Хабар телеарнасы

Қасымбек Әжібекұлы (1922-2003 жж.)

Қасымбек Әжібекұлы (1922-2003 жж.)

Біздің әкеміз Әжібекұлы Қасымбек 1922 жылы Созақ ауданы Ынтымақ ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылдық жылдарына тұспа тұс келіп, 8 жасар інісі Досымбек екеуі тұзақ құрып, аң аулап аман қалыпты. Буыны қатпаған өзіндей балалармен бірге колхоз жұмыстарына жегіле жүріп, ержеткен. 1941 жылы Түркістандағы педучилищеге түскен. Сол жылы сұм соғыс басталып, інісі Досымбек (17 жаста, 2 жас үлкейтіп жаздырған) екеуі бір күнде соғысқа аттаныпты. Әкем жерлесі Талпақов Әбілда деген кісімен жаяу әскерге алынып, інісі Досымбектен бөлініп, көз жазып қалыпты.

Әкеміз соғыс туралы айтуға құлықсыз еді, әсіресе өз ерліктері туралы мүлдем айтпайтын. Біз: «Папа соғыс туралы айтып беріңізші», – дегенде: «Атың өшкірді қайтесіңдер, аты өшсін айтпаңдар», – дейтін. Сондықтан аз ғана мағлұмат.

Әкем Украин майданында соғысқан. 1942-43 жж. Тамбов офицерлер дайындау мектебінен өтіп, кіші лейтенант дәрежесінде майданға қайта жіберіледі. Атты әскерде, әуе қарулы күштерінде командир қызметтерін атқарады. Польшаны азат етуге қатысады. Әкеміз тебірене айтатын мына бір тарих есімізде мәңгі сақталған.. Жан алысып жан беріскен кезекті соғыста оқ тиіп, жараланған әкеміз жүруге жарамай, қансырап жатқанында жерлесі Талпақов Әбілда әкемізді украин орманында 18 түн (күндіз немістерден жасырынып) арқалап Украин деревнясына жеткізіпті, ол уақытта деревня немістер қолында екен. Сол деревнядағы украин шал мен кемпірге әкемді тапсырып, Әбілда өз майдандастарын тауып қосылып, соғысқа кіріпті. Әкемізді украин шал мен кемпір, онсыз да аз тамақтарынан бөлісіп, жарасын емдеп, әл жинауына барын салғанын айтқанда, әкемнің дауысы дірілдеп, көзіне жас алатын. Сол уақыттағы көзсіз ерлігі үшін әкемнің майдандасы әрі жерлесі Талпақов Әбілданың рухына және украин халқына біздер тағзым етеміз!!! 21 күн дегенде жарасы жазылып, жүруге жарағанда әкеміз өз майдандастарын тауып қосылып, жеңісті күндерді жақындатуға барын сала соғысқан. Соғыс біткен соң 1945-47 жылдар аралығында әкеміз Германиядағы Кеңес Одағы елшілігінде қызмет атқарады. Әкеміз елде қалған мүгедек шешесі мен 10жастағы қарындасының қараусыз қалуына байланысты елге қайтаруды сұрап, қайта-қайта өтініш жаза жүріп, 1947 жылы елге оралады. Одан кейінгі барлық саналы өмірін еліне қызмет етуге арнайды, 1948-51 жылдары аудандық әскери комиссариатта қызмет атқарады. 1960-62 жж. агроном мамандығын алып, жаңадан құрылған Шу совхозында зейнеттік демалысқа дейін ұзақ уақыт басшылық қызметтер атқарды.

Әкеміз бейбіт заманда да адамшылық туын биік ұстады. Ақша мен атаққа, мақтанпаздыққа ұмтылмауды біздің санамызға сіңірді. Әрқашан достыққа адал, сенімді болуды құлағымызға құйды және бізге өз ісімен үлгі болды. Әкеміздің істері, сөздері бір кітапқа симайды. Қысқартып жазуға тура келеді.

