Хабар телеарнасы

Шахабаев Мұстафа (1924-1974 жж.)

Шахабаев Мұстафа (1924-1974 жж.)

Мұстафа Шахабаев 1924 жылы дүниеге келген. Сарысу ауданы, Байқадам ауылының тумасы. Ол кісі кедей шаруаның отбасында туып өскен. Әкесі Шахабай 1930 жылдан колхоз мүшесі болған. Майдангер 1934 жылдан бастап білім алған. Ал 1942 жылы қазан айында әскер қатарына алынып, 124-ші атқыштар полкінде пулеметші болып Отан алдындағы борышын атқарған.

Майдангердің немересі болғанымды мақтан етемін. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, атамның ерлігі туралы, оның өмір жолы туралы бала күнімнен Бейсенкүл апамның айтуы бойынша санамда сақталды. Мұстафа үйдің үлкені болғандықтан, әкесі Шахабайға көмек беру мақсатында жұмысқа тұру үшін жасын үлкейтіп төлқұжат жасаған. Еңбек етіп жүрген жылы соғыс басталған. Төлқұжатта кәмелеттік жас көрсетіп тұрғанымен, негізінде атам шамамен 16-17 жаста болған. Ол соғысқа өзінің туысқан ағасымен аттанады. Майданның ортасында жүргенде атама таңдана қараған бір үлкен кісі: «Балам, саған қарасам, сен әлі жап-жассың ғой, сенің ата-анаң бар ма?», – деп әңгімеге тартқан. Атам өз ата-анасының бар екенін айтады. Сонда үлкен кісі: «Балам, сен соғыстан тірі қайтасың», – деген. Атам өзіне қойылған сұраққа таң қалып: «Сіз менің елге аман оралатынымды қайдан білесіз?», – десе: «Сенің үйде тілеуіңді тілеп отырған ата-анаң бар, сен тірі қайтасың. Біздің қайту-қайтпауымыз екіталай, өйткені біздің ата-анамыз жоқ. Ал тілеуі бар тірі оралады», – деген екен. Соғысқа бірге барған туысқан ағасы майданда атамның көзінше жан тапсырған. Украина жерінде, тарихқа сүйенсек те, соғыс Днепр өзенінің бойында болған. Атам су өткелдерінен өтіп бара жатқанда қолына оқ тиіп, сол қолынан айырылған. Өзекті өртейтіні – атамды көре алмағандығым.

Майдангер атам 1943 жылы қараша айында №946 ауруханаға сол қолынан жаралы болып түскен. Ал 1944 жылы маусым айында елге оралған солдат өзі туған колхозында жұмыс істейді. «Колхоз правлениясы мені 1978 жылы күз айында Жамбыл қаласындағы 1 жылдық ауыл шаруашылық мектебіне жіберді. Сол мектепті бітіргеннен кейін Байқадам селосында зоотехник болып 5 жыл жұмыс істедім. 1954 жылдың мамыр айынан бастап отбасылық жағдайыма байланысты Шу Қаракөл совхозына келдім. Бұл совхозда төрт жылдан астам уақыт жұмыс жасадым», – деген майдангер өз өмірбаянында. Соғыстан қайтқан солдат 1958 жылдың қыркүйегінен бастап Ұланбел орта мектебінде есепші болып жұмыс атқарған. Мұстафа Шахабаевтың өзі 1960-1961 оқу жылында Ұланбел орта мектебінде кешкі мектептің 10 класын бітірген. Елге оралғаннан кейін Мұстафа Шахабаев шаңырақ көтеріп, Бейсенкүл апамен 5 ұл, 4 қыз сүйеді. Жарты ғасырдың куәсі болған майдангер 1974 жылы өмірден озған. Бүгінде 9 ұл-қыздан 34 немере және шөберелер аталарының ерлігін ауыздан-ауызға айтып жүр

Батыр атамыздан тараған ұл мен қыз Шахабаевтар әулетінің шамшырағын өшірмей келеді. Атамыздың ұрпақтары мен туған-туыстары оның батырлық пен қайсарлыққа толы ерлік жолын әрқашан мақтан тұтады. Ер есімі ел есінде мәңгі сақталады!

Авторы: немересі  Мустафаев Жанкелді Тұрсымбайұлы