Хабар телеарнасы

Оразбаев Сатыбалды (1923-2002 жж.)

Оразбаев Сатыбалды (1923-2002 жж.)

Оразбаев Сатыбалды 1923 жылы қараша айының 7 жұлдызында Талдықорған облысы, бұрынғы Октябрь (Панфилов ауданы), Еңбекші ауылында дүниеге келді. 1941 жылы соғысқа аттанған, 4 Украин майданы, Курск шайқасқа, Польша, Чехословакия жеріндегі ұрыстарға қатысты. Ерен ерлігі үшін алған алғашқы марапаты «Ерлігі үшін» мадалімен марапатталды. Осы майдан даласында ол бірнеше рет жараланып, екінші топтағы мүгедек болып 1945 жылдың соңына қарай елге оралды. Өзінің айтуы бойынша бұл медаль жауынгерлер ортасындағы ең бір қадірлі де жоғары белгі саналатын. Бұдан кейінгі Ерлігінің белгісі «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан Соғысы» ордендерімен бағаланған.

1945 жылы КПСС мүшелігіне қабылданды. Соғыстан қайтқан майдангер туған ауылындағы Еңбекші орта мектебінде алғашқы әскери дайындық бойынша оқытушы, кейіннен Еңбекші ауылында басшы қызметін атқара жүріп, 1955 жылы Талғардағы ауыл шаруашылық техникумын бітірді.

1960 жылы Колхоздарды ірілендіру шарасы кезеңінде құрылған «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы колхоздың Сарыбел бөлімшесінде товарлы сүт фермасын басқарып, өзге де түрлі шаруашылық қызметтер атқарды. Зейнетке шыққанға дейін Панфилов ауданы мәдениет бөлімінде қызмет атқарды. Жоғарыда аталған медаль ордендерімен қатар ол «1941-1945 жж. Ұлы жеңістің 20», «1941-1945 жж. Ұлы жеңістің 30 жылдығы», «1941-1945 жж. Ұлы жеңістің 40 жылдығы», «1941-1945 жж. Ұлы жеңістің 50 жылдығы», «КСРО Қарулы күштерінің 60 жылдығы», «Кеңес одағының маршаллы Г.К. Жуков» медальдарымен марапатталса, 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 55 жыл Құрметіне «1941-1945жж. Соғыс ардагері» белгісінің иегері. 1980 жылы 21 қаңтарда ұзақ жылдар бойғы ерен еңбегі үшін майдангерге КСРО Жоғарғы Кеңесі атынан Талдықорған облыстық халық депутаттарының 1980 жылы 20 қаңтардағы шешімімен «Еңбек ардагері» медалі тапсырылды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ол президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың атынан бірнеше рет құттықтау марапат хаттарын алды. Ұзақ науқастан кейін 2002 жылы 29 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеден өтті.

Авторы: Сатыбалдиева Мастура