді екен. Олардың бірі көздеуші де, екіншісі оқтаушы. Онымен 20 км-ден астам қашықтықтағы жабық нысаналар атқыланады. Бір снарядтың салмағы 60 кг-ға жуық. Зеңбірекпен жаудың қаншама күшін тас-талқан еткен екен. Бірде атам қатты жараланып, жау қолына тұтқынға түседі. Қашуға бел буған атамды қайтадан ұстап алып, қатты қинаған екен. Львов қаласының маңында атам екінші рет қашуға бел буады. Қашқан тұтқындарды шетінен ата бастайды. Басына тиген снаряд жарықшағы сол көзді көруден қалдырады. Есінен танып қалған атам оянғанда қаптаған өліктер арасында жатқанын байқайды. Тоғай өсімдіктерін шалшық етіп нілін сорып, аш-жалаңаш жеті күн тентіреп, ақыры Ворошилоградовтың госпиталына жетеді. Сонда ұзақ жатып, ем қабылдайды. Кейін атамның сырқаты сыр беріп, ақыры 80-ші жылдардың аяғында бір көзін алдыртуға тура келеді...

«ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденінің иегері, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған атам соғысты Германияның Магдебург қаласында аяқтады. Туған жері Өрел ауылына 1946 жылы оралады. Жолдасы 1925 жылы 13 наурызда дүниеге келген, «Алтын алқа» иегері әжем Қамила Өмірзаққызы Ұлтарақовамен 1947 жылы шаңырақ көтереді. 68 жыл бір шаңырақтың астында бақытты ғұмыр кешкен атам 12 бала тәрбиелеп, ер жеткізді. Ұрпағынан бүгінде 36 немере, 46 шөбере тарап отыр. 2015 жылдың күзінде 97 жастан асқан атам дүниеден өтеді. Жеңіс атты қуанышты жарқырата жазуға үлес қосқан жауынгер атамды мақтан етіп, басымды иемін.

Тәуелсіз елде бақытты ғұмыр кешіп, бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз үшін, ардагерлерге мың тағзым! Жеңістің туы мәңгі желбіресін! Жеңіс тойы мәңгі жасасын!

Авторы: немересі Қарлығаш Әбділдәқызы Ауғонбаева