Хабар телеарнасы

Әбілқадіров Тоқсанбай (1925-2001 жж.)

Әбілқадіров Тоқсанбай (1925-2001 жж.)

Аты-жөні: Әбілқадіров Тоқсанбай

Туған жылы: 1925 жыл 1 қазан

Туған жері: Көкшетау облысы, Көкшетау ауданы, Баратай ауылы

Білімі: 5 класс

Оқу орны: Қотыркөл ауылшаруашылық мектебі

Мамандығы: малдәрігерлік фельдшер (1952-1953 жж.)

Ұлы Отан соғысы қатарында: 1943 жыл 1 қаңтар - 1948 жыл 13 қаңтар

Майдандағы әскери орны: 579-атқыштар полкы (стрелок)

09.08.1945 ж. - 03.09.1945 ж. – 579-атқыштар полкінің қатарында Жапон соғысына қатысты.

194 5ж. - 1948 ж. – Мәскеу қаласында І гвардиялық атқыштар полкы қатарында әскери парадтарға қатысқан.

Елге оралған жылы: 03.03.1948 жыл

Әскери жетістіктері:

  1. Медаль "Ерен ерлігі үшін" ("За отвагу") № 3142587, 26.2.1944 ж.
  2. Медаль "Германия елін жеңгені үшін" (За победу над германией) 30.09.1945ж.
  3. Медаль "Жапон елін жеңгені үшін" ("За победу над японией") №297175, 6.05.1946ж.
  4. Орден "ІІ дәрежелі ұлы отан соғысының ардагері" № 5395778, 11.03.1985ж.
  5. Медаль "Ұлы Отан соғысына 20 жыл" №4661998, 15.03.1968ж.
  6. Медаль "Ұлы Отан соғысына - 25 жыл"
  7. Медаль "Ұлы Отан соғысына - 40 жыл" 08.05.1985ж.
  8. Медаль "Кеңес Одағының әскери қарулы күшіне 70 жыл" 28.07.1988ж.
  9. Медаль "Ұлы Отан соғысына - 50 жыл" №0957953, 21.03.1995ж.
  10. Медаль "Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков медалі " 30.01.1997ж.
  11. Орден "Ұлы Отан соғысының ардагері"
  12. Ұлы Отан соғысының 55 жылдығына орай, 08.10.1999ж.

Еңбек майданында: ветеринарлық санитар, зоотехник, мал дәрігерлік бригадирі, мал дәрігері, веттехник, қырман басқарушысы.

Зейнеткерлік демалыс: 28.11.1981 жыл

Дүниеден озған жылы: 26.08.2001 жыл

Авторы: Бегалина Райхан

«Сүйінші, халқым, сүйінші!

Сүйіншіге сүйінші!

Шаттан ата-анамыз, Шаттан аға-бабамыз,

Кек қайтарып фашистен,

Соғыс бітті жеңіспен.

жеңдік жауды күресте,

Жасалсын той-мереке», – деп Тайыр Жароков ақынымыз жырлағандай Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл өтіпті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алдыңғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткенардагерлер тойлайды. Тірі болса бұл тойды Ұлы Отан соғысының ардагері болған менің атам да қарсы алар еді.

Амал не, ажалға кім қарсы тұра алған. Ұлы Жеңістің осы тойын көзбен көрмесе де, аты аталып, мені де ескерер ұрпағым бар екен деп, жатқан жерінде аруағы бір аунап түссін деп, қолыма қалам алып "Сен мәңгілік Ұлы Отан майдангер ардагері ретінде олармен бір саптасың",- деп немерелік борышымды өтегім келді.

Атам Әбілқадірұлы Тоқсанбай бұрынғы Көкшетау облысы, Көкшетау ауданы, Баратай ауылында 1925 жылы 10 қазан айында дүниеге келген. Жастайынан әкесі қайтып, анасын әмеңгерлік салтпен бір шалға қосақтайды да, атам інісі Серікбаймен туған-туысқандарының қолында қалады. Жұбайынан ажал айырған, балаларынан тірідей айырылған қайран ана жүрегі ауыр қасіретті көтере алмай, бір жылдан соң көз жұмады. Жетімдіктің ащы дәмін тата жүріп, 5 кластық білім алған атам 1943 жылдың 1 қаңтар айында 18 жасында Көкшетау аудандық әскери комиссариатына әскерге шақырылып, соғысқа аттанады.

