Хабар телеарнасы

Мәншәріп Найзабайұлы (1904-1991 жж.)

Мәншәріп Найзабайұлы (1904-1991 жж.)

Сыр бойындағы Жалағаш ауданы, Ақсу ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, Табын (кіші жүздің Жетіруынан) деген рудан тараған, үлкен қара шаңырақтың иесі Найзабайұлы Мәншәріп деген атамыз дүниеден өтті. Атамыздың тәрбиесін көріп өскен бес ұл, бес қызы бар. Алла берген немере, шөбере, шөпшектері бар. Соғыс ардагері Мәншәріптен тараған ұрпақ – бүгінде үлкен әулиет. Ол – Мәншәріповтер әулеті.  

Менің атам Найзабайұлы Мәншәріп 1904 жылы Ақмешіт уезі, Маслов болысы, №25 ауылда қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келді. Әкесі Найзабай сауда-саттық жұмысымен Ташкент – Түркістан қалаларын түйемен аралап жүрген кезінде салқын тигізіп, сол дерттен өмірден озады. 

Атамыз ол кезде 15 жаста болады. Бозбала кезінде әкеден айырылып жетімдіктің кермек дәмін ерте татып, есейді. Жалғыз інісі Шарафадинға бас көз болады.

Ауыл молдасынан дәріс алып, кейін тура оқуды меңгеріп, бес кластық білім алады. Олардың ержету қарсағында Кеңес үкіметі орнап, елді колхоздандыру жұмысы басталады. Жігіт болған Мәншәріп пен Шарафадин  ойланбастан колхозға мүше болып кіреді.

Атам колхоздың жұмысымен айналысса, інісі Шарафадин Комсомол, Красная юрта, Красная ячейка жұмыстарымен айналысады.

1937-1938 жылдардағы Кеңес Өкіметінің солақай саясатының салдарынан інісі Шарафадинге жалған жала жабылып, репрессия құрбаны болады.

Мәншәріп атам көрген қиындығы мен қайғысын ұмыту мақсатында колхоздың жұмысына ерте кетіп, кеш келуді әдетке айналдырады. Сөйтіп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталады. 1942 жылы жұрт қатарлы майданға аттанады.

Мәншәріп Найзабайұлы Курск қаласы №78 атқыштар полкінде майданға араласып, 1943 жылы ауыр жараланып, бір қолын майданға қалдырып, елге оралады.

Наградалары:

  • 1945 жылы «Германияны жеңгені үшін» медалі;
  • 1985 жылы «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені;
  • 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне «Ерен еңбегі үшін» медалі;
  • 1975 «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 30 жыдығы» медалі;
  • 1975 жылы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалі;
  • 1988 жылы «СССР Қарулы Күштерінің 70 жылдығы» медалі;
  • 1988 жылы «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жыдығы» медалі.
  • 1951 жылы Сталин атындағы колхозда ферма меңгерушісі қызметін атқарған.

Осы жылдардан бастап, колхозда егін мен мал шаруашылығы қарқынды дами бастаған. Ұлы отан соғысының ІІ-топтағы мүгедегі - Найзабаев Мәншәріп мал шаруашылығына өзіндік үлесін қосып, алғаш рет жылқы сауып сүтін елге таратуға өзі мұрындық болған. Колхоз орталығынан қымыз сататын ларек ашуды ұйымдастырған. Бұл бастама аудан басшылығы мен халқынан үлкен  қолдау тапқан. Атамыз жылқы бағып 24 жыл жұмыс өтілі болған.

Атамыз жай шаруа болса да, әділдігі мен турашыл мінезімен үлкенге құрмет жасап, кішіге қамқор бола білген қабілетімен ел ақсақалы атанып, абырой биігінен көрінді. Елін сыйлай білді, елі де оған лайықты құрмет, қамқорлық көрсетті.

Соғыс ардагері, еңбек ардагері атанып, бүкіл ғұмырын туған ауылының өркендеуіне арнаған атамыздың ұлдары да аудан басшылығында әлі күнге дейін қызмет етіп келеді. Еңбексүйгіштік, еңбекқорлық атамыздың қанымен сіңген ұрпақ адал қызмет жасап жүр.

Әлі есімде, бала күнімізде демалыс күндері барлығымыз атамыз тұратын үлкен қара шаңыраққа жиналатынбыз. Үйдің алдында бұл үйде "Соғыс ардагері" тұрады деген табличка ілініп тұрды, мен көрген сайын - Менің атам жауынгер! - деп ерекше патриоттық сезімде болатынмын. Үйге кіріп, немерелері кезек-кезек амандасамыз, сонда маңдайымыздан иіскеп, сүйіп «айналайын» деп әрқайсымыздың атымызды атап баладай қуанатын. Ал келіндері болса, бар тәттіні, бар жұмсақты атамызға беріп жататын. Немерелер таласып атамыздың қолына су құятынбыз. Сосын бәріміз мәре-сәре боп дастарханға отыратынбыз.

Біз ол кезде  7-8 жасар бала болсақ та, ұлы майдан даласында соғысқан атамыздың жанарына мақтанышпен қарайтынбыз. Бір қолын сұрапыл соғыста қалдырған атамыз бір қолымен жылқыны бас білдіретін қара күштің иесі еді. Түздің, үйдің, қораның бар шаруасын жасай беретін. Ауылшарушылық саласына барлық ғұмырын арнаған адам. Өмірінің соңғы күніне дейін балаларына «ауызбіршілікте болындар» деп айтып кетті. «Жол жүрсек Мәншәріп ақсақалдың үйіне барып батасын алатынбыз»  дегенді есейе келе көп ағалардың аузынан естідім. 1991 жылдың күзінде атамыз 87 жасында қайтыс болды. Атамыз дүниеден өтсе де, қара шаңырақта қалған, біз үшін «Ақ орда» болып есептелетін үйде Телеш ағамыз тұрады. Ауылға барсақ міндетті түрде сәлем беріп, атамыз бардағы дәстүрді жоғалтпай келеміз.

Дәмеш әжеміз ажарлы келген аққұба жан болатын. Жасында науқастанып қайтыс болды. Жас кезінде науқастанған әкемізді «Екі рет туған Батырбегім» деп айтатын көрінеді. Папам Дәмеш әжемізге ұқсаған.

Аллаға тәуба кешегі жауынгердің ұрпағы бүгінгі таңда әр саладағы білікті мамандар: экономист, дәрігер, заңгер, мемлекеттік кызметкер, журналист т.б. Олардың бәрі атамыз үйреткен бір ғана принцип адал еңбектің жемісін жеу, еңбекқорлық.

Авторы: Гүлмира