Әкеміз Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігіне өте қатты қуанып, тәуелсіздіктің бағасыз байлық екендігін санамызға құюмен болды. Әкеміздің өз Отанын сүйген перзент екендігінің бір мысалы: 1991ж біз ержетіп, Алматыға келдік. Осындағы туыстарымыз әкемізді Алматы қаласына тіркеуге қойып, Ұлы Отан соғысы ардагері ретінде жер телімін не үй алуымызға болатынын айтып, бізді қуантты. Біз әкемізге «Папа бізге солай үй алып берші» деп өтіндік. Сонда әкеміз бізге: «Қазақстан енді ғана тәуелсіздігін алып, тәй-тәй басқан баладай еңсесін көтеруге талпынып жатқанда, мен етегіне жармаспаймын, қайта сендер ел экономикасына көмектесіп, титтей де болса пайдаларыңды тигізуге тырысыңдар, жарықты өшіріп жүрсеңдер де, соның өзі мемлекетімізге көп пайда», – дейтін, электр қуаты соғыс ардагерлеріне тегін болатын, соны үнемдеуді қатаң қадағалайтын. «Мен соғысқа қатысқаным үшін ешкімнен ештеңе алмаймын. Ел басына күн туғанда Отанын қорғау әрбір ер азаматтың міндеті», - деп кесіп айтты. Өкімет Ұлы Жеңістің 50 жылдық мерекесіне орай Созақ ауданы бойынша тек әкемізге волга көлігін сыйға тартқанда да оны алудан бас тартқанын айтсақ қазір ешкім сенбес. Әкеміз сөзге шешен, қысылғанға қол ұшын өзі ұсынатын жаны жомарт,мәрт әрі үлкен кішіге бірдей елбіреп тұратын ақпейілді әулие кісі болғанын қазір көзі тірі көзкөргендері айтып бізге: «Сондай жақсының ұрпағы жаман болмайсыңдар, сендердің әкелеріңнен жақсылық көрмеген адам Созақ ауданында кемде кем» деп еске алғанда, біздің кеудемізге әкемізге деген сағыныш симай, жүрегіміз сыздайды!

Алланың қалауымен інісі Досымбек те 12 мүшесі сау елге оралып, артында ұрпақтары өсіп өнуде.

Әкеміздің денесіндегі шор болып біткен жараның орындарын, сәби саусақтарымызбен сипап, "папа бұл не?" дейтінбіз, әкеміз сонда да :сендер ондайды көрмеңдер деп әңгімені қысқа қайыратын, өзінің ерліктерін дабырайтпауға тырысатын.Әр жыл сайын 9 мамырда әкемді мектепке шақырып соғыс туралы естеліктер сұрағанымызда, ол өз ерлігін емес, жас жауынгер майдандастарының ерлікпен күрескен естеліктерін айтатын. Олардың достыққа адал, Отан үшін өз өмірлерін аямаған жанпидалықтарын бізге баяндап көзіне жас алатын.

Әкеміз өмірлік серігі Сайлаукүл екеуі 9 ұл-қыз өсіріп, тәрбиеледі. 26 немере 20 шөберелері атасының еңбегі сіңген бейбіт заманда өсіп келеді. Әкеміз 2003 жылы 81 жасында қазіргі Түркістан облысы Берген ауылында дүниеден өтті. Әкеміз Әжібеков Қасымбек пен інісі Әжібеков Досымбектің аты Шымкент қаласында Даңқ мемориалында мәңгілікке жазылғаны артында қалған ұрпақтары үшін үлкен мақтаныш. Әкеміздің өшпес істері мен терең мағыналы сөздерін артында қалған ұрпақтары еске алып құран бағыштап отырамыз! Нұрың пейіште шалқысын әкешім!!!

Марапаттары:

  • «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ардагері» ордені;
  • «1941-45 жж. соғыс ардагері» медалі;
  • «Ерлігі үшін» медалі;
  • «Жеңістің 45 жылдығы медалі» т.б. біз білмейтін орден-медалдары бар.

Авторы: Амангелді Ерсұлтан