Сол жылы 18 ақпан айында Отан алдындағы борышын адал өтеу үшін әскери антын тапсырғаннан кейін 579-шы атқыштар полкында қатардағы жауынгер ретінде жау басқыншыларынан елімізді азат ету қан майдданына араласып та кетеді. 1944 жылы 26 ақпан айында ерліктерімен көзге түсіп "За отвагу" (Ерен ерлігі үшін) медалімен марапатталады. 1945 жылдың 9 тамыз айынан 3 қыркүйекке дейін 579-шы атқыштар полкының қатарында жүріп, Жапон елінің империалистеріне қарсы соғысқа қатысып, Жапон елін жеңгені үшін медалімен марапатталады. Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер заманының ақыры да жеткен кезде, атам 1946 жылы "Германия елін жеңгені үшін" медалімен марапатталады.

Ежелден ер тілегі-ел тілегі, Адал ұл ер боп туса - ел тілегі,- дегендей Ұлы Отан соғысы тарихында жеңіс сағатын соқтыруға қазақ жауынгерлерінің қосқан үлесі де телегей - теңіз екені тарихтан белгілі. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне менің атам да ерге лайықты үлесін қосқанын мен мақтаныш етемін. Соғыс әділетсіздік, жауыздық, қанішерлікке бастайды ғой. Ол сонысымен лағынетті. Қарапайым халыққа қасірет туғызған, қарғыс арқалаған соғыс ешқашан жеңбек емес. Ол жеңіс біздің ата-әжелеріміз, аға-апаларымыздың ерен ерлігінің арқасында келді. Ардагер аталарымыз бен әжелеріміздің омырауына таққан медальдары өжеттік пен ерліктері үшін берілген еді. Ерлік пен өжеттікке бару кездейсоқтық емес. Отаны мен артында қалған елінің алдында жауынгерлік борышты өтеуде болаттай берік тәртіпке бойұсыну еді. Осындай ел алдына қауіп төнгенде ар-намысын таптатпай, «Еңку-еңку жер шалмай, ерлердің ісі бетер ме», - деп жауынгер ақын Махамбет жырлағандай қиындыққа мойымай төзіп, үлкен сыннан қайыспай шыңдалып шыққан атамның басынан өткен бейнеттерін мен көкірегімді кере дем алып, аузымды толтырып мақтанышпен айта аламын.

Соғыс аяқталысымен жауынгерлер сағынышпен елімен, жерімен, жарымен, туған-туысқандарымен қауышып жатқанда, атам Мәскеуде Қызыл алаңда әскери парадтарға қатысып, 1948 жылы 13 қаңтар айында ғана туған еліне оралады. Елге аман-есен оралған соң өз ауылының тумасы Фазылқызы Задаға үйленіп, отбасын құрайды.1952-1953 жылдар аралығында қотыркөл ауыл шаруашылық мектебінің 1 жылдық оқуын бітіріп, кіші малдәрігерлік фельдшер мамандығының иесі болады. елдегі бейбіт өмір заманында да жанына тиыштық болмаған атам, енді еңбектің қызу майданына араласады. 1957-1961 жылдар аралығында баратай ауылында ветеринарлық санитар болып жұмыс істейді де, кейін зоотехник, мал шаруашылық бөлімшесінің ветеринарыболып қызметтер атқарады. Күз уақыты жетіп, астық жинар шаруашылықтың қауырт кездерінде қырман басқарушысыміндеттерін де атқарған. Осындай ерен еңбек пен маңдай терінің арқасында 1981 жылы құрметті зейнеткерлік демалысына шықты.

Туғанынан ешкімге жамандық ойламаған, тек қана жақсылықты жанына серік еткен атам 2001 жылы 75 жасқа толғанда бұл дүниеден бақилыққа озды.

Қазіргі таңда ардагерлер саны азайып, саусақпен санарлықтай қалды. Өткен тарихымызды келешек ұрпақтың санасына сіңіре білсек, «Өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас атады» дегеннің кебін кимеспіз деген ойдамын. Бейбіт өмірде азат өмір сүрсін деген ата-бабаларымыздың ариан-тілегі орындалды.ендеше ардагерлерімізге «Аман-сау жүрші, қарттарым» дегім келеді.

Авторы: Қабдыл Шыңғысхан Мырзағалиұлы