Хабар телеарнасы

Жидебаев Бәкей

Жидебаев Бәкей

1942 жылдың сәуір айында Алматы облысы, Ақсу ауданы, Абакумовка (қазіргі И.Жансүгіров атындағы ауыл) ауылының тұрғыны болған 32 жасар Бәкей Жидебаев атам әскер қатарына шақырылған. Әскери комиссариат оны алғашында Аягөз қаласындағы атқыштар дайындайтын курсына жіберген. Осы курсты ойдағыдай бітіреді. Соғысқа дейін, мектепте мұғалім, директор қызметін атқарған сауатты азамат болғандықтан, полктың саяси жетекшісі болып тағайындалады. Одан кейін командирлік өнерді меңгеретін мектепте оқып, танк ротасының командирі лауазымында майданға аттанады. Атамыз басшылық еткен танк ротасы, 1944 жылдың күз айында Польша елінің Познань қаласына дейін жетеді.

Осы кезеңде жазған хаттарында: «Жауды қуып, Польша еліне дейін жеттік. Дегенмен жаудың күші әлсіреп, беті қайтайын деді. Амандық болса, елге ораламыз. Аман болыңдар, елдегілерге дұғай сәлем!».

Енді бір хатында: «1945 жылдың 6 ақпан күні, шайқас қызу жүріп жатқан шақта біздің танкілерді жау ұшақтары бомбалап, танкіміз отқа оранды. Алдымен қасымдағы жолдастарымды құтқарып, өзім де аман қалдым. Қасымдағы жауынгерлермен бірге Польша елінің Сура қаласының госпиталінде емделіп шықтық»,– деп жазған.

Майданда жүрген кезінде Коммунистік партия қатарына қабылданған екен. Бұл мәліметтерді апамыздың сандығының түбінде сақталып, сарғайып қалған үшбұрышты хаттардан оқып білдік. Атамыздың өзі соғыс туралы айтпаушы еді.

Соғыста көрсеткен ерліктері үшін орден, медальдармен марапатталған. 1945 жылы майданнан аман оралғаннан кейін қызу еңбекке кіріскен. Ол кісінің елге сіңірген еңбектері бағаланып, Ленин, «Еңбек Қызыл ту» ордендерімен, он шақты медальмен, көптеген Құрмет грамотасымен марапатталған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Қазақстан Компартиясы  IХ съезінің делегаты, БХШЖ көрмесінің қола медалінің иегері. 1986 жылдың мамыр айының оны күні өмірден озды. Аудан орталығының бір көшесіне есімі берілген.

Авторы: келіні Бақыт Мәдімқызы