Хабар телеарнасы

Мадимов Нұралы

Мадимов Нұралы

1942 жылы менің үлкен бауырым, яғни Мәдім әкемнің тұңғыш баласы Нұралы Мадимов 17 жасында өз еркімен майданға аттанады. Ол Украина майданында соғысып, талай жауынгерлермен бірге жау қолына тұтқынға түседі. Тұтқында адам сенгісіз азап көріп, жолдасымен бірге жас болғаннан кейін ебін тауып, қашып шығады да өз әскеріміздің қатарына қосылады. «Фашистердің тұтқынынан қалай қашып шыққан?», – деп қайран қалып ойлайтын шығарсыздар. Бірде тұтқындарды көпір үстімен әкетіп бара жатқанда Нұралы сырғып, көпірдің астына түседі. Неміс солдаты мылтығын кезеніп атпақшы болғанда, жас жігіт арықтағы сумен ағып келе жатқан бір бөлке нанды көріп, «нан үшін түстім» дегендей ыммен көрсетеді. Ол нанды тұтқындардың бәрі бөлісіп жеп, талшық етеді. Екінші жолы, тоз-тозы шыққан «тірі әруақтарға» айналған тұтқындарды көпір үстімен айдап келе жатқанда, Нұралы жолдасымен бірге көпірдің тесігінен көпір астына сырғып түседі де, тығылып жатып қалады. Осы жолы құтылып кеткен екен. (Бұл деректерді ағаның өз аузынан естіген едім). Ағамыз соғыстың аяғына дейін жаумен шайқасады. Майданда көрсеткен ерліктері үшін медальдармен марапатталады.

1946 жылы елге оралады. Қызылорда қаласында Гидромелиоративтік тахникумын бітіріп, зейнетке шыққанға дейін «Ақсу Су шаруашылығында» талмай еңбек етеді. 1970 жылы еңбек үздігі ретінде Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысады. 2004 жылы бақилық өмірге аттанады.

Авторы: қарындасы Бақыт Мәдімқызы